Медицина • 01 Тамыз, 2018

Тараз қаласындағы «Үміт» балалар үйінде бес жас­қа дейінгі жетпіс бүлдіршін тәрбие­ленуде

3326 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қай кезде де қоғамның аз қамтылған тобының жағдайы биліктің назарында болғаны дұрыс. Қазақта «Жетім көрсең, жебей жүр» деген аталы сөз де тегін айтылмаса керек. Еліміздегі жүздеген балалар үйінде мыңдаған жәудіркөздер тәрбиеленіп жатыр. Жарық дүниеге келген сәттен-ақ тағдырдың тауқыметіне тап болған қаракөздердің жайы кімді де болса алаңдатпай қоймайды. Оларға мемлекет тарапынан тиісінше қамқорлық көрсетіліп жатқанымен, ата-ананың аялы алақанына ештеңе де жетпейтіні анық.

Тараз қаласындағы «Үміт» балалар үйінде бес жас­қа дейінгі жетпіс бүлдіршін тәрбие­ленуде

 Бүгінде Тараз қаласындағы «Үміт» балалар үйінде бес жас­қа дейінгі жетпіс бүлдіршін тәрбие­ленуде. Ал осы балалардың жағдайы қалай дейтін болсақ, күмілжіп қалатынымыз анық. Олай дейтініміз, жуырда Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов аталған балалар үйіне тосыннан барғанда бірқатар кемшілік анықталған болатын. Әуелі әкім мекеменің асханасына бас сұғып, мұндағы азық-түлік тағамдарының жетіспеушілігін байқаған еді. Сонда бұл балалар не ішіп, не жеп жүр? Мемлекеттен бөлінген қаражат қайда? Әрине, мекеме басшысынан бастап қыз­меткерлеріне дейін ешқандай мардымды жауап бере алған жоқ. Сонда басшылар келетін болса ғана бәрін жайнатып, қалған уақытта осылай жүре беру керек пе деген ой келеді. Тексеріс кезінде ғана емес, әрдайым талапқа сай қызмет етуге міндетті емес пе? Ал әкімнің келетінін білмей дымы құрыған мекеме басшылығынан не күтуге болады? Демек, балалардың күнделікті күнкөрісі көңілдегідей емес деген сөз.

Тағы бір мысал, Тараз қала­сындағы 170 адамға қызмет көрсетіп отырған №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында сырқаттанған қарттардың ем-домына қажетті дәрі-дәрмектер жетіс­пейді. Бұл ретте мекеме қыз­меткерлерінің абдырап, әуре-сар­саңға түскенінен басқа ештеңе де болған жоқ. Өңір басшысына қариялар инватакси керектігін айтып жатты. Әкім тосыннан келгенде мұндай жайттар Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйінде де анық­талған еді. Аталған балалар үйінің тәрбиеленушілеріне монша керек. Басшы келгенде ғана бас көтеріп, қалған уақытта бұғып отыра беретін мекеме қоғам дамуына қандай үлес қоса алады. Әлеуметтік мекемелерді тосыннан аралаған әкім қоғамның бұл топтары қашанда мейірімге мұқтаж екенін, оларға көрсетілетін қызметтің де мінсіз болу керектігін айтып кетті. Енді жауапты басшылар жайшылықта да талапқа сай жұмыс атқарса жақсы ғой...

 

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы