Қазақстан • 08 Ақпан, 2019

Үлкен саясаттың шырмауындағы аралдар

792 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жуырда Ресей Федерациясы мен Жапония арасындағы 1945 жылы аяқталған ІІ Дүниежүзілік соғыстан бергі 73 жылға созылған теке-тіреске нүкте қойылатын секілді болып, барлық әлем бір елеңдеп қалды. Ресей өзінің Сахалин аумағының құрамына қосып алған Жапонияның шағын-шағын төрт аралы: Итуруп, Кунашир, Шикотан және Хабомаиді қайтарып, екі ел бейбіт келісімге қол қоятындай көрінген.

Үлкен саясаттың шырмауындағы аралдар

Бірақ бірнеше ай бойы жүргізілген дипломатиялық жұмыстар еш нәтижеге жетпей, мәселе шешілмеген күйінде қалды. Өздері «солтүстік аумағымыз» деп атайтын бұл мәселенің шешілуіне, әсіресе Жапония жағы мүдделі. Әлемнің үшінші экономикасы болып отырған ел осы жерлерге зәру болмаса да, елдің ішіндегі патриоттық рухты көтеруде оның маңызы зор болар еді. Мәскеудегі екі елдің басшыларының кездесуіне 100-ден астам жапон журналисінің алқынып жеткені де сол болатын. Бәрі де өз БАҚ-тары арқылы қуанышты хабарды еліне алғашқы болып жеткізбекке сайланып келген. Оларға үміт отын жаққан – Ресей Федерациясының Президенті В.Путин мен Жапонияның Премьер-министрі С.Абэнің бұл оқиғадан біраз бұрын Сингапур мен Буэнос-Айресте болған кезедесулерінде бейбіт келісім мәселесінің қызу талқыланғаны еді. Оның үстіне Сингапурда бейбіт келісімге ешқандай шартсыз қол қоюды алдымен В.Путиннің өзі ұсынған. Ал бейбіт келісімге қол қойылса, екі елдің ара­сындағы экономикалық әріптестік бүгін­гіден де қызу қарқынмен жүріп, бір жағы ресурстарға бай, екінші жағында тех­но­логияның ең жоғары жетістігі болған көрші елдер экономикалық ынты­мақ­тастықтың көрігін қыздырар еді. Бірақ үміт ақталмады. Неге? Бұл сұраққа жауап бермес бұрын осы аралдардың тарихына қысқаша шолу жасап өтелік. 

Курил аралдары Ресейдің Камчатка түбегінен шығып, жапонның Хоккайдо аралына дейін доғалана орналасып, созылып жатқан шағын құрлықтар. Бұл аралдарды орыстар мен жапондардан бұрын айн деген аз санды халық мекендеген. Олардың тілінде «куру» деген адам деген сөз екен, соған малданған орыс саяхатшылары аралдарды өздеріне «куриль» деп тіркепті. Оның үстіне бұл аралдардағы то­лық өшпеген вулкандардың үстінен түтін шығып жатады. Сөйтіп, «куру» сөзі орыс­тың «курилімен» үндесіп кеткен. 1855 жы­лы Симод қаласында Жапония мен Ре­сей арасында жасалған келісім бойын­ша олар жапонның иелігінде деп мойын­далған. 

1945 жылы ІІ Дүниежүзілік соғыс аяқ­таларда КСРО одақтастарымен келісіп, жапон әскерлеріне шабуыл жасады. Бұ­ған дейін, 1941 жылдың 13 сәуірінде Мәс­кеуде КСРО мен Жапония өзара 5 жыл бейтарап болу жөнінде пактіге қол қой­ған. Жапон жағы сөзінде тұрып, одақ­тасы Германияның қысымына қара­май, КСРО-ға шығыстан басып кір­меді. Соның арқасында осы аймақтағы әске­ри дайындығы жоғары 40 дивизия батыстағы майданға жеткізілді. Ал Сталин осы пакт бойынша өзінің міндетін орын­дамай, жеңілгелі жатқан елді жен­тектеуге құлшына кірісті. Одақтас­тарымен болған Ялта конференциясында ол Жапониямен соғыс аяқталған соң Сахалиннің оңтүстігін қайтаруға ке­ліс­кен. Бірақ КСРО Сахалиннің оңтүстігін ғана алып қоймай, жоғарыда аталған Курил аралдарына да қол салады.

КСРО-ға Жапониямен қырғи қабақ қатынас тиімді емес еді, сондықтан 1956 жылы Мәскеуде Н.Хрущев пен Жа­по­нияның сол кездегі Премьер-минис­трі И.Хатояма «Осы декларацияға қол қо­йылған күннен бастап КСРО мен Жа­пония арасындағы соғыс жағ­дайы аяқталып, өзара бейбітшілік, тату­көр­шілік және достық қатынастар қалпына келтіріледі» делінген Бірлескен декла­рация қабылдады. Бұл құжат бойынша КСРО Хабомаи мен Шикотан аралдарын Жапонияға беруге келісіп, өзінің бұл аралдарды заңсыз иеленгенін мойындағандай болды. Бірақ жапон жағы Итуруп пен Кунаширді де қоса бермеген соң бейбіт келісімшартқа қол қоюдан бас тартып, декларация мәлімдеме күйінде қалды. 

Содан бері бұл жағдай екі елдің арасындағы қызу талқыланатын мәселе ретінде жалғасып келеді. Жапонияның қазіргі Премьер-Министрі Синдзо Абэ үшін бұл мәселе тиянақталса мем­ле­кеттік қана емес, жеке мүддесінің ше­шілуіне де ықпал етуі ғажап емес. 1954 жы­лы туған ол 2006-2007 жылдары Жа­по­нияның ең жас, 57-інші премьері болып сайланған, бірақ өз кабинетіндегі бір министрінің сыбайлас жемқорлыққа қатыстылығы әшкереленіп, ол өзіне өзі қол жұмсаған соң премьерліктен кеткен. Бірақ 2012 жылы оның либералдық-демократиялық партиясы жеңіске жетіп, парламентте көпшілік дауысқа ие болған соң қайтадан Премьер болып сайланды. Ал былтырғы сайлауда жеңіске жету үшін оған қосымша күш керек болды. Сондықтан елдің бүйіріне шаншудай қадалып жүрген «Солтүстік аумақтың» түйінін шешуге ол қатты кірісті. Ақыры осы мәселе қосымша ықпал етіп, былтырғы 22 қыркүйекте ол 2021 жылға дейін қайтадан Премьер-министр болып сайланды. Бұл мәселеде ол Батыстағы әріптестерінің Ресейді тығырыққа тіреген қыспақтарын тиімді пайдаланғаны сөзсіз. Олардың санкцияларын қолдағанымен, Қиыр Шығыс экономикасына ішінара инвестиция құюға Жапонияның мүмкіндігі бар. Сондықтан осы аймақта 8 бағыт бойынша жаңа жобаларды іске асыруға дайын екендігін Мәскеуге жеткізді. Бұл туралы екі ел басшыларының кездесуінде айтылды. Бұған Ресей жағы қатты мүдделі. 

 Аталмыш төрт аралға жапондар визасыз кіре алады, былтыр олардың саны 100 мыңнан асқан. Есесіне ресейліктер де Жапония аумағына визасыз кіріп жатыр. Әрине, ресейлік әлеуметтік сауалнама қызметтерінің деректеріне қарағанда халықтың 74 пайызы аралдардың жапон жағына берілуіне қарсы. Бірақ оған кім қарап жатыр, Ресей билігі бұған дейін Қытайға «Тарабаров», «Большой» және Уссурий аралының бөліктерін көпшіліктің пікірін сұрамай-ақ берген. Қаласа бұл жолы да сөйтеді.

Дауда тұрған төрт аралдың жалпы көлемі 5017,5 шаршы шақырым. 17 млн шаршы шақырым жері бар Ресейге бұл түк емес. Бірақ бұл жердегі мәселе – төрт аралды қайтарудың Ресей қойып отырған шарттарына тіреледі. Ашық айтылмаса да, түрлі деңгейдегі сарапшылар В.Путин Жапонияны өзінің ежелгі әріптестеріне, соның ішінде G7 клубы мүшелерінің шешіміне қарсы қойғысы келіп, жарияланған санкцияларды барынша жұмсартуды талап еткен. Егер Жапония тізгін үзіп, Ресейдің айтқанымен жүрсе, онда жапон компаниялары америкалық үйлестірушіге үлкен көлемде айыппұл төлейтін болады. Оның үстіне Америка нарығынан айрылуы да мүмкін. Бұл жерде америкалық санкциялардың экстерриториялық сипатын айта кету керек. Американың Қаржы министрлігі өздерінің санкцияларын кез келген ұлттық компания бұзса, айыппұл сала алады. Жапонияның қолын байлап отырған осы мәселелер, оны шешу С.Абэге оңай емес. Жапонияның халықаралық қатынастар институтының президенті К.Сасаэ өз елінің «Үлкен жетіліктің» позициясына ешқашан да қар­сы шықпайтынын айтты. Бұл Жапо­ния истеблишменті негізгі бөлігінің ұста­нымы.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»