Спорт • 23 Сәуір, 2023

Болашақ чемпиондар сайысы

299 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында елі­міздегі спорт мектеп-ин­тер­нат-колледждерінің оқу­шы­лары ара­сында дәс­түрге айналған Мәдениет және спорт министрлігінің «Министр ку­богі» бәсекесінің жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталды.

Болашақ чемпиондар сайысы

Спортты дамыту дирекциясы­ның мәліметі бойынша, жас дарынды спорт­­шылар арасында ұйымдас­ты­рыл­ған бәсекеде Астана қаласының Қ.Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық маман­дандырылған мектеп-интернат-кол­леджінің оқушылары үздік шық­ты. Олар финалда Жетісу облысы­ның Жақ­сы­лық Үшкемпіров атын­дағы Олим­пиада резервінің облыс­тық мек­теп-интернат-колледжі тәрбиелену­ші­лерімен спорттың бес түрі бойынша сайысты. Бас жүлде үшін өткен бәсе­кеде елордадан келген спортшылар дзю­до, грек-рим, таэквондо және бокс­тан басым түссе, жетісулықтар тек еркін күрестен ғана алда болды. Осы­­лайша, Қ.Мұңайтпасов атындағы олим­­пиада резервінің республикалық ма­мандандырылған мектеп-интернат-колледжінің командасы биылғы «Ми­нистр кубогінде» топ жарып қана қой­­май, қатарынан екінші мәрте үздік шықты.

Ал қола жүлде Жамбыл облысы­­ның мектеп-интернат-колледжі команда­­сы­ның спортшыларына бұйырды. Олар үшінші орын үшін өткен жарыста даңқ­ты боксшы, Олимпиада чемпио­ны Бекзат Саттарханов атындағы олим­­­пиада резервінің республикалық ма­ман­дандырылған мектеп-интернат-колледжі тәрбиеле­ну­шілерін қапы қалдырды. Атап айтқанда, жамбылдық өрендер спорттың бокс, таэквондо және еркін күрес түрлерінен жеңіс­ке жетсе, грек-рим күресі мен дзюдо спор­­тында түркістандықтардың мерейі үстем болды.

Жарыстың жеңімпаз бен жүлде­гер­лерін МСМ Спорт және дене шы­нық­тыру істері комитеті Спорт резерві басқармасының басшысы Аманбай Нұрмұханбетов, Спортты дамыту ди­рек­циясы директорының орынба­сары Азамат Имашев, Атланта Олим­пиа­дасының қола жүлдегері Мәулен Мамыров, Жетісу облысы Дене шынық­тыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл марапаттады.

«Бұл бәсекенің діттегені – дарынды балалардың көзге түсуіне жағдай жа­сап, спорт мектеп-интернат-колледждер арасындағы бәсекелестікті арттыру. Бұл спортшылар ертеңгі ұлттық құ­рама өкілдері екенін ұмытпауымыз ке­рек. Сондықтан біз жастарымызға зор сенім артамыз. Халықаралық жарыс­тарда жүлделі болып, жанкүйерлерді тек жеңіспен қуантқандарын қалаймыз. Осы жарыс аталған даңғыл жолда тәжі­рибе жинауға зор септігін тигізеді деп ойлаймын», деді А.Нұрмұханбетов.

Осымен екінші рет ұйымдасты­рылған жарыста еліміздің 17 спорт оқу ордасынан 2007-2008 жылдары дү­ниеге келген 450-ден астам жас­өспі­рім спорттың дзюдо, бокс, таэквон­до, грек-рим және еркін күрес түрле­рі­нен сынға түсті. Биылғы жарыс бағ­­дар­ламасына таэквондо спорты жа­ңа­­дан қосылғанын айта кеткен жөн. Жеңім­­паздар бокс­тан 7 сал­мақта, қалған спорт түрлерінен ­5 сал­мақта анықталды.

Жарыс ережесіне сәйкес, 17 команда бірінші іріктеу сайысында 4 топқа бөлініп, бір-бірімен айналмалы жүйе бойынша кездесті. Әр топта 1-орын алған оқу ордасы ғана жартылай финалға жолдама алған. Сосын, А мен С тобының, тағы В мен D тобының үздігі финалға шығу үшін таласты.

Кешенді жарыс былтырдан бері Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып келеді. Былтыр іріктеу сайыстары еліміздің 4 қаласында өтіп, алғашқы жеңімпаз бен жүлдегерлер Астанада анықталған болатын.

Ұйымдастырушылар тарапынан «Министр кубогін» иеленген команда өкілдеріне бес миллион, екінші орын иелеріне үш және қола жүлдегерлерге екі миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталды.