Бес күнге жалғасқан бәсекеде спортшылар ерлер және әйелдер арасындағы көпсайыс және жекелеген бөрене, еркін жаттығу, биіктіктегі қоссырық, тірек секіру сынды жаттығуларды орындап, әрқайсысынан ұпай жинады. Сөйтіп, ең көп ұпай жинаған спортшылар Спартакиада жеңімпазы атанды.
Мәселен, ерлер арасындағы «Спорт шеберлері» санатындағы бәсекеде Токио Олимпиадасының қатысушысы, Әлем кубогі жарыстарының және Азия чемпионаттарының жеңімпазы мен жүлдегері, ұлттық құрама мүшесі алматылық Милад Карими барлық сайыста 169,700 ұпай жинап, өз мықтылығымен дараланды. Кейінгі орындарға Қазақстан чемпионатының әр жылдардағы жеңімпаздары – Ильяс Азизов (Алматы, 160,183 ұпай) пен Диас Тойшыбек (Шымкент, 154,526) жайғасты.
Ал «Спорт шеберлігіне үміткер» спортшылар арасында 150,800 ұпай жинаған павлодарлық Нұртан Ыдырысов топ жарды. Екінші орын шымкенттік Алтынхан Темірбекке (148,616) бұйырса, үздік үштікті тағы бір павлодарлық спортшы Роман Хегай (145,000) түйіндеді.
Ал 6 жаттығудан тұратын командалық көпсайыста ұлттық құрама спортшыларынан жасақталған Алматы қаласы топ жарды. Олар барлығы 1031,812 ұпай жинады. Жеңімпаздан 16 ұпайға аз жинаған Шымкент қаласының гимнастары (1015, 579) екінші орынға табан тіресе, қола медаль Павлодар облысына (942, 617 ұпай) бұйырды. Жекелеген сындарда ұлттық құрама мүшесі Ильяс Азизов қарсылас шақ келтірген жоқ. Ол 6 снарядтың төртеуінде алтыннан алқа тақты.
Әйелдер арасындағы «Спорт шеберлері» бәсекелері өте тартысты өтіп, жеңімпаздар тек соңғы сәтте ғана анықталды. Шешуші тұста қажетті ұпайын жинап үлгерген алматылық Арина Лебедева (99,480 ұпай) аз ғана айырмашылықпен Әмина Халимарденнен (Астана, 99,335) басым түсіп, чемпион атанды. Үздік үштікті Медина Кененбай (Алматы, 98,530) түйіндеді.
Ал «Спорт шеберлігіне үміткер» гимнастар ішінде Медина Қапбасова (Қарағанды, 95,720 ұпай) үздік өнерімен төрешілер көзіне түсіп, Спартакиадада жеңіске жетсе, одан кейінгі орын Радмилла Тарасова (Алматы, 93,600) мен Амели Мукушеваға (Астана, 90,680) бұйырды.
Қыздар арасындағы командалық көпсайыста да Алматы қаласының гимнастарына тең келер қарсылас табылмады. Олардың еншісінде – 604,022 ұпай бар. Күміс жүлдеге Астана қаласының спортшылары ие болса (589,605), үздік үштікті Абай облысының өрендері (557, 698) түйіндеді. Айта кетейік, командалық көпсайыста әр өңірдің атынан 6 спортшыдан бақ сынады.
«Спартакиада кезінде біраз гимнаст жақсы өнерімен көзге түсті. Бастысы, олардың комбинацияларының негізі қаланған. Десе де оларға әлі көп жаттығып, тыңғылықты жұмыс істеу керек. Кей тұстарда оларға тәжірибе жетіспей тұрғаны анық байқалды. Алдағы уақытта тағы да шыңдала түссе, ұлттық құрама деңгейіне жете алады. Ұзақ уақыт көш бастап жүрген Алматы қаласының командасына бұл жолы Абай облысы мен Астана қаласының гимнастары әжептәуір қарсылық көрсетті. Ел ішінде бәсекенің болғаны бәрімізге жақсы. Ұлттық құрамаға келер болсақ, осы жарыстан кейін біз бірден Каирде өтетін Әлем кубогі кезеңіне аттанамыз. Ол жерде гимнастарымыз табысты өнер көрсетіп, жанкүйерлерді қуантады деген сенімдемін», дейді спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Надира Юнусова.