Болашаққа деген сенімі бекем
<p style="text-align: left;">«DATAmetrics» компаниясы жүргізген халықтың әлеуметтік көңіл күйін сипаттайтын әлеуметтанулық зерттеу аясындағы сауалнама қорытындысы отандастарымыздың өмір сапасын оң бағалайтынын көрсетті.</p>
Бұл мәліметтер Президент жанындағы ҚСЗИ тапсырысы бойынша биылғы 13 маусым мен 2 шілде аралығында жүргізілген әлеуметтанулық зерттеу аясында анықталды. Бетпе-бет сұхбат (face-to-face) әдісімен жүргізілген сауалнамаға еліміздің барлық өңірінен, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 8000 тұрғын қатысты.
Халықтың әлеуметтік көңіл күйі адамдардың өз өміріне, материалдық жағдайына және болашаққа деген сенім деңгейіне қандай баға беретіні арқылы анықталады. Зерттеу нәтижелері осы көрсеткіштердің барлығы бойынша респонденттердің жауаптарында оң көзқарас басым екенін көрсетті.
Айта кетерлігі, ең жоғары көрсеткіш өмірге ризалық деңгейі бойынша тіркелген. Сауалнамаға қатысушылардың 63,3%-ы өз өміріне толық риза екенін жеткізсе, тағы 31,9%-ы көп жағдайда қанағат білдіреді. Осылайша, респонденттердің 95,2%-ы өз өміріне оң баға береді. Ал 3,4%-ы өз өміріне онша риза, 1,1%-ы мүлде риза еместігін ашып айтқан.
Жалпы, өз өміріне берілген оң баға отбасының материалдық жағдайын қабылдау деңгейінен де көрініс табады. Зерттеуге қатысушылардың үштен екісінен көбі (67,6%) отбасыларының материалдық жағдайы кейінгі жылда жақсарғанын айтқан. Оның ішінде 29,8%-ы жағдайы айтарлықтай жақсарғанын, ал 37,8%-ы белгілі бір деңгейде жақсарғанын атап өтіпті.
Респонденттердің 25,5%-ы отбасының материалдық жағдайы өзгермегенін айтса, 6,6%-ы нашарлай түсті деп санайды.
Азаматтардың бүгінгі күнге берген бағасы болашаққа деген үміт деңгейіне әсер етеді. Зерттеу қорытындысында сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі өз отбасының келешегіне сеніммен қарайды. Мысалы, он респонденттің шамамен сегізі (78,6%) бір жылдан кейін бүгінгі күннен жақсырақ өмір сүретініне сенеді. Оның ішінде 45%-ы өз жағдайы айтарлықтай жақсарады деп үміттенсе, тағы 33,6%-ы белгілі бір деңгейде жақсаратынынан үмітті. Сондай-ақ 15,9%-ы өз отбасының тұрмыс деңгейі өзгеріссіз қалады деп есептейді. Ал респондент- тердің 3,4%-ы өз жағдайы нашарлауы мүмкін деп санайтынын айтқан.
