Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша, жас дарынды спортшылар арасында ұйымдастырылған бәсекеде Астана қаласының Қ.Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің оқушылары үздік шықты. Олар финалда Жетісу облысының Жақсылық Үшкемпіров атындағы Олимпиада резервінің облыстық мектеп-интернат-колледжі тәрбиеленушілерімен спорттың бес түрі бойынша сайысты. Бас жүлде үшін өткен бәсекеде елордадан келген спортшылар дзюдо, грек-рим, таэквондо және бокстан басым түссе, жетісулықтар тек еркін күрестен ғана алда болды. Осылайша, Қ.Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің командасы биылғы «Министр кубогінде» топ жарып қана қоймай, қатарынан екінші мәрте үздік шықты.
Ал қола жүлде Жамбыл облысының мектеп-интернат-колледжі командасының спортшыларына бұйырды. Олар үшінші орын үшін өткен жарыста даңқты боксшы, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі тәрбиеленушілерін қапы қалдырды. Атап айтқанда, жамбылдық өрендер спорттың бокс, таэквондо және еркін күрес түрлерінен жеңіске жетсе, грек-рим күресі мен дзюдо спортында түркістандықтардың мерейі үстем болды.
Жарыстың жеңімпаз бен жүлдегерлерін МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спорт резерві басқармасының басшысы Аманбай Нұрмұханбетов, Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары Азамат Имашев, Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Мәулен Мамыров, Жетісу облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл марапаттады.
«Бұл бәсекенің діттегені – дарынды балалардың көзге түсуіне жағдай жасап, спорт мектеп-интернат-колледждер арасындағы бәсекелестікті арттыру. Бұл спортшылар ертеңгі ұлттық құрама өкілдері екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан біз жастарымызға зор сенім артамыз. Халықаралық жарыстарда жүлделі болып, жанкүйерлерді тек жеңіспен қуантқандарын қалаймыз. Осы жарыс аталған даңғыл жолда тәжірибе жинауға зор септігін тигізеді деп ойлаймын», деді А.Нұрмұханбетов.
Осымен екінші рет ұйымдастырылған жарыста еліміздің 17 спорт оқу ордасынан 2007-2008 жылдары дүниеге келген 450-ден астам жасөспірім спорттың дзюдо, бокс, таэквондо, грек-рим және еркін күрес түрлерінен сынға түсті. Биылғы жарыс бағдарламасына таэквондо спорты жаңадан қосылғанын айта кеткен жөн. Жеңімпаздар бокстан 7 салмақта, қалған спорт түрлерінен 5 салмақта анықталды.
Жарыс ережесіне сәйкес, 17 команда бірінші іріктеу сайысында 4 топқа бөлініп, бір-бірімен айналмалы жүйе бойынша кездесті. Әр топта 1-орын алған оқу ордасы ғана жартылай финалға жолдама алған. Сосын, А мен С тобының, тағы В мен D тобының үздігі финалға шығу үшін таласты.
Кешенді жарыс былтырдан бері Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып келеді. Былтыр іріктеу сайыстары еліміздің 4 қаласында өтіп, алғашқы жеңімпаз бен жүлдегерлер Астанада анықталған болатын.
Ұйымдастырушылар тарапынан «Министр кубогін» иеленген команда өкілдеріне бес миллион, екінші орын иелеріне үш және қола жүлдегерлерге екі миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталды.