Аймақтар • 11 Қазан, 2018

Мәді күйшінің рухы асқақтады

901 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуырда Жамбыл облы­сының Сарысу ауданына қарас­ты Игілік ауылында күйші әрі композитор Мәді Шәутіұлы­ның ескерткіші ашылды.

Мәді күйшінің рухы асқақтады

Игі­лік ауылдық клубының алды­нан бой көтерген күйші ескерт­кішінің ашылу салтанатына ауыл тұрғындарымен қатар, бел­гілі күйші, өнер зерттеушісі, «Көкіл» мектебінің директоры Абдулхамит Райымбергенов, ақын, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Маралтай Райымбекұлы, мүсінші Алтай Бейсенов, жазушы, респуб­ликалық «Қазақ әдебиеті» газе­тінің бас редакторы Дәурен Қуат, дәстүрлі әншілер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сәуле Жанпейісова мен Ардақ Иса­таева, күйші, өнертану ғы­лым­дарының кандидаты Ербол Үсенбаев және қобызшы Саян Ақмолда Алматы қаласынан арнайы келіп қатысты. 

Мәдени оқиғаның шымыл­дығы ауыл тұрғыны, ақын Асхат Абзалбековтің Мәді Шәутіұлы рухына арналған арнау өлеңімен ашылды. Бұдан кейін аудан әкімі Балабек Нарбаев, жоба авторлары ақын Маралтай Райымбекұлы және Мәді бейнесін салған Алтай Бейсенов салтанатты жағдайда ескерткіштің лентасын қиды. Салта­натты шарада әуелі сөз алған аудан әкімі Балабек Нарбаев ауыл тұрғындарын мәде­ни оқиғамен құттықтады. Елба­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын мін­дет­терді жүзеге асыру және Сарысу ауданының құрылғанына 90 жыл толған мерейтой аясында ашылып отырған күйші ескерткішінің болашақ ұрпақ үшін тағылымды бастама екенін атап өтті. Ал өз сөзінде ауданның тұңғыш әкімі болған Әбдіманап Көпбергенов Мәді күйші жайында тағылымды естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар ауыл тұрғыны, еңбек ар­дагері Алтын Досжанова күй­ші рухының мәңгі өлмей­тінін, халықтың есінде мәңгі сақта­латынын айтты. Ал күйші Ербол Үсенбаев Мәді күйшінің «Қоңыр» күйін орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Сондай-ақ ауыл тұрғындары да сөз алып, күйші туралы естеліктер өрбітті. 

Бұдан кейін Игілік ауылдық клубында «Көненің көзі дәу- л­ес­кер – Мәді» тақырыбында республикалық ғылыми конфе­ренция өтті. Аталған конфе­рен­цияны Маралтай Райым­бекұлы ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің өлеңін оқып ашып, Мәді күйші туралы тағылымды әңгімелер айтты. Бүгінгі шараға орай құттықтау жолдаған Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің хатын көпшілікке оқып берді. «Күйші, композитор Мәді Шәутіұлы тағдырлы күй өнерінің шебері, Қаратаудың теріскейінде өмірге келген кешегі Ықылас пен Сүгірдің заңды ізбасары. Мәді Шәутіұлы дара қолтаңбасы қалыптасқан композитор ғана емес, ол сонымен қатар өте көне күйлерді жеткізуші құймақұлақ өнер иесі» делінген хатта. Өз кезегінде Маралтай Райымбекұлы бүгінгі шараға орай КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовтің, ға­лым, мемлекет қайраткері Мыр­затай Жолдасбековтің, композитор Ілия Жақановтың, Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның және күйші Жанғали Жүзбаевтың құттықтауларын жеткізді. 

Конференция барысында Маралтай Райымбекұлының құрастыруымен биыл жарық көрген «Мәді» өмірбаяндық кітабының да тұсауы кесілді. Өз сөзінде күйші Абдулхамит Райымбергенов 1983 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген соң, жас маман ретінде фольклор экспедициясы құрамында Жамбыл облысына келгенін, сонда Мәді күйшімен жолығып, бірқатар көне күйлерді өз аузынан жазып алғанын айтты. «Мәді күйші үйге кіріп келгенде қайран қалдым. Сырттан басқа дәуір кіріп келгендей. Не болмаса біз өткен ғасырға өтіп кеткендейміз. Балтабайдың үйін­де отырып, Мәді күйшінің шығармаларын магнитофонға түсірдік. Бұрын-соңды көп орындала бермейтін аңыз күйлердің оншақтысын тартып берді. Көне аңыздарды айтып отырып, күйін іле тартып әкетіп, жалғастырып, аңызын айтып отырды», деп естелік айтты күйші. Күйші Ербол Үсенбаев, әншілер Сәуле Жанпейісова мен Ардақ Исатаева және қо­бызшы Саян Ақмолда Мәді күйші жайын­да сөз қозғап, оның күйшілік мектебіне тоқталып, ауыл аспанын әнге бөлеп, күймен көмкерді. Жазушы Дәурен Қуат Мәді күйшінің тағдырынан тағы­лымды әңгімелер шертті. Кон­ференция барысында аудан әкімі Балабек Нарбаев Алма­тыдан арнайы келген қонақтарды «Сарысу ауданына 90 жыл» мерекелік төс­белгісімен марапат­тады. Соны­мен қатар Мәді Шәутіұлы­ның өмір және өнер жолын қамтыған кітап көпшілікке таратылды. 

Мәді күйші 1909 жылы Игілік ауылында дүниеге келіп, 1995 жылы өмірден өткенге дейін сол ауылда ғұмыр кешкен қайталанбас өнер иесі. Ата-анасынан ерте айырылған ол туы­сы Бегман Боданов деген кісінің отбасында өседі. Домбыраны жеті жасында осы елге аты танымал Қосқұлақ Пірімбет домбырашыдан үйренеді. Алайда 18 жасында шешек ауруынан екі көзі бірдей көрмей қалады. Алайда ол артына өлмес мұра қалдырған күйші әрі композитор ретінде ел есінде. Оның орындауындағы 24 күй ұлт музы­касының асыл қазынасына қосылды. Бүгінде Қазақ радио­сының «Алтын қорында» сақ­таулы тұр. Кезінде Мырза­тай Жолдасбеков, Уәли Бекенов, Абдул­хамит Райымбер­генов сияқты ғалымдар Мәді күйші жайлы еңбектер жазды. Ал осы ескерткіштің бой көтеруіне демеушілік көрсеткен Маралтай Райымбекұлы «Алтайдан бой кө­теріп, Жерорта теңізіне най­­за­сын шайған Ұлы Дала перзент­­терінің қай-қайсысы да әспет­­­теуге, ұлықтауға лайық» деп кон­­фе­ренцияны қорытын­дылады.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше