Басылым
6 мин оқу 121

Театр «Шырағданы»

<p style="text-align: left;"><strong>Театр тарихы әрдайым архивте немесе мемлекеттік құжаттарда ғана сақталмайды. Кейде ол сахна шымылдығының ар жағында, репетиция залындағы үнсіз еңбекте, ұлт мәдениетінің қалыптасуына өмірін арнаған адамдардың жүрегінде өмір сүреді. Уақыт өткен сайын архив сарғаяды, куәгерлер сирейді. Сондай шақта естелік &ndash; өткеннің үнін бүгінге жеткізетін алтын көпірге айналады.</strong></p>

Театр «Шырағданы»

Театр ардагері, Мәдениет қайраткері, актриса әрі театр музейінің экскурсия жүргізушісі Сапа Қайыржанқызының «Шырағдан» атты кітабы дәл сондай шығармалардың қатарын толықтырды. Айтулы жинақты қолға алған оқырман бір адамның өмірбаянын оқымайды, қазақ мәдениетінің соңғы жарты ғасырдағы жүріп өткен жолымен бірге сапар шегеді. Сахна сыртындағы өмірмен қауышады. Ұлттық өнердің қалай өсіп, қалай қалыптасқанын, оны қандай адамдардың маңдай терімен сақтап қалғанын таниды.

Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры төрінде өткен «Шырағдан» кітабының таныстырылымыруханият пен өнер өкілдерінің басын қосқан мазмұнды мәдени кешке ұласты. Тұсаукесер тізгінін «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері, жинақтың үйлестіруші редакторы Азия Жайлы ұстады. Кітаптың жарық көру тарихы мен автордың шығармашылық жолына тоқталған жүргізуші кештің өн бойында естеліктер мен әдеби ойды сабақтастырып, кездесуге ерекше рухани сипат дарытты. Жаңа кітаптың тұсауын Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов кесіп, аталған еңбекті қазақ мәдениеті мен театр өнерінің бірнеше буынының өмірі мен шығармашылық жолын тоғыстырған құнды рухани мұра ретінде бағалады. Тұсаукесер рәсіміне Қазақстанның халық әртісі Болат Ыбыраев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бақыт Исабекова, Түймехан Атымтаева, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Гүлсина Мирғалиева, театр директоры Ербол Қабылбеков, режиссер Болат Ұзақов, мәдениет саласының ардагерлері Күлия Қожахметова, Рауза Тәжібаева және автордың шығармашылық жолында бірге жүрген әріптестері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Кеш барысында сөз алған өнер қайраткерлері Сапа Қайыржанқызының ұлттық театрдың дамуына қосқан еңбегіне тоқталып, «Шырағдан» кітабының кейінгі ұрпақ үшін тарихи-танымдық маңызына жоғары баға берді.

1

Иә, аталған еңбекті оқи бастаған сәттен-ақ оның қарапайым мемуар емес екенін аңғарасың. Мұнда автор өз өмірінің белестерін тізбектеп шығуды мақсат етпейді. Керісінше, өзі куә болған уақыттың тынысын, бірге еңбек еткен тұлғалардың болмысын, ұлттық өнердің қалыптасу жолын шынайы естеліктер арқылы кестелейді. Сондықтан «Шырағдан» – бір адамның тағдыры ғана емес, қазақ мәдениетінің соңғы жарты ғасырлық даму жолын қамтыған рухани шежіре.

Кітаптың атауының өзі терең астарға ие. Қазақ танымында шырағдан – жарықтың, жылудың, үміттің нышаны. Ол қараңғылықты сейілтіп қана қоймай, бағыт сілтейді. Автордың ғұмыр жолы да осы ұғыммен сабақтас. Өнер жолындағы адал еңбегімен, мәдениетке деген жанашырлығымен, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі табандылығымен ол талай ортаға сәуле шашқан жан. Осы ойды ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай кітапқа арнаған «Жан жарығы» атты өлеңінде ерекше әсермен өрбітеді:

«Туғасын Бала бақсы бұлағында,

Ғұмырың бастап кетті бір ағынға.

Содан да қасиетті «Шырағданың»,

Содан да жарық шығар шырағың да...».

Бұл – кітаптың көркем прологы ғана емес, автордың бүкіл өмірлік мұратын айқындайтын поэтикалық кілт іспетті.

Кітапқа алғысөз жазған мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрзатай Жолдасбеков те еңбектің мазмұнына ерекше тоқталып, оның құндылығын дәл таныған.

«Шыны керек, алдымен әр кітапқа сырт көзбен қарайсың. Бірақ мына еңбекпен таныса келе, жай бір өмірбаян емес, тұтас бір дәуірдің, тұтас бір ортаның рухы жатқанын сезіндім... Сапа – мен алғаш Президенттік мәдени орталыққа барған кезде көзіме бірден түскен қызметкерлердің бірі. Оның бойында екі қасиет айқын еді: бірі – шындықты жасырмай айтатын мінезі, екіншісі – істі соңына дейін жеткізетін тиянақтылығы», – деп жазады ол.

Бұл пікір кітаптың мазмұнын дәл сипаттайды. Өйткені шығарма жеке естеліктер жиынтығынан әлдеқайда кең ұғымды қамтиды. «Шырағданның» басты ерекшелігі – композициялық құрылымында. Бұл – өмірбаянды хронологиялық баяндаумен шектелетін дәстүрлі мемуар емес. Кітап төрт бөлімнен тұрады және әр бөлім бір-бірін толықтыра отырып, тұтас көркем панорама жасайды.

Алғашқы бөлімде автордың туған жері, өнерге жақын әулеті, балалық шағы, Жаңаарқадағы өмірі, мектеп пен интернат жылдары, консерваторияға ұмтылысы, «Жаңаарқа» ансамбліндегі алғашқы қадамдары, театр студиясындағы ізденістері баяндалады. Аталған тарауда адамның қалыптасу жолы ғана емес, қазақ ауылының өткен ғасырдың екінші жартысындағы тыныс-тіршілігі, ұлттық тәрбиенің қайнар көздері шынайы суреттеледі. Әсіресе, атақты Балуан Шолақ, аңызға айналған Ғалия, әнші Шабал Бейсекова сияқты өнер тұлғаларымен сабақтасатын әулеттік тарих кітаптың мазмұнын байыта түседі.

Екінші бөлім – кітаптың театртанушылық тұрғыдан ең салмақты бөлігі. Автор Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрындағы алғашқы еңбек жолын, гастрольдік сапарларды, шығармашылық ізденістерді тебіреніспен еске алады. Мұндағы әрбір оқиға қазақ театрының даму кезеңдерінен сыр шертеді. Әсіресе, тәуелсіздіктің қарсаңында Целиноградта қазақ театрының шаңырағын көтеру жолындағы жанкешті еңбек туралы естеліктердің тарихи салмағы айрықша. Ол кезде бүгінгі елорда әлі ұлттық мәдениеттің орталығы емес еді. Осындай ортада қазақ театрының негізін қалау, ұлттық өнердің шырағын жағу – шығармашылық қана емес, азаматтық ерлік болатын. Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың алғашқы қадамдары, алғашқы қойылымдары, ұжымның қалыптасуы автордың көзімен баяндалғандықтан, бұл тараулар ресми тарихтан гөрі өмірдің өз шындығына жақын.

3

Кітаптың ең құнды тұсы – сахна саңлақтары туралы естеліктер. Жақып Омаров, Сейітжан Тәжібаев, Сансызбай Бекболатов, Рамазан Баймағанбетов, Рымкеш Омарханова туралы толғаныстар қазақ театр өнерінің көркемдік лабораториясын ашып береді. Автор олардың шығармашылық қолтаңбасын ғана емес, адамдық болмысын, репетиция үстіндегі талапшылдығын, өнерге адалдығын әсерлі детальдармен бейнелейді. Мұндай естеліктер театртану ғылымы үшін баға жетпес дерек. Өйткені спектакль сахнадан түседі, декорация өзгереді, ал шығармашылық үдерістің ішкі табиғаты осындай жазбалар арқылы ғана келер ұрпаққа жетеді.

Кітаптың тағы бір маңызды қыры – ұлттық мәдениеттің қайта жаңғыру кезеңін бейнелеуі. Автор мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековпен бірге Наурыз мейрамын қайта жаңғыртуға қатысты тарихи оқиғаларды, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы мәдени саясаттың қалыптасу үдерісін нақты деректермен баяндайды. Бұл кітаптың тарихи-танымдық құнын арттыра түседі.

Үшінші бөлім – құрылымы жағынан ерекше. Мұнда автор өзі туралы сөз қозғамайды. Керісінше, оның тұлғасын замандастары сөйлетеді. Қазақстанның халық әртістері Кеңес Жұмабеков, Болат Ыбыраев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бақыт Исабекова, Күлия Қожахметова бастаған Алма Бекболатова, Рауза Тәжібаева, Тілеукеш Жаубасов, Қанат Сапарбай, Жанқалдыбек Төленбаев және өзге де өнер қайраткерлері Сапа Қайыржанқызының азаматтық тұлғасы мен мәдениетке сіңірген еңбегі туралы жүрекжарды пікірлерін білдіреді.

Төртінші бөлім – «Жүрек сөзі». Мұнда театр музейіндегі күнделіктер, сағынышқа толы эсселер, өмірден түйген ойлар, арнау өлеңдер топтастырылған. Егер кітап Ғалым Жайлыбайдың «Жан жарығы» атты өлеңімен басталса, соңында автордың өз жүрек үнімен аяқталады. Осылайша шығарма поэзия мен прозаны табиғи сабақтастырып, көркемдік тұтастыққа ие болған.

«Шырағданның» ең үлкен ерекшелігі – онда жасандылық жоқ. Автор оқырманын таңғалдыру үшін оқиғаларды әсірелемейді, кейіпкерлерін қолдан биіктетпейді. Өмір қандай болса, сол қалпында сөйлейді. Сол шынайылық шығарманың көркемдік қуатын арттырып тұр.

Бүгінде мәдениет тарихын құжатпен ғана емес, адам тағдыры арқылы тануға ұмтылыс күшейіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда «Шырағдан» – өткеннің көмескі тартқан суреттерін қайта жаңғыртып, ұлттық өнердің жанды бейнесін көз алдыңа әкелетін еңбек. Бұл кітапта сахнаның жарығы ғана емес, сол жарықты сөндірмей алып жүрген жандардың тағдыры бар. Сондықтан «Шырағдан» – өткенге тағзым ғана емес, келешекке қалдырылған рухани аманат. Уақыт өткен сайын оның тарихи да, әдеби де, мәдени де құны арта түсері сөзсіз.

Бөлісу:
Театр «Шырағданы» · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар