Президент • Бүгін, 18:45

Президент Роман Склярды қабылдады

15 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президентке индустриялық жобаларды жүзеге асыру және отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берілді. Роман Склярдың айтуынша, бірінші жартыжылдықта өндеу өнеркәсібі 105,1 пайызға, машина жасау саласы 9,4 пайызға, ал тау-кен және металлургия кешені 8,3 пайызға өскен, деп жазады Egemen.kz.

Президент Роман Склярды қабылдады

Фото: Ақорда

Сонымен қатар Мемлекет басшысына мұнай және газ құбырларын салумен, газ өңдеу зауыттары мен мұнай химиясы өндірісін іске қосумен байланысты жобалардың орындалу барысы таныстырылды. Жыл басынан бері 44,7 миллион тонна мұнай мен газ конденсаты, сондай-ақ 30 миллиард текше метр газ өндірілген. Осы жылдың соңына дейін 128 елді мекенге газ құбыры жүргізіліп, көгілдір отынмен қамтамасыз ету деңгейі 61,8 пайызға жетеді.

Бұдан бөлек көлік және энергетика салаларындағы жаңа инфрақұрылымдық жобалар жөнінде баяндалды.

Роман Скляр Президентке жылыту маусымына дайындық барысы жөнінде мәлімет берді. Қазіргі кезде 309 шақырым жылу желісін реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған шамамен 154 миллиард теңге жұмсалады. Сонымен қатар биыл жалпы сомасы 327 миллиард теңгеге 10 энергия блогын, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Инвестиция тарту жөніндегі кеңестің қызметі, атап айтқанда шетелдік серіктестермен бірге іске асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалар жөнінде айтылды. Олардың бірқатарына қатысты уағдаластыққа Мемлекет басшысының шетелдерге сапары кезінде қол жеткізілген.

Кеңес қызметін қайта құрылымдаған сәттен бастап жалпы сомасы 40 миллиард долларға жуық 77 инвестициялық жобаның түйткілді мәселелері шешімін тапты. Бұл ретте машина жасау, тамақ және химия өнеркәсібі, тау-кен, металлуругия кешені, энергетика, жер қойнауын пайдалану салаларындағы қосылған құны жоғары жобаларға айрықша мән беріліп отыр.

Президент қабылданып жатқан шаралардың маңызды екеніне назар аударып, аталған бағыттар бойынша жұмысты одан әрі жалғастыруды тапсырды.