Аяулы Орекең 1957 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық) университетін геология мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын Атырау өңіріндегі «Ембімұнай» бірлестігіне қарасты «Қошқар» мұнай өнеркәсібі басқармасында мұнай өндіру жөніндегі оператор қызметінен бастап, атаулы бірлестікте қырық жыл еңбек етті. Атырау аймағының жаздағы бет күйдіретін аңызақ-ыстық желі мен қыстағы боранды аязына, табиғаттың кез келген қатал мінезіне қарсы тұрып, кен орнын кезіп жүріп, жер астындағы байлықты барлау оңай шаруа емес. Еңбек адамын болаттай шыңдайтын ауыр кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, туған елінің көркейіп, дамуына үлес қосқан байлықтың көзін ашу Орынғазы Есқазиевтің өмірлік ісіне айналды.
Жас маман Қошқар мұнай өндіру кәсіпшілігінде мұнай өндіру және қабат қысымын сақтау операторы қызметінен бастап, ұңғымаларды зерттеу бригадасының шебері, Қошқар кен алаңының геологі, Комсомол мұнай өндіру кәсіпшілігінің аға геологі, «Прорвамұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы бас геологі болып еңбек етті.
Қазақ мұнайының ардақтыларына арналған еңбекте әріптестерінің арасында аса құрметке ие болған геолог Орынғазы Есқазиевтің кәсіби біліктілігін келесідей сипаттайды: «Өзінің ұжымдас жолдастарымен бірге қоян-қолтық еңбек барысында оларға ғылыми түсінік беру, ақыл-кеңес айту арқылы Орынғазы алға қойған мақсатқа жету жолында жан аямай тер төкті, мамандығын өздігінен жетілдіріп, шетелдік тәжірибені үйренді, өзіне басшылық еткен тісқақты мамандардың айтқан пікір-ұсыныстарын ескерусіз қалдырмады, санасына тоқыды».
Мұнай кеніштерінде жиырма жылға жуық қызмет етіп, геология мен барлау ісінің қыр-сырын қазба орнында жүріп меңгеріп, білім мен тәжірибеде қатар шыңдалған білікті маманға қаладағы «Ембімұнай» бірлестігінің геология бөлімін басқару сеніп тапсырылды. Орынғазы Есқазиев өз сөзінде бұл қызметте негізгі жұмысы – мұнай қорын көбейту болғанын айтады. «Ендігі жерде аталған бірлестіктің бүкіл геологиялық жұмыстарын басқару, Мұнай министрлігі мен екі ортадағы күллі қатынас қағаздарын азу, күнбе-күн телефон арқылы өндірістегі әрбір барлау ұңғыларының жағдайын хабарлау, басқа да қосалқы жұмыстарды реттеу – осының бәрі менің мойнымда. Геология бөлімінің негізгі көпшілік жұмысы – геологиялық барлау, геофизикалық зерттеу, осылайша бірлестіктің болашағын кеңейтіп, жылдан жылға мұнай қорын көбейту», – деді О. Есқазиев.
Аталған қызметте жүріп, әріптестерімен бірге еліміздегі алып кешендердің бірі «Теңіз» түбінде мол мұнай қоры барын анықтап, еңбек жолындағы елеулі жетістіктердің біріне қол жеткізді. Қажырлы еңбегі мен ұзақ жылдар бойы жинаған білімі мен біліктілігінің арқасында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, арнайы төс белгімен марапатталды. Жер қойнауының Құрметті барлаушысы Орынғазы Есқазиев республика деңгейінде ғана емес, Кеңес Одағына белгілі майталман мұнайшылар қатарында болды.
Мұнайлы мекен Атырау өңірінде мамандық таңдарда ата кәсіпті жалғап, мұнай саласында ұрпақ сабақтастығы қағидаттарын ұстанған мұнайшы династиялары баршылық. Есқазиевтер әулеті де бұл дәстүрден алшақтамады. «Әке көрген – оқ жонар...» деген халық даналығымен Орынғазы ақсақалдың ұлы Құрманғазы Есқазиев те мұнай саласына етене араласып, еліміздегі жетекші «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары ретінде жауапты міндетті атқарып келеді.
Орынғазы Есқазиев – саналы ғұмырын ел игілігі жолында қызмет етуге арнап, отандық мұнай-газ саласының қалыптасып, одан әрі дамуына зор үлес қосқан тұлға. Абыройы асқақ мұнайшы Орынғазы Есқазиевтің ғибратты ғұмыры, табысты еңбек жолы – ұрпақтары мен жас мұнайшыларға үлгі болып қала бермек.
Махамбет БАТЫРБАЕВ,
мұнай-газ саласының ардагері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты