Аймақтар • 16 Қаңтар, 2023

Өрелі өмір өнегесі

246 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қара алтынның құт қамбасы саналатын Атырау топырағының даңқты перзенті, ардагер мұнайшы Ембі кеніштерінің ашылуына атсалысқан белгілі геолог, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Орынғазы Есқазиев бақиға озды деген қаралы хабарды естіп, дәуір көшкендей күйде отырмын.

Өрелі өмір өнегесі

Аяулы Орекең 1957 жылы С.М.Киров атындағы Қа­зақ мем­лекеттік (қазіргі Әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық) универ­ситетін геология маман­дығы бо­йын­ша тәмамдап, еңбек жолын Атырау өңіріндегі «Ембімұнай» бірлестігіне қарасты «Қошқар» мұнай өнеркәсібі басқармасында мұнай өндіру жөніндегі оператор қызметінен бастап, атаулы бірлестікте қырық жыл еңбек етті. Атырау аймағының жаздағы бет күйдіретін аңызақ-ыстық желі мен қыстағы боранды аязына, табиғаттың кез келген қатал міне­зіне қарсы тұрып, кен орнын кезіп жүріп, жер астындағы байлықты барлау оңай шаруа емес. Еңбек адамын болаттай шыңдайтын ауыр кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, ту­ған елінің көркейіп, дамуына үлес қосқан бай­лықтың көзін ашу Орын­ғазы Ес­қазиевтің өмірлік ісіне айналды.

Жас маман Қошқар мұнай өндіру кәсіпшілігінде мұнай өндіру және қабат қысымын сақ­тау операторы қыз­метінен бас­тап, ұңғымаларды зерттеу бри­­гада­сының шебері, Қошқар кен алаңының геологі, Комсомол мұнай өндіру кәсіпшілігінің аға геологі, «Прорвамұнай» мұнай-газ өндіру бас­­қармасы бас геологі болып ең­бек етті.

Қазақ мұнайының ардақ­ты­ларына арналған еңбекте әріп­тестерінің арасында аса құр­мет­ке ие болған геолог Орынғазы Ес­­­қазиевтің кәсіби біліктілігін ке­лесідей сипаттайды: «Өзінің ұжымдас жолдастарымен бірге қоян-қолтық еңбек барысын­да оларға ғылыми түсінік беру, ақыл-кеңес айту арқылы Орын­ғазы алға қойған мақсатқа жету жолында жан аямай тер төк­ті, мамандығын өздігінен жетіл­ді­ріп, шетелдік тәжірибені үй­рен­ді, өзіне басшылық еткен тіс­­қақ­ты мамандардың айтқан пі­кір-ұсы­ныстарын ескерусіз қал­ды­рмады, санасына тоқыды».

Мұнай кеніштерінде жиырма жылға жуық қызмет етіп, геология мен барлау ісінің қыр-сырын қазба орнында жүріп меңгеріп, білім мен тәжірибеде қатар шыңдалған білікті маманға қаладағы «Ембімұнай» бірлестігінің геология бөлімін бас­қару сеніп тапсы­рылды. Орын­ғазы Есқазиев өз сөзінде бұл қызметте негізгі жұ­мысы – мұнай қорын көбейту болғанын айтады. «Ендігі жерде атал­ған бірлестіктің бүкіл геоло­гиялық жұмыстарын бас­қару, Мұнай министрлігі мен екі ор­тадағы күллі қатынас қағаз­дарын азу, күнбе-күн телефон арқылы өндірістегі әрбір барлау ұңғыларының жағдайын хабарлау, басқа да қосалқы жұмыстарды реттеу – осының бәрі менің мойнымда. Геология бөлімінің негізгі көпшілік жұмысы – геологиялық барлау, геофизикалық зерттеу, осы­лайша бірлестіктің болашағын кеңейтіп, жылдан жылға мұнай қорын көбейту», – деді О. Есқазиев.

Аталған қызметте жүріп, әріп­­тес­терімен бірге еліміздегі алып кешендердің бірі «Теңіз» түбінде мол мұнай қоры барын анықтап, еңбек жолындағы елеулі жетістіктердің біріне қол жеткізді. Қажырлы еңбегі мен ұзақ жылдар бойы жинаған білімі мен біліктілігінің арқасында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сый­лығының лауреаты атанып, арнайы төс белгімен марапатталды. Жер қойнауының Құрметті барлаушысы Орынғазы Есқазиев рес­пуб­лика деңгейінде ғана емес, Кеңес Одағына белгілі майталман мұ­най­шылар қатарында болды.

Мұнайлы мекен Атырау өңі­рінде мамандық таңдарда ата кәсіпті жалғап, мұнай саласында ұрпақ сабақтастығы қағидаттарын ұстанған мұнайшы династиялары баршылық. Есқазиевтер әулеті де бұл дәстүрден алшақтамады. «Әке көрген – оқ жонар...» деген халық даналығымен Орынғазы ақсақалдың ұлы Құрманғазы Есқазиев те мұнай саласына етене араласып, еліміздегі же­текші «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төр­ағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары ретінде жауапты міндетті атқарып келеді.

Орынғазы Есқазиев – саналы ғұмырын ел игілігі жолында қызмет етуге арнап, отандық мұнай-газ саласының қалыптасып, одан әрі дамуына зор үлес қосқан тұлға. Абыройы асқақ мұнайшы Орынғазы Есқазиевтің ғибратты ғұмыры, табысты еңбек жолы – ұрпақтары мен жас мұнайшыларға үлгі болып қала бермек.

 

Махамбет БАТЫРБАЕВ,

мұнай-газ саласының ардагері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты