Спорт • 26 Сәуір, 2023

Алматылықтар топ жарған спартакиада

160 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл еліміз бойынша әр төрт жылда бір рет өткізілетін Қазақстанның VI жазғы спартакиадасы ұйымдастырылып жатыр. Жыл басынан бері спорттың күрес, таэквондо, үстел теннисі, семсерлесу және велоспорт түрлерінен ел үздіктері анықталды. Ал күні кеше спорттық гимнастика спортшылары са­йыс алаңына шықты. Алатау баурайында өткен елішілік додада әдеттегідей ұлттық құрама ұландары өз мықтылығын дәлелдеп, жеңіс тұғырынан көрінді.

Алматылықтар топ жарған спартакиада

Бес күнге жалғасқан бәсекеде спорт­­шылар ерлер және әйелдер арасындағы көпсайыс және жекелеген бөрене, еркін жаттығу, биіктіктегі қоссырық, тірек секіру сынды жаттығуларды орындап, әрқайсысынан ұпай жинады. Сөйтіп, ең көп ұпай жинаған спортшылар Спартакиада жеңімпазы атанды.

Мәселен, ерлер арасындағы «Спорт шеберлері» санатындағы бәсекеде Токио Олимпиадасының қаты­сушысы, Әлем кубогі жарыс­­тарының және Азия чемпио­нат­тарының жеңімпазы мен жүл­де­гері, ұлттық құрама мүшесі алма­ты­лық Милад Карими барлық сайыс­т­а 169,700 ұпай жинап, өз мықты­лығымен дараланды. Кейінгі орын­дар­ға Қазақстан чемпионатының әр жыл­дардағы жеңімпаздары – Ильяс Азизов (Алматы, 160,183 ұпай) пен Диас Тойшыбек (Шымкент, 154,526) жайғасты.

Ал «Спорт шеберлігіне үміткер» спорт­шылар арасында 150,800 ұпай­ жинаған павлодарлық Нұртан Ыды­ры­сов топ жарды. Екінші орын шымкенттік Алтынхан Темірбекке (148,616) бұйырса, үздік үштікті тағы бір павлодарлық спортшы Роман Хегай (145,000) түйіндеді.

Ал 6 жаттығудан тұратын коман­да­лық көпсайыста ұлттық құрама спорт­шыларынан жасақталған Алматы қала­сы­ топ жарды. Олар барлығы 1031,812 ұпай жинады. Жеңімпаздан 16 ұпайға аз жинаған Шымкент қаласының гимнас­тары (1015, 579) екінші орынға табан тіресе, қола медаль Павлодар облысына (942, 617 ұпай) бұйырды. Жекелеген сындарда ұлттық құрама мүшесі Ильяс Азизов қарсылас шақ келтірген жоқ. Ол 6 снарядтың төртеуінде алтыннан алқа тақты.

Әйелдер арасындағы «Спорт ше­бер­­лері» бәсекелері өте тартысты өтіп, жеңімпаздар тек соңғы сәтте ғана­ анықталды. Шешуші тұста қа­жетті ұпайын жинап үлгерген алма­тылық Арина Лебедева (99,480 ұпай) аз ғана айырмашылықпен Әмина Хали­мар­деннен (Астана, 99,335) басым түсіп, чемпион атанды. Үздік үштікті Ме­дина Кененбай (Алматы, 98,530) түйін­деді.

Ал «Спорт шеберлігіне үміт­кер»­ гимнастар ішінде Медина Қап­ба­сова (Қарағанды, 95,720 ұпай) үздік өнерімен төрешілер көзіне түсіп, Спартакиадада жеңіске жетсе, одан кейінгі орын Радмилла Тарасова (Алматы, 93,600) мен Амели Мукушеваға (Астана, 90,680) бұйырды.

Қыздар арасындағы командалық көпсайыста да Алматы қаласының гимнастарына тең келер қарсылас табылмады. Олардың еншісінде – 604,022 ұпай бар. Күміс жүлдеге Астана қаласының спортшылары ие болса (589,605), үздік үштікті Абай облысының өрендері (557, 698) түйіндеді. Айта кетейік, командалық көпсайыста әр өңірдің атынан 6 спортшыдан бақ сынады.

«Спартакиада кезінде біраз гимнаст жақсы өнерімен көзге түсті. Бастысы, олардың комбинацияларының негізі қаланған. Десе де оларға әлі көп жаттығып, тыңғылықты жұмыс істеу керек. Кей тұстарда оларға тәжірибе жетіспей тұрғаны анық байқалды. Алдағы уақытта тағы да шыңдала түссе, ұлттық құрама деңгейіне жете алады. Ұзақ уақыт көш бастап жүрген Алматы қаласының командасына бұл жолы Абай облысы мен Астана қаласының гимнастары әжептәуір қарсылық көрсетті. Ел ішінде бәсекенің болғаны бәрімізге жақсы. Ұлттық құрамаға келер болсақ, осы жарыстан кейін біз бірден Каирде өтетін Әлем кубогі кезеңіне аттанамыз. Ол жерде гимнастарымыз табысты өнер көрсетіп, жанкүйерлерді қуантады деген сенімдемін», дейді спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Надира Юнусова.