Саясат • 26 Сәуір, 2024

Трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану мәселесі талқыланды

100 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов бастаған бір топ депутат Қытайға ресми сапармен барды. Бейжіңде депутаттар Қытай Халық Респуб­ликасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төр­аға­сы Чжао Лэцзимен, Қытай Халық Республикасының Халықтық саяси консуль­­тативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен және Қытай Халық Республикасы төрағасының орынбасары Хань Чжэнмен кездесті.

Трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану мәселесі талқыланды

Қытай Халық Республикасы Бүкіл­қы­тайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесуде тараптар пар­ламентаралық диалогтен бастап екі ел арасындағы экономикалық және мәдени ынтымақтастыққа дейінгі көптеген мәселені талқылады.

– Кейінгі екі жыл Қазақстан мен Қы­тай тарихындағы маңызды кезең бол­ды. Мемлекет басшыларымыздың күш-жігерінің арқасында ол жаңа дең­гейге көтерілді. Біздің парламент­тер арасындағы өзара іс-әрекет көш­басшыларымыздың қол жеткізген уағдаластықтарын іске асыруға бағыт­та­луға тиіс. Біздің өткен жылы жос­пар­­ланған осы ресми сапарымыз пар­ламент­аралық байланыстарды жан-жақты нығайтуға жақсы мүмкіндік береді. Өткен жылы жоспарланған осы ресми сапар Парламентаралық байланысымызды одан әрі арттыруға септігін тигізеді, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан жүйелі өзгерістер туралы, сондай-ақ Мәжілістің қазіргі қызметі жайлы айтып берді.

Қазақстан депутаттары қытайлық әріптестерінің тәжірибесіне, соның ішінде, жасанды интеллект пен төтенше жағдайларға қарсы күрес саласындағы тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытты. Сонымен қатар Мәжіліс төр­ағасы трансшекаралық су ресурстарын тиім­ді пайдалану мәселесіне назар аударды.

– Елдеріміздің үкіметтері арасында трансшекаралық өзендердің суын бөлу тура­лы екіжақты келісім әзірленіп жатыр. Біз осы маңызды келісімге тезірек қол қоя­мыз деп үміттенеміз, – деді Мәжіліс төрағасы.

Өз кезегінде Чжао Лэцзи парламент­арал­ық ынтымақтастық Қытай мен Қазақ­стан арасындағы мәңгілік жан-жақ­ты стра­­тегиялық әріптестіктің маңыз­ды бөлі­гі екенін айтты. Сондай-ақ ол Мәжі­ліс төр­а­ға­сы­ның бұл сапары екі­жақ­ты ынты­мақтас­тыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.

– Кейінгі жылдары Төраға Си Цзинь­пин мен Президент Тоқаевтың стратегия­лық басшылығының арқасында екіжақты қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Қытай алдағы уақытта да Қазақ­станның тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдай бе­реді. Қы­тай әрқашан Қазақстанның өз даму жолын, оның өркендеу мен тұрақ­тылыққа бағытталған сыртқы және ішкі саясатын қолдайды, – деді Чжао Лэцзи.

Тараптар өткен жылдың қараша айын­да визасыз режім енгізілген сәттен бас­тап және Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы өткізілуіне байланысты екі ел азаматтарының өзара сапарларының айтарлықтай артқанын атап өтті. Олар мұны үлкен дипломатиялық жетістік деп атады.

Кездесу барысында спикерлер мә­де­ниет, білім беру салаларында да серік­тес­тік­ті арттыруға мүдделі екен­де­рін айтты. Екі елдің астаналарында Қа­зақстан мен Қы­тайдың мәдени орта­лық­тарының тезі­рек ашылуына ерекше мән берілді. Кезде­су соңында Мәжіліс спикері әріптесін Қазақ­станға ресми сапармен келуге шақырды.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов Қытай Халық Республикасының Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен кездесті. Танымал қытай саясаткері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларына жоғары баға беріп, Қытай инновация мен цифрландыру саласы бойынша әріптестікке дайын екенін мәлімдеді.

– Біз Президент Тоқаевтың басшылы­ғымен Жаңа Қазақстан құру жөніндегі стратегиялық мақсаттың орындалатынына сенімдіміз. Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне тың серпін беретін өзара тиімді ынтымақтастыққа мүдделіміз. Қы­тай тарапы еліңізге сенімді тірек болуға дайын, – деді Ван Хунин.

Ол Қытай мен Қазақстанның өзара берік қолдауы екіжақты күн тәртібінен әлдеқашан шығып кеткенін ерекше атап өтті. Бұл халықаралық және өңірлік істерде айқын көрінеді. Қытай тарапы Қазақстанның жаһандық ықпалының өсуін және оның халықаралық аренада дауыс беру құқығын арттыруды қалайды.

– Президент Қ.Тоқаев 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді екі есе арттыруды стратегиялық мақсат етіп қойды. Осы мақсатқа жетуде қазақстандық әріптестерімізді қолдаймыз. Сондықтан екі елдің даму стратегияларын үйлестіріп, саяси байланыстарды нығайту маңызды, – деді қытайлық саясаткер.

Ван Хунин жуық арада Қазақстан Парламенті қабылдаған «Ұлттық қор – балаларға» заңының іске асырылу барысына қызығушылық танытты.

Ерлан Қошанов Президент жария­лаған экономикалық өзгерістер Қытаймен инфрақұрылымды жаңғырту, өндірісті, банк ісін дамыту және жаңа инвестиция­лар тарту мәселелері бойынша жаңа мүмкін­діктерге жол ашатынын айтты.

Қытай Халық Республикасы төр­аға­сы­ның орынбасары Хань Чжэнмен кез­десуде екіжақты экономикалық ынты­мақтас­тықтың жоғары қарқыны атап өтілді.

– Жақында Сіз Қазақстан-Қытай ын­тымақтастық комитетін табысты бас­қар­дыңыз және елдеріміздің достық әлеуетін жақсы білесіз. Қазір энергетика, автокөлік құрастыру, логистика, электрондық сауда салаларында бірқа­тар серпінді жоба іске асырылуда. Екі ел арасындағы өзара тауар айналымы тарих­тағы ең жоғары деңгейге – 41 миллиард долларға жетті. Мұның барлығы қысқа уақыт ішінде ауқымды мақсаттар қойып, орта мерзімде сауда-саттықты еселеп арттыруға мүмкіндік береді, – деді Мәжіліс төрағасы.

ҚХР Төрағасының орынбасары өз сөзінде дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жыл ішінде елдеріміз тату көрші, жақсы дос, сенімді серіктеске айналды. Жаңа алтын 30 жылдықта Қытай мен Қазақстан бар күш жігерін көш­басшыларымыздың келісімдерін іске асыруға бағытталуы керектігіне мән берді.

– Біз ынтымақтастығымызды инновациялар есебінен де ілгерілетуіміз керек. Баламалы энергия, трансшекаралық электронды сауда, спутниктік телекоммуникация сынды жаңа салаларда байланыстарымызды тереңдету қажет, – деді Хан Чжэн.

Бұдан бөлек, делегация мүшелері «SANY Group» машина жасау кәсіпорны­ның тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл – құрылыс және арнайы техника көліктерін шығаратын және сататын әлемдік рейтинг­тегі төртінші компания.

Мәжіліс делегациясының ресми сапары бүгін Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімші қаласында жалғасады.