Бірақ бірнеше ай бойы жүргізілген дипломатиялық жұмыстар еш нәтижеге жетпей, мәселе шешілмеген күйінде қалды. Өздері «солтүстік аумағымыз» деп атайтын бұл мәселенің шешілуіне, әсіресе Жапония жағы мүдделі. Әлемнің үшінші экономикасы болып отырған ел осы жерлерге зәру болмаса да, елдің ішіндегі патриоттық рухты көтеруде оның маңызы зор болар еді. Мәскеудегі екі елдің басшыларының кездесуіне 100-ден астам жапон журналисінің алқынып жеткені де сол болатын. Бәрі де өз БАҚ-тары арқылы қуанышты хабарды еліне алғашқы болып жеткізбекке сайланып келген. Оларға үміт отын жаққан – Ресей Федерациясының Президенті В.Путин мен Жапонияның Премьер-министрі С.Абэнің бұл оқиғадан біраз бұрын Сингапур мен Буэнос-Айресте болған кезедесулерінде бейбіт келісім мәселесінің қызу талқыланғаны еді. Оның үстіне Сингапурда бейбіт келісімге ешқандай шартсыз қол қоюды алдымен В.Путиннің өзі ұсынған. Ал бейбіт келісімге қол қойылса, екі елдің арасындағы экономикалық әріптестік бүгінгіден де қызу қарқынмен жүріп, бір жағы ресурстарға бай, екінші жағында технологияның ең жоғары жетістігі болған көрші елдер экономикалық ынтымақтастықтың көрігін қыздырар еді. Бірақ үміт ақталмады. Неге? Бұл сұраққа жауап бермес бұрын осы аралдардың тарихына қысқаша шолу жасап өтелік.
Курил аралдары Ресейдің Камчатка түбегінен шығып, жапонның Хоккайдо аралына дейін доғалана орналасып, созылып жатқан шағын құрлықтар. Бұл аралдарды орыстар мен жапондардан бұрын айн деген аз санды халық мекендеген. Олардың тілінде «куру» деген адам деген сөз екен, соған малданған орыс саяхатшылары аралдарды өздеріне «куриль» деп тіркепті. Оның үстіне бұл аралдардағы толық өшпеген вулкандардың үстінен түтін шығып жатады. Сөйтіп, «куру» сөзі орыстың «курилімен» үндесіп кеткен. 1855 жылы Симод қаласында Жапония мен Ресей арасында жасалған келісім бойынша олар жапонның иелігінде деп мойындалған.
1945 жылы ІІ Дүниежүзілік соғыс аяқталарда КСРО одақтастарымен келісіп, жапон әскерлеріне шабуыл жасады. Бұған дейін, 1941 жылдың 13 сәуірінде Мәскеуде КСРО мен Жапония өзара 5 жыл бейтарап болу жөнінде пактіге қол қойған. Жапон жағы сөзінде тұрып, одақтасы Германияның қысымына қарамай, КСРО-ға шығыстан басып кірмеді. Соның арқасында осы аймақтағы әскери дайындығы жоғары 40 дивизия батыстағы майданға жеткізілді. Ал Сталин осы пакт бойынша өзінің міндетін орындамай, жеңілгелі жатқан елді жентектеуге құлшына кірісті. Одақтастарымен болған Ялта конференциясында ол Жапониямен соғыс аяқталған соң Сахалиннің оңтүстігін қайтаруға келіскен. Бірақ КСРО Сахалиннің оңтүстігін ғана алып қоймай, жоғарыда аталған Курил аралдарына да қол салады.
КСРО-ға Жапониямен қырғи қабақ қатынас тиімді емес еді, сондықтан 1956 жылы Мәскеуде Н.Хрущев пен Жапонияның сол кездегі Премьер-министрі И.Хатояма «Осы декларацияға қол қойылған күннен бастап КСРО мен Жапония арасындағы соғыс жағдайы аяқталып, өзара бейбітшілік, татукөршілік және достық қатынастар қалпына келтіріледі» делінген Бірлескен декларация қабылдады. Бұл құжат бойынша КСРО Хабомаи мен Шикотан аралдарын Жапонияға беруге келісіп, өзінің бұл аралдарды заңсыз иеленгенін мойындағандай болды. Бірақ жапон жағы Итуруп пен Кунаширді де қоса бермеген соң бейбіт келісімшартқа қол қоюдан бас тартып, декларация мәлімдеме күйінде қалды.
Содан бері бұл жағдай екі елдің арасындағы қызу талқыланатын мәселе ретінде жалғасып келеді. Жапонияның қазіргі Премьер-Министрі Синдзо Абэ үшін бұл мәселе тиянақталса мемлекеттік қана емес, жеке мүддесінің шешілуіне де ықпал етуі ғажап емес. 1954 жылы туған ол 2006-2007 жылдары Жапонияның ең жас, 57-інші премьері болып сайланған, бірақ өз кабинетіндегі бір министрінің сыбайлас жемқорлыққа қатыстылығы әшкереленіп, ол өзіне өзі қол жұмсаған соң премьерліктен кеткен. Бірақ 2012 жылы оның либералдық-демократиялық партиясы жеңіске жетіп, парламентте көпшілік дауысқа ие болған соң қайтадан Премьер болып сайланды. Ал былтырғы сайлауда жеңіске жету үшін оған қосымша күш керек болды. Сондықтан елдің бүйіріне шаншудай қадалып жүрген «Солтүстік аумақтың» түйінін шешуге ол қатты кірісті. Ақыры осы мәселе қосымша ықпал етіп, былтырғы 22 қыркүйекте ол 2021 жылға дейін қайтадан Премьер-министр болып сайланды. Бұл мәселеде ол Батыстағы әріптестерінің Ресейді тығырыққа тіреген қыспақтарын тиімді пайдаланғаны сөзсіз. Олардың санкцияларын қолдағанымен, Қиыр Шығыс экономикасына ішінара инвестиция құюға Жапонияның мүмкіндігі бар. Сондықтан осы аймақта 8 бағыт бойынша жаңа жобаларды іске асыруға дайын екендігін Мәскеуге жеткізді. Бұл туралы екі ел басшыларының кездесуінде айтылды. Бұған Ресей жағы қатты мүдделі.
Аталмыш төрт аралға жапондар визасыз кіре алады, былтыр олардың саны 100 мыңнан асқан. Есесіне ресейліктер де Жапония аумағына визасыз кіріп жатыр. Әрине, ресейлік әлеуметтік сауалнама қызметтерінің деректеріне қарағанда халықтың 74 пайызы аралдардың жапон жағына берілуіне қарсы. Бірақ оған кім қарап жатыр, Ресей билігі бұған дейін Қытайға «Тарабаров», «Большой» және Уссурий аралының бөліктерін көпшіліктің пікірін сұрамай-ақ берген. Қаласа бұл жолы да сөйтеді.
Дауда тұрған төрт аралдың жалпы көлемі 5017,5 шаршы шақырым. 17 млн шаршы шақырым жері бар Ресейге бұл түк емес. Бірақ бұл жердегі мәселе – төрт аралды қайтарудың Ресей қойып отырған шарттарына тіреледі. Ашық айтылмаса да, түрлі деңгейдегі сарапшылар В.Путин Жапонияны өзінің ежелгі әріптестеріне, соның ішінде G7 клубы мүшелерінің шешіміне қарсы қойғысы келіп, жарияланған санкцияларды барынша жұмсартуды талап еткен. Егер Жапония тізгін үзіп, Ресейдің айтқанымен жүрсе, онда жапон компаниялары америкалық үйлестірушіге үлкен көлемде айыппұл төлейтін болады. Оның үстіне Америка нарығынан айрылуы да мүмкін. Бұл жерде америкалық санкциялардың экстерриториялық сипатын айта кету керек. Американың Қаржы министрлігі өздерінің санкцияларын кез келген ұлттық компания бұзса, айыппұл сала алады. Жапонияның қолын байлап отырған осы мәселелер, оны шешу С.Абэге оңай емес. Жапонияның халықаралық қатынастар институтының президенті К.Сасаэ өз елінің «Үлкен жетіліктің» позициясына ешқашан да қарсы шықпайтынын айтты. Бұл Жапония истеблишменті негізгі бөлігінің ұстанымы.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»