Экспорт • 26 Сәуір, 2024

Экспорт көлемі 40 пайызға артады

114 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Ауғанстан премьер-министрлерінің орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Абдулании Барадардың 24 сәуірде өткен кездесуде тараптар Орталық және Оңтүстік Азияны интеграциялау жобаларындағы ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделілік танытты.

Экспорт көлемі 40 пайызға артады

Фото: freepik.com

Атап айтқанда, қазақ­стандық тарап­тың трансауған­дық дәлізді дамыту жобала­рын: «Термез – Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар» және «Ге­рат – Кандагар – Спин-Бул­дак» темір­жолдарын салу жө­нін­дегі жобаларды іске асы­руға қатысуға дайындығы нақ­­тыланды. Жоба Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасында жүктерді жеткізу уақытын 10 есеге қысқартуға, сондай-ақ жүктерді тасымалдау құнын төмендетуге мүм­кіндік береді. Қазақстан теміржолдың жоғарғы құры­лысына арналған материалдарды, өз өндірісінің шпалдары мен бекіткіштерін жет­кізу арқылы тран­сауған магистралінің құрылысына қатысуға дайын.

Кейінгі үш жылда Қазақ­станнан Ауғанстанға экспорт­тық тасымалдау көлемі тұрақ­ты түрде өсіп келеді: 2023 жылы теміржол арқылы тасымалдау көлемі 2,7 млн тоннаны құрады, оның 1,5 млн тоннасы – ұн және астық. Бұл 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 14%-ға көп. Келер жылдарға арналған бол­жам – экспорттың 40%-ға ұл­ғаюы. Бұл ретте 2030 жылға қарай тасымалдардың 3 есе өсуі күтілуде.

Сонымен қатар кездесу барысында қазақстандық тарап Ауғанстанға елімізден астық пен ұн жеткізу көлемін арттыру үшін Бейнеу терминалының қуатын қарастыруды ұсынды.

«Бүгінде Қазақстан Ауған­станның негізгі сауда се­рік­тестерінің ондығына кіре­ді. Сіздердің елдеріңіз қазақ­стандық астық пен ұнды дәс­түрлі түрде импорттап келе­ді. Қазақстан бұл тауарлар­ды Ауған нарығына сенімді жеткізуші болды және болып қала береді», деді С.Жұман­ғарин.

Бейнеу терминалы Маң­ғыс­тау облысының аумағында орналасқан, Қазақ­стан-Түрік­менcтан шекарасына тікелей шыға алады. Терминалда барлық қажетті өндірістік инфрақұрылым бар. Ол өнімді экспортқа одан әрі тасымалдау үшін құрлықтағы ауыстырып тиеу терминалы-жинақтағыш міндетін орындай алады.

Терминалдың қуаттылығы айына 100 мың тоннаға дейін астық, 12 мың тонна ұн және 3 мың тоннаға дейін құрамажем жөнелтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Қазақстанның Оңтүс­тік Азия бағыты бо­йынша қытай жүктерін транзиттен өткізу мүмкін­дігі бар. Бүгінде ол Қытайдан Қазақ­стан бағытында жүретін бар­лық кон­тей­нерлік пойыз­дардың 40%-ын бірік­тіретін Сиандағы (ҚХР) Құрғақ порт аумағындағы меншікті терминал. Сонымен қатар Ляньюньган портында күн сайын Қазақстан бағытында екі контейнерлік пойыз құры­латын Қазақстан-Қытай терминалы бар. Осы­лайша, егер трансауған теміржолдары салынатын болса, онда жүк­тер Қы­тайдан Қазақстан арқы­лы тек Батыс­қа ғана емес, Ауғанстан арқылы Пәкіс­тан, Үндістанға өтеді.

Бұған қоса Қазақстан тарапынан «Қытай–Қазақ­стан» (Ақтауға дейін) – «Түрік­менстан-Ауғанстан» (Тургун­ди/Анхой) бағыты бойынша Қытай өнім­­дерін Қазақстан аумағы арқылы Ауғанстанға жет­кізуді әртараптандыру туралы ұсы­ныс айтылды.

Жүктерді біріктіру үшін Сиань қаласындағы (ҚХР) терминалды пайдалану ұсы­нылды. Қазақстандық маман­дардың есептеулері бойынша Сиань/Үрімші қалаларынан Ауғанстанға (Тур­гун­ди/Анхой) ұйымдастырылған контей­нерлік пойыздармен тауар жет­­кізу уақыты шамамен 10-12 күнді құрайды.

Сонымен қатар елдер ара­сындағы әуе қатынасын қал­пына келтіру мүмкін­діктері туралы сөз болды. Авиация саласы бойынша өзара түсі­ністік туралы меморандум аясында екі елдің авиатасымалдаушылары аптасына 3 тұрақты жолаушылар жүк рейстерін орындауға құқылы. Қазақстандық тарап бұл мәсе­лені Ауған авиакомпанияларынан өтінімдер түскен кезде қарауға дайын.

Кездесуде «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдері экспорттық және транзиттік жобаларды таныс­тырды.

«Бүгінде Қазақстаннан Өзбекстан, Ауғанстан, Пәкстан арқылы және одан әрі теңіз ар­қылы БАӘ-дегі Джебель-Али портына дейін жаңа муль­тимодальды экспорттық бағыт­тарды ұйымдастыруда қанатқақты жоба бастал­ды. Жаңа бағыт «KTZ Express»-тің қатысуымен ұйым­дастырылды. Экспорттаушы – қазақстандық «Bio Synergy co», жүктерді жеткізу бойынша серіктес – пәкстандық «National Logistics Cell» (NLC). Қазіргі уақытта Павлодар облысында жүк тиеу басталды. Бұл – алюминий силикатты қуыс микросфера. Алматыда жүк контейнерлерге тиеліп, пәкстандық серіктес машиналарына ауыстырылады. Әрі қарай автокөлікпен Өзбекстан мен Ауғанстан арқылы Пәкстан­ның Карачи портына дейін жеткізіледі. Ол жерден екі контейнер теңіз арқылы БАӘ-дегі Джебель-Али портына дейін жөнелтіледі», деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарушы директоры Бауыржан Орынбасаров.

Оның айтуынша, жүктерді межелі жерге жеткізудің күтілетін мерзімі – шамамен 20-25 күн. Қанатқақты жобаны сәтті іске асыру кезінде осы бағыттың белсенді дамуы және жаңа бағыт бо­йынша жүк ағынының едәуір көлемін тарту күтіледі.

Сол күні Серік Жұманға­рин­нің Ауғанстанның Сырт­қы істер министрі Амир Мут­такимен және Сауда және өнеркәсіп министрі Нұриддин Азизи­мен кездесулері өтті.