Тұлға
6 мин оқу 50

Бекзат болмыс иесі

<p style="text-align: left;">Қазақтың топырағы киелі ғой, шіркін. Қызылжар өңірінде де талай жақсы мен жайсаң өмірге келді. Есте жүрген есімдердің арасында елдің дамуына, қазақтың ұлт ретінде танылуына өлшеусіз үлес қосқандары қаншама?! Бүгін солардың бірегейі, өнердің шыңы атанған операның дүлділі &ndash; Кеңес одағының, Қазақстанның халық әртісі, Еңбек Ері Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толды. Қазақ елінің мақтанышына айналған өнер майталманы теңдессіз дауысымен ғана емес, биік мәдениетімен, зиялылығымен және сегіз қырлы өнерімен танылған ерекше тұлға еді.</p>

Бекзат болмыс иесі

«Мен жөнінде не өзім, не өзгелер – ең болмаса бір жапырақ кітап жазбаппыз. Міне, енді ештен кеш жақсы дегендей, сол олқылықтың орны тола ма деп отырған жайым бар», деп жазыпты Ермек Серкебаев «Ән – ғұмыр» атты эссе-диалог кітабының алғысөзінде.

Өмір бойы халықтың қошеме­тіне бөленіп, биік атақтар мен марапаттарға ие болса да, ол өз жетістіктерін дабыралап айтуды мақсат етпепті. Оған Алаш зиялыларының бірі, педагог әрі жазушы Бекмұхамед Серкебаевтың отбасында тәр­биеленіп, бойына қанмен сіңген тектілігі де әсер еткен болар.

Бар күш-жігерін өнерге арнап, сахнадағы еңбегін өзінің басты өмірлік миссиясы санады. Алайда Ермек Серкебаевтың ғұмыры мен шығармашылық жолы бір ғана кітапқа емес, тұтас бір зерт­теуге арқау боларлықтай бай мұра екені сөзсіз. Өйткені оның тағ­дыры арқылы қазақ опера өне­рінің қалыптасу және даму кезең­дерін, ұлттық мәдениеттің өркен­деу тарихын, тұтас бір дәуір­дің тыныс-тіршілігін тануға болады.

м

Өзі бір естелігінде: «Театр табалдыры­ғын аттаған күннен бастап, мені керемет шығармашылық топ қарсы алды», – деп жазған болатын. Алдыңғы буын – Күләш Байсейітова, Құрманбек Жан­дар­беков, Ғарифолла Құрман­ға­лиев, Серғали Әбжанов, Әнуар­бек Үмбетбаев сынды саң­лақтармен, кейінірек ағайын­ды Абдуллиндер, Кәукен Кен­же­таев, Шабал Бейсекова, Үрия Тұрдықұлова, Манарбек Ер­жанов, Рахима Мұсабекова, Ан­тони­на Круглыхина, Александр Каза­кевич, Анатолий Овченни­ков, Зи­новий Колтон, Ольга Мол­чанова сияқты өнер қайрат­керлерімен бірге еңбек етті. Театр тарихының даңқты ке­зе­ңін қалыптастырған осындай алып тұл­ға­лар­дың ортасында шың­далған Ерекең аз уақыттың ішінде ұлттық опера өнерінің феноменіне айналды.

Абай атындағы опера және балет театрының сахнасында ол Абай, Ер Тарғын, Алпамыс, Евгений Онегин, Фигаро, Петру­чио, Олег Кошевой, Володя секілді ұлттық және әлемдік классика кейіпкерлерінің образдарын асқан шеберлікпен сомдады. Әрбір партияны орындаған сайын әнші кейіпкердің жан дүниесін ашып, көрерменді өнердің тылсым әлеміне жетелей берді. Сондықтан да оның орындауындағы рөлдер қазақ опера өнерінің алтын қорына енді.

с

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Отыз екі-отыз үш жасымда Қазақ­станның және КСРО-ның Халық әртісі атандым. Бар­лық кезде көрермендерге де, өзіме де бек ұнайтын «Севиль шаш­таразындағы» Фигароның каватинасын өмірімнің қызығы деп білемін. Бірнеше мәрте Мемлекеттік сыйлыққа ие болып, Социалистік Еңбек Ері атануым да еңбегімнің еленіп, мерейімнің артқанына айғақ», деді өнер тарланы.

Бұл сөздер Ермек Серкебаев­тың даңқ пен марапатқа мастан­бағанын, керісінше, өнерді өмірінің басты мұраты санағанын аңғартады. Ол үшін ең үлкен марапат – халықтың ықыласы мен көрерменнің құрметі болды. Сахнаға шыққан сайын тың­дарманын жаңа қырынан таң­ғалдыруға тырысқан әнші әр рөлге үлкен жауапкершілікпен қарады. Сондықтан оның орын­дауындағы әрбір партия өнер­сүйер қауымның жүрегінде сақ­та­лып қалды.

Ермек Серкебаев тек опера сахнасында ғана емес, кино өнерінде де өзін­дік қолтаңбасын қалдырған. Ол жайын­да да өзі айтты. «Жақын досым Шәкен Аймановтың арқасында мен үш му­зыкалық «Біздің сүйікті дәрігер», «Ән шақырады», «Тақия­лы періште» фильмдеріне түс­тім. Осы жанрдағы Ш.Айма­нов шығармалары біздің киносту­дио­ның ең үздік, сәтті шыққан фи­льм­дері саналады. Ол, әрине, Шәкен ағаның өзінің үлкен му­зыкалық қабілетіне бай­ланыс­ты еді. Өкінішке қарай Шәкен Айма­новтан соң бір де бір музы­калық фильм көре алмадым». «Біз­дің сүйікті дәрігер» фильмінде орындаған «Надо мной небо синее» әні оны бүкіл халықтың сүйік­тісіне айналдырды. Табиғи болмысы, актерлік шеберлігі мен әсем дауысы үйлесім тапқан бұл образ көрермен жадында мәңгі сақталды. Фильм экранға шық­қаннан кейін әншіге деген халық ықы­ласы бұрынғыдан да артып, оның есімі өнерсүйер қауым арасында кеңінен танылды.

Ермек Серкебаев жайында жазылған материалдарды оқығанда ұлттық өнерге деген шынайы жанашырлығы мен мәдени мұраға деген жауапкершілігі айқын аңғарылады. Оны тек орындаушы ғана емес, қазақ му­зыкасының өткені мен бүгініне бейжай қарамайтын зиялы тұлға ретінде танисыз. Ерекең үшін классикалық туындылар – өт­кеннің сарқыншағы емес, ұлт руха­ниятының мәңгілік қазынасы болатын.

«Абай» операсының афишасына жазылатыны болмаса, қайран Ахмет Жұбановтың аты да аталмайтын болып­ барады емес пе? Бірнеше бөлімнен тұра­тын «Тәжік билері» насихатталмай­ты­нына таңмын. Ол деген классика ғой. Меніңше, кеңес дәуіріндегі қазақ ком­по­зиторларының ең болмаса лири­калық сарындағы шығармаларын жиі-жиі на­сихат­та­ғаннан ұтпасақ, ұтыл­маймыз», деген болатын Ермек Серкебаев.

Оның алаңдаушылығы да орынды еді. Өйткені өнердің тағдыры оны үздіксіз насихаттап, жаңа ұрпақтың санасына сіңіре білуге байланысты. Егер классикалық шығармалар сахнадан сиреп, эфирден аз естілсе, уақыт өте келе олардың авторлары мен туындылары халық жады­нан көмескілене бастайды. Ал Ахмет Жұба­нов сынды алыптардың еңбегі мұндай ұмыт қалуға лайық емес. Жаңа шығар­машылық ізденістер мен заманауи бағыт­тар қаншалықты маңызды болса, клас­сикалық мұраны сақтау мен­ дә­ріптеу де соншалықты қажет. Осы ұстаныммен өнер майтал­маны Күләш Байсейітова атын­дағы республикалық әнші­лер байқауына ұзақ жылдар бойы қазылық еткен кезде жас таланттардың бағын ашуға атсалысты. Ол байқауға тек төреші емес, қазақ вокал өнерінің бо­лашағына алаңдайтын жанашыр тұлға ретінде қарады. «Білікті, сауатты, әлемнің кез келген түкпірінде өздерін биік деңгейде көрсете алатын кәсіби әншілер қатары толығып келе жатқанына марқайдым, масаттандым, кейбір күдік-күмәндер сейілгендей болды», деген.

Бұл сөздер оның кейінгі буынға деген сенімін, қазақ вокал мектебінің бола­шағына деген зор үмітін аңғартады. Өнер тарланы үшін жас әншілердің жетістігі жеке қуанышпен пара-пар болатын. Өйткені ол ұлттық опера өне­рінің келешегі талантты жастардың қолында екенін жақсы түсінді. Мағжанша жастарға сенім артқан Ерекеңнің есімін келер ұрпақ жадында мәңгіге қалдыру мақсатында Қызылжар өңірі Петропавл қаласындағы өнер колледжі – өнерде дарынды балаларға мамандандырыл­ған мектеп – интернат кешенін Ермек Серкебаевтың есімімен атады. Іргелі білім ордасы өңірдегі өнерлі жастар­дың буынын қатайтып, қанаттандырып жатыр.

Сонымен қатар елімізде Ермек Сер­кебаев есімін ұлықтау және оның бай шығармашылық мұрасын келер ұрпаққа насихаттау мақсатында ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Ұлт мә­дениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан өнер тарланының есімі еліміздің әр өңірінде құрметпен дәріптелуде.

Петропавл қаласында Ермек Сер­ке­баев атын­дағы өнер кол­леджі – өнер­де дарынды бала­ларға мамандан­ды­рыл­ған мектеп-интернат кешені табысты ­жұмыс істеп, жас таланттардың қанат қағуы­на жол ашып келе­ді. Астана қала­сында Ермек Сер­кебаев атындағы №3 бала­лар музыка мектебі көптеген жас өнер­­паз­ға сапалы музыкалық білім беруде. Алматы қаласында даңқты әнші­нің есімі бе­­ріл­ген даңғыл бар. Сон­дай-ақ Ермек Сер­кебаев атындағы мәдениет және өнерді қолдау қоры оның шығармашы­лық мұрасын зерттеу, насихаттау, мәдени ­бастамаларды қолдау ба­ғы­тын­да маңызды жұмыс жүргізіп келеді. Қазақстан Республикасының Ұлт­тық банкі көрнекті опера әншісінің 100 жыл­дық мерейтойына орай естелік монета шығарды.

Баяғыда Ермек Серкебаев бір сұхбатында: «Егер 80-ге келгенде аяқ-қолым сыр бермей, сахнаға шықсам, дәл осы дауысыммен ән салар едім. Өйткені баритон өзгермейді» деген еді. Бұл тілегі орындалды. Өнер иесі­нің үлкен сахнадағы соңғы өнер көрсетуі 2006 жылы Мәскеу кон­серваториясының Үлкен залында өтті. Тектінің тұяғы, асылдың сынығы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ермек Серкебаевтың шығар­машылық мұрасы – халқымыздың баға жетпес рухани қазынасы. Ұлы өнер иесінің ғасырлық мерейтойы – бір тұлғаның мерекесі ғана емес, қазақ мәдениеті мен өнерінің мерейін асыратын маңызды дата. Өйткені Ермек Серкебаевтың есімі халқымен бірге жасайтын, ұлт руханиятының алтын әріппен жазылған асыл мұраларының бірі болып қала береді.

Сәуле МӘЛІКОВА,

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты

Бөлісу:
Бекзат болмыс иесі · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар