Қоғам • 22 Қазан, 2018

Өмірұзақ Кенжебеков: Блокчейн алыс болашақ емес, осы шақ

1665 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Өмірұзақ Кенжебеков: Блокчейн алыс болашақ емес, осы шақ

Блокчейн технологиясы не береді?

– Өмірұзақ, соңғы жылдары көп айтылып жүрген блок­­чейн технологиялары де­ге­­німіз не? Осы ұғым жайлы тү­сін­діріп өтсеңіз...

– Блокчейн – интернеттің да­мыған жаңа сатысы, яғни ин­тернет 2.0. Біздің осыған дейін қол­данып келгеніміз Интер­нет 1.0 болатын. Ең ал­ғаш 1970-1980 жыл­дары жұрт интернетті белгілі бір мамандық иелеріне, мәселен бағдарлама жасаушыларға ғана керек дү­ние деп есептеген-ді. Ол әлем­ді түгел қамтиды, соңғы тұ­тынушыға дейін жетеді деген ой болған жоқ. Интернет 1.0-дің негізгі қызметі ақпарат тасымалдау, сақтау еді. Ал блокчейн технологиясының, яғни интернет 2.0-дің қыз­меті – ақпарат қана емес, құнды­лықтарды да тасымалдау, сақтау. Ол құндылықтар ретінде маңызды құжаттарды, түрлі валюталарды, патентті, та­ғы басқаларын жатқызуға болады. Адамзат қазір құндылыққа ие кез келген дүниені ешқандай ше­карамен шектемей тасымал­дайтын, Жер шарының басқа бір нүктесіне жеткізетін технология­ға ие болды. Сол технологияның ресми атауы – блокчейн. 

– Демек, блокчейн осыған дейін баршамыз қолданып кел­­ген интернеттің заңды жал­ғасы ғой?

– Дәл солай. Блокчейн қа­зір адам өмірінің барлық саласын қамтиды. Бізде жүзеге асы­рылып жатқан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы, жасанды интеллекті, роботтандыру, жаңа технологиялардың барлығы блокчейн технологиясымен тікелей байланысты. 

– Бұл жүйенің қандай ар­тық­шылығы бар?

– Басты артықшылығы – ашық­тық. Байқасаңыз, қазір­гі таңда адамдардың, ірі ком­пания­лардың тіпті тұтас мемлекет­тердің арасында өзара сенім аз. Неге? Себебі олардың өз­ара қа­рым-қатынасында ашық­тық аз. Ал блокчейн жүйесін қан­дай да бір орган немесе мемлекет бас­қармайды. Онда­ғы барлық процесс автоматты түрде жүреді, басқару орта­лық­сыздандырылған. Бәрін ха­лықтың өзі басқарады. Қазір кез келген адам, компания немесе мемлекет бір серверде өзі­­нің ақпараттарын сақтайды. Құн­ды ақпараттар шектеулі сер­верге жүктеліп, оны арнайы орган басқарады. Блокчейн реестрінің артықшылығы, ол жерге әлем бойынша мыңдаған компьютерлік жүйе қосылған. Ондағы аса құнды ақпарат немесе есепшот ешқашан жоғалып кетпейді. Интернет деген ұғым жоғалып кетпейінше ол да сақталып тұра береді. Блокчейн реестрінде тіркелген ақпаратты немесе есепшотты, сол сияқты басқа да ақпаратты екінші біреу өзгерте алмайды, «қара бухгалтерия», «сұр бухгалтерия» деген ұғым­дар оған жат. Қысқасы, ашық әрі сенімді жүйе. 

– Бұл жүйені хакерлер бұза ала ма?

– Хакерлік шабуылмен жүйе­ні бұзу теория жүзінде мүмкін, іс жүзінде мүмкін емес. Бұл үшін хакерлердің қолында блокчейн жүйесіндегі құрылғылардың кемінде 51 проценттік қуаты болу керек. Ол мүмкін емес.

– Блокчейн технологиясы­ның басқа елдердегі даму барысы қалай?

– Біріккен Араб Әмірліктері сияқты мемлекеттер құжат айналымын блокчейнге өткізіп жа­тыр. Оңтүстік Корея, Синга­пур, Қытай елдері де түрлі салаға жедел енгізуде. Бұл жа­һан­дық процесс, құжат, қар­жы айналымының ашық жүр­гізілуіне бәрі мүдделі.

Блокчейннің тиімділігіне қа­тысты бір мысал айтайын. Мә­­се­лен, медицина саласын таң­даған адамның оқу процесі, дип­лом алуы, жұмысқа орналасуы, ең­­бек өтілі, біліктілігі, жұмысына қа­тысты барлық ақ­парат тиісті реестрде тіркеліп оты­рады. Сөйтіп оның қан­шалықты мықты маман екенін бәрі біледі. Білікті болса, жақсы аты шығады, табысы көбейеді. Біліксіз маман болса, оқуды әзер бітірсе, жұмыста қателессе, оған маман ретінде ешкім сенбейді. Сол себепті, адам­дар өз ісінің мықтысы бо­луға ынталанады. Бұл жеке адам­дарға да, ірі компанияларға, мем­лекеттерге де қатысты. 

К­­рип­товалюта­лар­дың дәурені келе ме?

– Криптовалюталар туралы айтып өтсеңіз?

– Криптовалюталар – қол­да­ныстағы ақшаға балама нұс­қа ретінде шыққан дүние. Өзі­ңіз білесіз, мыңдаған жыл бұ­рын адамдар ақшаның орнына нақты бір құнды заттарды, мы­салы, малды, аң терілерін, тағы басқаларын алмастыру ар­қылы сауда жасаған. Кейін металл ақшалар шықты. Одан соң қағаз ақшалардың дәуірі келді, ақшаның құны алтынмен бекітілді. Өткен ғасырдың екінші жартысында visa картасы, mastercard пайда болды. Яғни технология дами келе адамдар дорба-дорба металл ақша тасымайтын болды, қалталарын қампитып қағаз ақша салып жүру де ыңғай­сыздық тудырды, несиелік кар­точ­каға көше бастады, электронды ақшалар шықты. Бұрын сауда-саттық адамдардың тікелей араласуымен жүрсе, енді интернет арқылы сауда жасауға көшті. Ал интернет 2.0-дің дәурені туып, цифрлы экономикаға көшу процесі басталғанда цифрлы форматтағы ақша шықты.

– Криптовалютаның электронды ақшадан айырмашы­лығы қандай?

– Электронды ақшалар тең­геге, долларға, рубльге, әйтеуір бір валютаға байланған. Ақша аударымын жүзеге асыру үшін 5 минуттан 5 жұмыс күніне дейін уақыт кетеді. Ал қазір жылдамдық өте күшті, жасанды интеллектілер ондай операцияларды секундқа жеткізбей орындайды. 

Блокчейн технологиясының ең бірінші тауары – криптовалюталар. Озық технологиялар бар жерде үнемі криптовалюта, биткоин туралы айтылады. Криптовалюта – ертеде қолданылған алтын, күміс ақшаның заманауи түрі. Заман ағымына сай ақшаның да форматы өзгерген, сол ғана. 

– Қалай ойлайсыз, криптовалюта қазіргі ақшаны алмас­тыруы мүмкін бе? 

– Жаңа айтып кеткенімдей, озық технологиялар өмірімізге дендеп енген сайын ақша да биткоин сияқты цифрлы форматқа өзгеріп жатыр. Visa card пен mastercard-тың 2025 жылдан бас­тап карта шығаруды тоқ­тататыны туралы ресми жария­ланды. Олар қазір цифрлы фор­матқа толық өту бағытында жұмыс істеп жатыр. 

Биткоин туралы не білеміз?

– Соңғы жылдары жиі ай­тылатын, елдің қызығу­шы­­лығын тудырып жүрген та­қырыптардың бірі биткоинге байланысты...

– Әлемде 200-ге тарта мем­лекеттің төл валюталары бар. Адамдар оның барлығын емес, тек ең құндыларын, өзіне керегін, жиі қолданатын валюталарды ғана біледі. Мысалы, біздің қазақ теңгені, доллар, еуро, фунт-стерлингті, қыр­­ғыздың сомын, Ресейдің руб­лін біледі дегендей. Сол сияқты криптовалютаның да түрлері өте көп, тек нарыққа шыққандарының өзі 2 мыңға жуықтайды. 

– Биткоинді қай елде, кім шы­ғарғаны туралы ақпарат бар ма?

– Оны бір адам шығарды ма, бір топ, әлде мемлекет шы­ғарды ма, әлі күнге белгісіз. Ор­та­­лықсыздандырылған жүйе бол­ғандықтан, нақты басшысы жоқ. Тоғыз жыл болды, та­рихын ешкім аша алмады. Криптовалютаның негізін қа­лаушы адамның немесе топтың лақап аты – Сатоши Накомото. Жапон тілінен аудар­ғанда Сатоши – анық ойлаушы адам, ойшыл деген мағынаны білдіреді екен. 

– Валюталардың банкнот­тары болатыны сияқты, бит­коиннің де өлшемдері бар ма?

– 1 биткоин 100 миллион сатошиден тұрады. Сатоши де­геніміз біздіңше тиын, цент сияқты. 

– Биткоиннің қандай ар­тық­­шылығы бар?

– Блокчейн технологиясы бойынша жасалғандықтан, бұл барынша ашық криптовалюта. Мен қазір Астанадағы танысыма 1 биткоин жіберетін болсам, оны кім, қашан және қайда жіберілгені туралы ақпарат көрінеді. Аты-жөнім көрсетілмегенімен тиісті кодтар жазылып тұрады. 

– 1 биткоин – 6300 долларға тең дедіңіз. Яғни қазір сонша доллар немесе сол мөлшердегі тең­гені алып барып, криптоматтан биткоин алуға болады ғой? 

– Иә, алуға болады. Алматыда «айырбастау пункттері» де бар. Алматыда күн сайын 500 мың теңге мен 1 миллион доллар аралығында сауда жүріп жатыр деп айта аламын. 

Қазіргі таңда даму процесі бойынша NYSE қор биржасы Forex валюта нарығынан да жылдам қарқынмен дамып келе жатқан нарық – цифрлы нарық. Бұл жерде цифрлы құндылықтар саудаланады. Цифрлы нарықтағы бір күндік қаржы айналымы 12-15 миллиард доллар. Яғни жылдық көрсеткіш 4 триллион доллардан асып түседі. 

– Цифрлы қаржы операцияларында қауіпсіздік жағы ойластырылған ба?

– Криптовалюта жаңадан пайда болған кезде ақпараттың аздығына байланысты алданып қалған адамдар да көп болды. Шетелдерде биткоинге ұқ­сас криптовалюта шығарып, елдің ақшасын алып тақырға отырғызып кеткендер аз емес. Алаяқтар биткоиннің атағы дүріл­деп тұрғанын пайдаланып, соған ұқсас өздерінің жаңа валютасын сатады. Сондай оқиғалардың алдын алу үшін блокчейн технологиясы, криптовалюталар туралы халыққа үйрете беру керек деп ойлаймын. Гарвардта блокчейн экономисін даярлау ақысы – жылына 40 мың доллар тұрады екен. Бізге де осы бағытта біраз жұмыс істеу керек. 

Жалпы, блокчейн, крип­­­­­­­­­­то­валюта, биткоин тиімділігі жағы­нан дәлелдеуді, насихаттауды да қажет етпейтін дүниелер. Ол біз­ге болашақта келетін ұғым болып көрінгенімен, қазір күн сайын өмірімізге еніп жатыр. Бұл болашақ емес, осы шақ. Бізге сәл кешігіп келіп жатыр.

– Криптовалюталармен жұ­­­мыс істеу үшін адамдардың бі­лі­мін айтпағанда, мемлекет­тің заң­намалық базасы, азамат­тардың құқын қорғау жолдары, тағы бас­қа да дайындығы бо­лу керек қой. 

– Мальта, Жапония, Корея сынды елдерде тиісті заң қабыл­данған. Ресейде тиісті заң жобасы қолға алыныпты. «Астана» ХҚО осы жұмыспен айналысып жатыр деп естідім. Бұрын-соңды болмаған дүние ғой, бірден бәрі керемет болып кетпейтіні түсінікті, әлемдік технологиялар әлемдік стандартпен енгізілуге тиіс. 

– Криптовалюта нарығы күн өткен сайын үлкейіп ке­леді екен. Біздің халық сол на­рық­қа қалай араласу керек?

– Біріншіден, біздің халық криптовалюта, биткоин деген ұғымдарды терең түсініп алуы керек. Әйтпесе, алданып қа­лу оп-оңай. Жоғарыда айтып кеткенімдей, соңғы 1-2 жыл­да жалған биткоин алып, жер сипап қалған адамдар бар. Мысалы, биткоин сақтайтын жерді, яғни есепшотты «биткоин әмиян» дейміз. «Әмиянды» қандай да бір банктен ашпайсыз, ол есепшотты басқаратын, қауіпсіздігіне жауап беретін жалғыз қожайыны өзіңіз боласыз. Паролін ұмытып қалсаңыз, онда сақталған бит­коинді ешкім алып бере алмайды, парольді өзгерте де алмайсыз. Менің таныстарымның арасында сондай жағдайға ұшырап, ондаған биткоинін ала алмай жүрген адамдар бар. Қазір 3 миллионнан астам биткоин қожайынының ұқыпсыздығынан «әмиянның» ішінде босқа жатыр. Халыққа биткоин туралы ақпарат бергеннен кейін «әмиянын» қалай дұрыстап ашу керектігінен бастап үйрету керек. Адамдар криптовалюта алмас бұрын, алдымен қауіпсіздікті үйренуге тиіс. 

– Криптовалюталарға қы­зы­ғушылық, трэйдерлік жұ­мыс сіз үшін қаншалықты та­бысты болды?

– Бұл технология бойынша сауда-саттық жасап үлкен бизнес құруға мүмкіндік мол. Мен бірнеше жыл бұрын астымдағы машинамды сатып, бұл бизнесті 2 мың доллармен бастағанмын. Биткоин туралы алғаш естігенімде 400 доллар тұратын, мен сатып алғанша 600 долларға дейін өсіп кетті. Қазір 6 мың доллардың үстінде. Соңғы 1-2 жыл ішінде қаржылай тәуелсіздікке қол жеткіздім деп айта аламын. 

– Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар