19 Ақпан, 2019

Түбі бір түркі әлеміне ортақ жыр

898 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда мектеп бағдарламаларына сәйкес, жаңаша оқыту әдістерінің ішінде кеңістікте ойлау, яғни білімді үш өлшемде зерделеу аса маңызды болып отыр. Бұл баланың еркін ойлауына ықпал етіп, болашақта жеке тұлға болып қалыптасуына оң әсерін тигізеді.  

Түбі бір түркі әлеміне ортақ жыр

Осы ретте біз мектеп бағдар­ламасын­да оқытылатын ежел­гі жыр, мәтіні мың­даған ғасыр­дың мағыналы да мазмұн­ды тарихи жүгін арқалап жеткен, бүкіл тү­бі бір түркі әлеміне ортақ, тіп­­ті түгел адам­заттың асыл ар­­­ман­­­­­­дарына арқау, Алаш­тың алып тұлғасы «Алпамыс» жырын тілге тиек етпекшіміз. Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» ат­ты мақаласының ал­ғаш­қы тарау­лары­­ның бірінде Ұлы дала­дағы еже­л­гі металлургия жай­лы айтылады. «Металл өндірудің амал-тәсілдерін табу тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгертті. Сан алуан металл кен­деріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орта­лық­тардың бірі», дейді Елбасы. Олай болса жоғары­да біз тілге тиек еткен «Алпамыс» жыры тура осы Ұлы даладағы ежелгі металлургия жайлы көп құпияны мәтін астарына бүгіп жатқан сыңайлы. Мұның бәрі аталған жырдың интер мәтініне жаңаша үңілгенде ашық көрініс табады.

Шапса қылыш кеспейтін...

Жырды жаңаша талдау уақыт талабы дер едік. «Қазақ тарихында бүкіл әлем ғұмыр кешіп келе жатқанын» (Е.Бекмаханов) жаңа ұрпақтың санасына сіңіруіміз қажет. Одан ұлттық сана салтанат құрып, мемлекетшіл рух елі мен жеріне адал перзенттерді өмірге әкеледі.

Алпамыс – қаны бір киіз туыр­лықты түркі жұртының бар­лығында дерлік бар. Өзбекше Ал­памыш, башқұрттар Алпа­мы­ша, татарлар Алпамша, Батыс Сібір­де Алып Мәмшән, Алтай­да Алып Манас, ал Түр­кия­да Алып Бамсы. Сәйке­сін­ше, қырғыздар­дың Манасы. Бір ғана образ, ор­тақ тұлға, бір сөз­бен айтқанда культ. Осы тіз­бек­ті әрі қарай жалғай түсіп, ежел­гі грек аңыздарының атақты қаһар­маны Ахиллес образы да тіл­дік өзгеріске ұшырай отырып (Ахиллес – Алпамыс), Алпамыс батырдан бастау алуы мүмкін дер едік.

Таласбек Әсемқұловтың Гумилевтен естігеніндей, «әлем­дегi ең ұлы жәдiгер­тану­шы­лар­дың бiрi, Геродоттан басқа, пар­сы­ны­ң ресми тарихынан бас­қа, беймә­лiм ерте заманнан келе жатқан тағы бiр тари­хи мек­теп болған». Ол мек­теп өкіл­­­дері жазған тарих қазір де оқы­тыл­­май­ды. Бірді-екілі ға­лым­дар ғана әр жерде айтып, жазып жүр. Міне, біздің сөздің сенімсіз есті­летіні де осы жерден басталады. Бая­ғы­­да, Ақселеу Сей­дім­бек ағамыздың мұ­хит­тың арғы бетіндегі Ацтек, Майя тай­па­ларының тамыры қазақтан тарай­ды деген сөзі де ертегі деп қабылданып кетті... 

Жалпы – аңыз, ертегі, жыр-дас­тандар­да шындық бар деп ұғы­нуымыз керек. Ондағы 80 па­йыз қиял-ғажайыпты алып тас­тағанның өзінде 20 пайыз шын­дық қалады. Оның астарында саяси да, әдеби һәм тілдік үлкен мән жасырылады. Негізгі мән­мәтіннің көптеген қабаттарында қаншама дәуір бойы өмір сүріп, бүгіннен болашаққа жетіп оты­рады. Жырдың әртек­тілігі, ашық­т­ығы, көпнұсқалығы да осын­дай шарттардан келіп туын­дай­ды. Жаугершілік замандарда ­сая­си мәннің ықпалы мен қа­жет­­тілігі зор болған. Мысалы, ерте замандардағы «Алпамыс», «Илиада», «Одиссея» сияқты жыр-дас­­тандар бір жағынан қарсы күш­ке бағыт­талған ақпараттық шабуыл екенін білуіміз керек. 

Сонымен «Алпамыс» жы­рын­дағы басты қаһарман Алпа­мыс пен «Илиада» геройы Ахил­лесті салыстырып, екі тарихи кеңістікке жаңа көзқараспен қайта үңіліп көрелік. Жуырда бел­гілі түркітанушы, зерттеуші ғалым Мақсат Байлының бір сұх­­батын оқыдық. «Илиада – түр­­ко­лог көзімен» деген толым­ды еңбегі жарық көрген ғалым аталған сұхбатында ескі жырға этимологиялық сараптама жа­сай отырып, атақты «Илиаданы» жаңа­­ша талдайды. Еңбекте қыс­қаша айт­қанда эллиндік өрке­ниет далалық прото­т­үрік­терден тамыр тартады деген болжам жа­сал­ған. Ға­лым өз кітабында «мыс» сөзі­­не жеке тарау арнаған. Иә, кәдім­­гі жез яки мыс. Құнды, қат­ты мет­алдың «Илиада» жырын­да көп кездесетінін, оның қазақ дүниетанымы мен тұрмыс-тір­ші­­лігіндегі маңызды бұйым еке­нін бұлтартпас дәлелдермен ба­йып­­ты зерттеген. Н.Гнедич­тің аудар­­масындағы жыр­да кез­де­се­­тін «Се и вожди, и власти­тели мед­­но­доспешных данаев», «Их остановят везде меднолатные рати ахеян», «Взяв, наконец, копье, повершенное острою медью», «Вышли, пылая друг дру­га пронзить смертоносною медью», «Скован, тринадцать он меся­цев в медной темнице томил­ся» деген жолдардан ол дәуір­де мыстың қаншалықты ма­ңыз­ға ие болғандығына көз жет­кі­земіз. Сәйкесінше, халық жадын­да сондай қатты металдан жаратылған, тұтас сомнан құйылған мыс батырдың идеалын қалыптастыру, жас ұрпақ­тың сол идеалға еліктеп, қайрат­ты, ержүрек, көзсіз батыр болып ержетуін тілеген әдебиет әр уақытта «Алпамыс», «Илиада» сынды батырлар жырын тудырып отырған. Ал енді гректерде «Зевстың ұлы Скиф, ең бірінші мыс балқытушы» деген сөз бар. Тек гректер ғана мысты купрум демеген, холакус деп атаған. Қазақ­ша – қола. Елбасының атал­­ған мақалада «Ежелгі заман­­да-ақ Қазақстанның Орта­лық, Солтүстік және Шығыс аймақ­тарында тау-кен өндірісінің ошақ­­тары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен ал­­тын қорытпалары алына бас­тады» деп отырғаны осы тарих.

Сонымен, Алпамыс кім? Алып + мыс. Алпа + мыс. Болмаса, қазақ дү­ние­­та­ны­мындағы жа­ғым­­сыз қара күш, жеңілмейтін зұлымдық иелері де «мыс+тан кемпір», «жез+тырнақ». Бар­лығы біз айтып отырған түсті метал­дар­дың қиялдағы жемісі екені байқалады. Енді салыстырып қарасақ, «шапса қылыш кеспейтін» Алпамыс та, денесіне оқ дарымайтын Ахиллес те осын­дайлық қиялдағы құрыш, қола батырлар. Қандай жырдың негі­зінде қандай батыр дүниеге кел­генін ойша саралап көріңіз. 

Арқадағы алып Манас мүсіні хақында

Сондай-ақ мыс қорытудағы Беғазы-Дәндібай өркениетінің өндірісті істерін қалайша айтпай кетпекпіз. Жалпы, Ар­қа­­ның белін­дегі Қызыларай-Беғазы тау­­ларын бауырына тылсым сыр тығып жатқан тарихы терең ай­мақ дер едік. 1946-1953 жылдары академик Әлкей Марғұ­лан археологиялық зерттеу­лері ар­қылы Беғазы қорымындағы қола дәуірінің құпия сырын ақ­тар­ды. Аталған өркениеттің кін­дігі саналатын Қарағанды об­лы­сы­­­ның Ақтоғай ауданында Қызыл­арай деген үлкен тау бар. Ерте замандарда соның Жаман Қызыл­арай деп аталатын бөлігінде мыс қорытқан. Өлкетанушы Тұң­ғыш­бай Мұқан айтқандай, ол туралы Әлкей Марғұлан 1954 жылы «Советтік Қарағанды» газетіне жазыпты. Аталған мақа­ла­сында тарихшы ол жерде мыстан құйылған атты адамның алып мүсіні бар деп жазған. Оны кейін­­нен Қарағанды обкомының 1967-1969 жылдардағы хатшысы Мәлік Имашев деген басшы көруге келіпті. Қасына таудың етегіндегі Қаратал ауылының біраз жігіттерін ертіп алса керек. Ішінде сол кездерде мектеп директоры болған 32 жастағы Ғаділше Түсіпбеков деген азамат та бар. Осы әңгімені кейін Т.Мұқанға сол кісі айтып берген. Түс ауа таудың басынан мыс қорыт­қан жерді табады, алайда мыс­тан құйылған мүсінді кезіктіре алмаған. Кейіннен 82 жасқа келген Ғ.Түсіпбеков Т.Мұқанды ертіп әлгі биікке қайта көтері­ліп, мыс қорытқан жерді екінші мәр­те көрсетіп кетеді. 15-20 метр­ге дейін аққан мыс әлі күнге де­йін сай боп жатыр. Ду аршамен өртеп қорытқан мысқа суды сол маңайдағы 9 шұңқыр апаннан алған. Ғалымдардың айтуынша, ол уақытта үлкен руда тастарды сонау биіктен алып түсу мүмкін болмай, қорытылған дайын металды ғана алып түссе керек.

Осы жерде ол мыстан құ­йыл­ған алып мүсін жайлы ойы­мыз тағы да Алпамыс аңы­зы­мен ұштаса түседі. Есімізге Беғазы аңызы мен ақиқаты тура­лы бірнеше әңгіме қатар келеді. Сөзіміздің басында айт­қаны­мыздай, Алпамыс – ол алып Манас. Өз зерттеуінде Әлкей Марғұлан атақты Манас батыр Арқаға келгенде Беғазы тауының бөктерін жайлағанын жазады. Әуелде Беғазы – жауға шапқан батыр қыздың есімі екен. Таудың аты сол батыр қыздың ерлігі құрметіне қо­йыл­ған деген аңыз бар ел аузында. Және бір әпсанада Беғазы тауының басында Манас батырдың Аққұла тұл­парының тас ақыры болған делінеді. Ол жаңағы мыстан құйылған алып мүсін болуы керек. Тарихтың бұл бұрылысы әлі де терең зерттеуді қажет етері анық.

Құрыш патшадан Әмір Темірге дейін

Бастапқы әңгімемізге қайта оралар бол­сақ, тарихтан бі­ле­тініміздей билеуші, көш­басшы ұлы хандардың, бектердің, ба­тыр­­­­л­ардың есімі қатты метал­дардың аты­­мен аталуы бірнеше дәуірлерде дәс­түр­лі жүйе­мен жалғасып отырған. Мысалы, Құ­­рыш патша (Кир), Томир+ис (Томир – темір), Темучин (Темір+шін), Ақсақ Темір. 

Сонымен біз Гомердің тек Илиадасын сөз қыл­ғандықтан, Одиссеяның Алпамыс сияқ­ты ұзақ уақыттан кейін барып Ота­нына оралатынын, оның баласы Теле­мах­тың Жәдігер сияқты жәбір көріп жүрген­дігін қосымша ғана айтып өтпекшіміз. 

Барлығымыз Алпамыстың да, Ахил­лес­тің де батырлық сипаттарын жақсы білеміз. Тіпті олардың осал тұстарын да жалпылама білетіндейміз. Бірақ сөз­дің тура мағынасы мен ауыспалы мағы­насы болатынын ескеріп, екі жырды қайта салыстырып оқитын болсақ, оқиға тіпті де Ахиллестің «өкшесінде» емес­тігі айқындала бастайды. Біз осы күнге дейін Ахиллестің әлсіз тұсы расы­мен өк­шесі деп пайымдаймыз. Ол бір нұс­қ­а­­сын­да өкшесіне садақ тиіп өледі, ал кейбір халық жадындағы ауызша тара­ған нұсқаларда алып батырды жерден тік көтеріп алса, яғни өкшесі жерден көте­рі­ліп кетсе жойқын күшінен айырылып қалады делінеді. Бізге керек нұсқа да осы болса керек. Оның ерекшелігі (батырлығы) жерге тірелген өкшесін­де болған. Ахиллес бір ғана батыр. Ал біздің ата-бабаларымыздың жаугерші­лік замандағы бірлігі, батыр­лы­ғы, намысы, қазақтың, қазақ болып сақталып қалуы, тақы­мын жылқыдан, табанын жерден ажыратпағандығын аңғара­тын болсақ, «Өкше» әлсіздігін аса дәлел­деу­дің қажеті жоқ деп есеп­т­ейміз. Яғни, жырдағы «әлсіз өк­шенің» түпкі мәні «ұлтарақтай жерің­нен, өкше тірер өлкеңнен айырылсаң сенің күшің кетеді, рухың жойылады» деген идеяны меңзеп жатса керек. 

Осы жүйемен Алпамыс­тың әл­сіз тұсын іздеген уақытта «Өкше», «Ұлтарақ», «Ұлтан», яғни Алпамыстың әлсіз жағы Ұлтан­­құл екені көрініс береді. Қазақ дүниетанымы тіпті терең­нен, текті­лік мәселесінен тамыр тарта отырып, ұр­пақ жадына ататек мәселесін алға шы­ғара­ды. Шын мәнінде, Алпамыстың әлсіз тұсы, опасыз Ұлтанқұл еді. Бұл жерде «Өзіңнен тумай ұл болмас» философиясы Отанды қорғауға құлықсыз, өз Отаны бол­маған соң қасиетті атажұрттың қаді­рін білмейтін Ұлтанқұл сияқты жағымсыз образдар Алпамыс­тай ерлердің әлсіздігі болатынын мазмұндайды. 
Ахиллес грек мифологиясында кез­де­сетін батыр екені шын­дық болға­ны­­мен, аңыз желі­сінің сақ тайпаларынан, дала­лықтардың санасынан туған жиын­тық бейне екенін де ешкім жоққа шығар­майды...

* * *

Мемлекет басшысы айт­қандай, біз де «Алпамыс» жырын оқып отырып, ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технология­лық ілгерілеуіне жол ашқанын, қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әше­кей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұр­мыстық заттары мен қару-жарақ­тары бұл туралы тереңнен сыр шерткенін бейсана сезіндік. Шын мәнінде, осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті техно­логия­лық һәм әдеби тұрғыдан қанша­лықты қар­­қынды дамығанын көрсетеді.
Алайда үлкен таразы – тарих бар. Жоға­рыдағы долбар турасында бізге де­йін де шек­сіз пікірлер, түрлі даулар болып кел­ген. Нақты дерексіз, еш­­­қан­­­дай жәдігерсіз сөйлегендіктен, бұлай болмаған күнде болжам деп қарас­тыратынымыз ақиқат. Сондай-ақ «Одиссея», «Илиада», «Алпамыс» жыр­ларындағы мотивтер ұқсастығын кез­дейсоқтық дей алмас едік. 

Мирас АСАН,

«Еgemen Qazaqstan»