Блокчейн технологиясы не береді?
– Өмірұзақ, соңғы жылдары көп айтылып жүрген блокчейн технологиялары дегеніміз не? Осы ұғым жайлы түсіндіріп өтсеңіз...
– Блокчейн – интернеттің дамыған жаңа сатысы, яғни интернет 2.0. Біздің осыған дейін қолданып келгеніміз Интернет 1.0 болатын. Ең алғаш 1970-1980 жылдары жұрт интернетті белгілі бір мамандық иелеріне, мәселен бағдарлама жасаушыларға ғана керек дүние деп есептеген-ді. Ол әлемді түгел қамтиды, соңғы тұтынушыға дейін жетеді деген ой болған жоқ. Интернет 1.0-дің негізгі қызметі ақпарат тасымалдау, сақтау еді. Ал блокчейн технологиясының, яғни интернет 2.0-дің қызметі – ақпарат қана емес, құндылықтарды да тасымалдау, сақтау. Ол құндылықтар ретінде маңызды құжаттарды, түрлі валюталарды, патентті, тағы басқаларын жатқызуға болады. Адамзат қазір құндылыққа ие кез келген дүниені ешқандай шекарамен шектемей тасымалдайтын, Жер шарының басқа бір нүктесіне жеткізетін технологияға ие болды. Сол технологияның ресми атауы – блокчейн.
– Демек, блокчейн осыған дейін баршамыз қолданып келген интернеттің заңды жалғасы ғой?
– Дәл солай. Блокчейн қазір адам өмірінің барлық саласын қамтиды. Бізде жүзеге асырылып жатқан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы, жасанды интеллекті, роботтандыру, жаңа технологиялардың барлығы блокчейн технологиясымен тікелей байланысты.
– Бұл жүйенің қандай артықшылығы бар?
– Басты артықшылығы – ашықтық. Байқасаңыз, қазіргі таңда адамдардың, ірі компаниялардың тіпті тұтас мемлекеттердің арасында өзара сенім аз. Неге? Себебі олардың өзара қарым-қатынасында ашықтық аз. Ал блокчейн жүйесін қандай да бір орган немесе мемлекет басқармайды. Ондағы барлық процесс автоматты түрде жүреді, басқару орталықсыздандырылған. Бәрін халықтың өзі басқарады. Қазір кез келген адам, компания немесе мемлекет бір серверде өзінің ақпараттарын сақтайды. Құнды ақпараттар шектеулі серверге жүктеліп, оны арнайы орган басқарады. Блокчейн реестрінің артықшылығы, ол жерге әлем бойынша мыңдаған компьютерлік жүйе қосылған. Ондағы аса құнды ақпарат немесе есепшот ешқашан жоғалып кетпейді. Интернет деген ұғым жоғалып кетпейінше ол да сақталып тұра береді. Блокчейн реестрінде тіркелген ақпаратты немесе есепшотты, сол сияқты басқа да ақпаратты екінші біреу өзгерте алмайды, «қара бухгалтерия», «сұр бухгалтерия» деген ұғымдар оған жат. Қысқасы, ашық әрі сенімді жүйе.
– Бұл жүйені хакерлер бұза ала ма?
– Хакерлік шабуылмен жүйені бұзу теория жүзінде мүмкін, іс жүзінде мүмкін емес. Бұл үшін хакерлердің қолында блокчейн жүйесіндегі құрылғылардың кемінде 51 проценттік қуаты болу керек. Ол мүмкін емес.
– Блокчейн технологиясының басқа елдердегі даму барысы қалай?
– Біріккен Араб Әмірліктері сияқты мемлекеттер құжат айналымын блокчейнге өткізіп жатыр. Оңтүстік Корея, Сингапур, Қытай елдері де түрлі салаға жедел енгізуде. Бұл жаһандық процесс, құжат, қаржы айналымының ашық жүргізілуіне бәрі мүдделі.
Блокчейннің тиімділігіне қатысты бір мысал айтайын. Мәселен, медицина саласын таңдаған адамның оқу процесі, диплом алуы, жұмысқа орналасуы, еңбек өтілі, біліктілігі, жұмысына қатысты барлық ақпарат тиісті реестрде тіркеліп отырады. Сөйтіп оның қаншалықты мықты маман екенін бәрі біледі. Білікті болса, жақсы аты шығады, табысы көбейеді. Біліксіз маман болса, оқуды әзер бітірсе, жұмыста қателессе, оған маман ретінде ешкім сенбейді. Сол себепті, адамдар өз ісінің мықтысы болуға ынталанады. Бұл жеке адамдарға да, ірі компанияларға, мемлекеттерге де қатысты.
Криптовалюталардың дәурені келе ме?
– Криптовалюталар туралы айтып өтсеңіз?
– Криптовалюталар – қолданыстағы ақшаға балама нұсқа ретінде шыққан дүние. Өзіңіз білесіз, мыңдаған жыл бұрын адамдар ақшаның орнына нақты бір құнды заттарды, мысалы, малды, аң терілерін, тағы басқаларын алмастыру арқылы сауда жасаған. Кейін металл ақшалар шықты. Одан соң қағаз ақшалардың дәуірі келді, ақшаның құны алтынмен бекітілді. Өткен ғасырдың екінші жартысында visa картасы, mastercard пайда болды. Яғни технология дами келе адамдар дорба-дорба металл ақша тасымайтын болды, қалталарын қампитып қағаз ақша салып жүру де ыңғайсыздық тудырды, несиелік карточкаға көше бастады, электронды ақшалар шықты. Бұрын сауда-саттық адамдардың тікелей араласуымен жүрсе, енді интернет арқылы сауда жасауға көшті. Ал интернет 2.0-дің дәурені туып, цифрлы экономикаға көшу процесі басталғанда цифрлы форматтағы ақша шықты.
– Криптовалютаның электронды ақшадан айырмашылығы қандай?
– Электронды ақшалар теңгеге, долларға, рубльге, әйтеуір бір валютаға байланған. Ақша аударымын жүзеге асыру үшін 5 минуттан 5 жұмыс күніне дейін уақыт кетеді. Ал қазір жылдамдық өте күшті, жасанды интеллектілер ондай операцияларды секундқа жеткізбей орындайды.
Блокчейн технологиясының ең бірінші тауары – криптовалюталар. Озық технологиялар бар жерде үнемі криптовалюта, биткоин туралы айтылады. Криптовалюта – ертеде қолданылған алтын, күміс ақшаның заманауи түрі. Заман ағымына сай ақшаның да форматы өзгерген, сол ғана.
– Қалай ойлайсыз, криптовалюта қазіргі ақшаны алмастыруы мүмкін бе?
– Жаңа айтып кеткенімдей, озық технологиялар өмірімізге дендеп енген сайын ақша да биткоин сияқты цифрлы форматқа өзгеріп жатыр. Visa card пен mastercard-тың 2025 жылдан бастап карта шығаруды тоқтататыны туралы ресми жарияланды. Олар қазір цифрлы форматқа толық өту бағытында жұмыс істеп жатыр.
Биткоин туралы не білеміз?
– Соңғы жылдары жиі айтылатын, елдің қызығушылығын тудырып жүрген тақырыптардың бірі биткоинге байланысты...
– Әлемде 200-ге тарта мемлекеттің төл валюталары бар. Адамдар оның барлығын емес, тек ең құндыларын, өзіне керегін, жиі қолданатын валюталарды ғана біледі. Мысалы, біздің қазақ теңгені, доллар, еуро, фунт-стерлингті, қырғыздың сомын, Ресейдің рублін біледі дегендей. Сол сияқты криптовалютаның да түрлері өте көп, тек нарыққа шыққандарының өзі 2 мыңға жуықтайды.
– Биткоинді қай елде, кім шығарғаны туралы ақпарат бар ма?
– Оны бір адам шығарды ма, бір топ, әлде мемлекет шығарды ма, әлі күнге белгісіз. Орталықсыздандырылған жүйе болғандықтан, нақты басшысы жоқ. Тоғыз жыл болды, тарихын ешкім аша алмады. Криптовалютаның негізін қалаушы адамның немесе топтың лақап аты – Сатоши Накомото. Жапон тілінен аударғанда Сатоши – анық ойлаушы адам, ойшыл деген мағынаны білдіреді екен.
– Валюталардың банкноттары болатыны сияқты, биткоиннің де өлшемдері бар ма?
– 1 биткоин 100 миллион сатошиден тұрады. Сатоши дегеніміз біздіңше тиын, цент сияқты.
– Биткоиннің қандай артықшылығы бар?
– Блокчейн технологиясы бойынша жасалғандықтан, бұл барынша ашық криптовалюта. Мен қазір Астанадағы танысыма 1 биткоин жіберетін болсам, оны кім, қашан және қайда жіберілгені туралы ақпарат көрінеді. Аты-жөнім көрсетілмегенімен тиісті кодтар жазылып тұрады.
– 1 биткоин – 6300 долларға тең дедіңіз. Яғни қазір сонша доллар немесе сол мөлшердегі теңгені алып барып, криптоматтан биткоин алуға болады ғой?
– Иә, алуға болады. Алматыда «айырбастау пункттері» де бар. Алматыда күн сайын 500 мың теңге мен 1 миллион доллар аралығында сауда жүріп жатыр деп айта аламын.
Қазіргі таңда даму процесі бойынша NYSE қор биржасы Forex валюта нарығынан да жылдам қарқынмен дамып келе жатқан нарық – цифрлы нарық. Бұл жерде цифрлы құндылықтар саудаланады. Цифрлы нарықтағы бір күндік қаржы айналымы 12-15 миллиард доллар. Яғни жылдық көрсеткіш 4 триллион доллардан асып түседі.
– Цифрлы қаржы операцияларында қауіпсіздік жағы ойластырылған ба?
– Криптовалюта жаңадан пайда болған кезде ақпараттың аздығына байланысты алданып қалған адамдар да көп болды. Шетелдерде биткоинге ұқсас криптовалюта шығарып, елдің ақшасын алып тақырға отырғызып кеткендер аз емес. Алаяқтар биткоиннің атағы дүрілдеп тұрғанын пайдаланып, соған ұқсас өздерінің жаңа валютасын сатады. Сондай оқиғалардың алдын алу үшін блокчейн технологиясы, криптовалюталар туралы халыққа үйрете беру керек деп ойлаймын. Гарвардта блокчейн экономисін даярлау ақысы – жылына 40 мың доллар тұрады екен. Бізге де осы бағытта біраз жұмыс істеу керек.
Жалпы, блокчейн, криптовалюта, биткоин тиімділігі жағынан дәлелдеуді, насихаттауды да қажет етпейтін дүниелер. Ол бізге болашақта келетін ұғым болып көрінгенімен, қазір күн сайын өмірімізге еніп жатыр. Бұл болашақ емес, осы шақ. Бізге сәл кешігіп келіп жатыр.
– Криптовалюталармен жұмыс істеу үшін адамдардың білімін айтпағанда, мемлекеттің заңнамалық базасы, азаматтардың құқын қорғау жолдары, тағы басқа да дайындығы болу керек қой.
– Мальта, Жапония, Корея сынды елдерде тиісті заң қабылданған. Ресейде тиісті заң жобасы қолға алыныпты. «Астана» ХҚО осы жұмыспен айналысып жатыр деп естідім. Бұрын-соңды болмаған дүние ғой, бірден бәрі керемет болып кетпейтіні түсінікті, әлемдік технологиялар әлемдік стандартпен енгізілуге тиіс.
– Криптовалюта нарығы күн өткен сайын үлкейіп келеді екен. Біздің халық сол нарыққа қалай араласу керек?
– Біріншіден, біздің халық криптовалюта, биткоин деген ұғымдарды терең түсініп алуы керек. Әйтпесе, алданып қалу оп-оңай. Жоғарыда айтып кеткенімдей, соңғы 1-2 жылда жалған биткоин алып, жер сипап қалған адамдар бар. Мысалы, биткоин сақтайтын жерді, яғни есепшотты «биткоин әмиян» дейміз. «Әмиянды» қандай да бір банктен ашпайсыз, ол есепшотты басқаратын, қауіпсіздігіне жауап беретін жалғыз қожайыны өзіңіз боласыз. Паролін ұмытып қалсаңыз, онда сақталған биткоинді ешкім алып бере алмайды, парольді өзгерте де алмайсыз. Менің таныстарымның арасында сондай жағдайға ұшырап, ондаған биткоинін ала алмай жүрген адамдар бар. Қазір 3 миллионнан астам биткоин қожайынының ұқыпсыздығынан «әмиянның» ішінде босқа жатыр. Халыққа биткоин туралы ақпарат бергеннен кейін «әмиянын» қалай дұрыстап ашу керектігінен бастап үйрету керек. Адамдар криптовалюта алмас бұрын, алдымен қауіпсіздікті үйренуге тиіс.
– Криптовалюталарға қызығушылық, трэйдерлік жұмыс сіз үшін қаншалықты табысты болды?
– Бұл технология бойынша сауда-саттық жасап үлкен бизнес құруға мүмкіндік мол. Мен бірнеше жыл бұрын астымдағы машинамды сатып, бұл бизнесті 2 мың доллармен бастағанмын. Биткоин туралы алғаш естігенімде 400 доллар тұратын, мен сатып алғанша 600 долларға дейін өсіп кетті. Қазір 6 мың доллардың үстінде. Соңғы 1-2 жыл ішінде қаржылай тәуелсіздікке қол жеткіздім деп айта аламын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»