Алматы • 11 Мамыр, 2023

Алматының жеті қабаты. Тарихи таным

765 рет
көрсетілді
40 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы жұртшылығымен кездесуінде: «Алматы – қастерлі тәуелсіздігіміздің бой­тұмары болған қала. Алматыда еліміз үшін ең маңызды шешімдер мен құжат­тар қабылданды. Осы жерде Егемендік декларациясына қол қойылды, Тәуел­сіздігіміз жарияланды. Еліміздің болашағын айқындаған басқа да көптеген тағдырлы оқиға өтті», деп атап көрсеткен еді. Біз осы «көптеген тағдырлы оқиға өткен» Қазақстанның ең алып шаһарының тарихын түгелдей танып болдық па? Автордың мақаласы осындай ой-толғамдарға жетелейді.

Алматының жеті қабаты. Тарихи таным

Алматы – сақ, үйсін дәуіріндегі арғы бабаларымызға – киелі қоныс, көк түрік заманындағы бергі бабаларымызға – қорғанды мекен, орта ғасырлардағы аталарымызға төл теңгесін соқтырған құтты қала есебінде ұлттың ұйысуына тірек болған алтын босаға. Орыс отаршылдығы кезінде өзгеше үрдісте дамып, кеңес тұсында республика астанасы ретінде әлемге танылған әйгілі байтақ. Жаңа тұрпаттағы қазақ зиялыларының алдыңғы буынын түлетіп, кейінгілерінің жүрек төрінен орын алған аяулы шаһар.

Қазақстан Республикасы жер-жаһанға өз тәуелсіздігін жариялағанда оның алғашқы астанасы болған да дәл осы Алматы. Сондықтан оның тарихы мен топонимикасы түрлі дәуір ғалымдары мен зерттеушілерінің талай буынының назарын аударды. Біз де кейінгілерге бағыт-бағдар сілтеуге септігі тиер деген ниетпен қолға қалам алдық...

выап

Кеңес заманында Алматы тарихын орыс отарлаушы отрядының приставы, майор М.Перемышльский дейтіннің 1854 жылы іргесін қалаған Верный бекінісінің салынуынан бастау дәстүрі орнықты.

Кеңес тарихнамасында: «Қазақтар көшпелі халық, оларда қала салу мәде­ниеті болмаған. Қазақстандағы отырық­шыл­дық мәдениеті оның Ресейге қосы­луы­нан кейін басталды», деген ғылымға да, тарихқа да қиянат, халықты кемсіту үшін шығарылған жалған тезис үстемдік етті. Астамшыл бағытта білім алған орыс ғалымдары мен осы күнгі саясаткерлердің бір бөлігі әлі күнге дейін дәл осындай сыңаржақ пікірлерден айырылмай келеді.

Бүгінгі ғылым мен технология да­мыған заманда әуеден және жерүстінен жүргізілетін сканерлеу, дистанциялық зондтау, цифрлық визуализация және радиоуглеродтық талдамаға негізделген археологиялық зерттеулер қазақ жерін­дегі ежелгі қоныстардың тарихы қадым замандардағы Қытай немесе ежелгі Мысырмен қарайлас болғандығын көрсетіп отыр.

Қазіргі әлемдік археология ғылымы көп ілгерілеп кетті. Оның ең соңғы жетістіктері бізге енді келіп жатыр. Бүгінгі археологтер кеңес заманындағыдай қазба жұмыстары барысында ашылған мәдени қабаттардан табылған жәдігерлердің сипатты белгілеріне қарай кезең-кезеңге жіктеумен шектеліп қалмайды. Олар археологиялық қалдықтардың бәрін моле­кулярлық генетика тұрғысынан ДНК сараптамасынан өткізіп, сол заман­да өмір сүрген адамдардың, жан-жануар­лардың, өсімдіктер атаулының та­биғи генетикалық кодын, таралу попу­ля­циясын, өмір сүрген дәуірі мен ортасын асқан дәлдікпен анықтай алады.

Адам баласы қай заманда болсын, өзіне жайлы қоныс іздеген. Асқақтаған тауы, сарқыраған өзендері, жеміс-жи­дек­ке толы сай-саласы бар, ауасы – жұпар, жері – жәннат Алматы мен оның төңірегі есте жоқ ескі замандарда арғы қазақ тай­паларына берекелі қоныс болыпты. Тарихи жәдігерлер солай сөйлейді. Ресей империясы отаршылдық саясатын озбыр­лықпен жүргізіп, Жетісу өлкесіне сұғы­на түскеннен кейін олардың алдынан Алма­тының көне кезеңдерден тамыр тарт­қан арғы замандағы сан қатпарлы, мың құпиялы тарихы шығады.

апр

Ақиқат үшін сол замандағы Верный қаласының орнында ортағасырлық Алматы шаһарының болғанын алғаш рет көрсеткен қазақтың ұлы ғалымы, сұңғыла Шоқан Уәлиханов болғанын айта кеткен жөн. Ол өзінің 1861 жылы жарияланған «Жоңғар очерктерінде:

«Орта ғасырларда бұл өңірде, әсіресе, Іле жазығында отырықшылық қатты да­мыды. Алмалық (қазір Түркістан ауы­лы), Хонакай және Қайнақ (әлі де бар) және Алмату (қазір Верный қорғаны) сау­да­сы­мен атағы шыққан және генуэздік кө­пестер Қытайға, ал қыпшақ елшілері ұлы ханға барған үлкен жолда тоқтайтын бе­кеттер ретінде болған», – деп жазады (Ш.Уәлиханов, А. Көптомдық шығармалар жинағы, 2010 ж., 3-том, 348-бет).

Шоқанның осы іргелі еңбегінің жа­рық көргеніне тура бір жыл өткенде им­пера­торлық Археологиялық комиссияның тапсырмасы бойынша 1862 жылы әйгілі ғалым, мәшһүр түрколог В.Радлов Қапал мен Верный арасындағы бірнеше оба­ларға қазба жұмыстарын жүргізіп, олар­дағы көне өркениеттің белгілерін табады.

Өмірінің басым бөлігін Семейде өткізген, қазақша жақсы білетін орыс зерттеушісі, генерал-губернатор Г.Х.Гас­форттың кеңесшісі болған Н.А.Абрамов Радловпен бір мезгілде Семей мен Жетісу өлкесіндегі көне қорғандарда археологиялық қазбалар жасап, соның негізінде 1863 жылы Санкт-Петербургте «Древние курганы и укрепления в Се­мипалатинской и Семиреченской областях» атты еңбегін басып шығарады. Кейін оны Жетісу өлкесінде жүргізген өзге де зерттеулерімен толықтырып, 1867 жылы Алматы төңірегінен өзі тапқан 40-тан аса көне обалардың орнын дәл көрсеткен «Алматы или укрепление Верное, с его окрестностями» деген атау­мен қайыра басады. Шоқанмен ара­лас-құралас болған бұл зерттеуші өмір­ден ертерек озып, ғылыми мұрасын жи­нақтап, жүйелеп үлгере алмаса да, оның еңбектері Алматының көне тари­хын тұңғыш рет орыс ғылымының айна­лымына түсіруімен құнды деп санаймыз.

Академик Радлов пен өлкетанушы Абрамов зерттеулеріндегі көшпенділердің ежелгі, бай өркениетіне қатысты мол деректер біртіндеп орыс ғылыми жұрт­шы­лығының назарын өзіне аудара бас­тай­ды. Ресей археологтерінің 1877 жылы Қазанда өткен съезінде Верный уезінен табылған тарихи жәдігерлер не­гі­зінде үлкен көрме өткізіліп, Жетісу, Алматы өңірінің алғашқы археологиялық картасы түзіледі. Мұның бәрі 1884 жылы «Труды четвертого археологического съезда в России» атты жинақта басылып, орыс ғылымындағы алматытанудың негізі қаланады.

Алматы, Жетісу өлкесі мен Іле өңірінің ғылыми тұрғыдан зерттелуі үшін Шоқан Уәлиханов өзінің «Географический очерк Заилийского края» атты еңбегінде кейінгі іздену­шілерге жөн-жоба сілтейтін мол мағлұматтар келтіреді. Ол Алматы тарихын зерттеушілер ішінде бірінші болып, ортағасырлық Алмату қаласын сол кездегі Верныйдың орнынан іздеу ке­ректігі жөнінде құнды ғылыми пікір білдірді.

Шоқанның дәл осы ұстанымын бас­шы­лыққа алған көрнекті шығыстанушы Н.Пантусов 1889 жылы Верный бе­кі­нісінің маңындағы үш бірдей обада (оның екеуі Есентай өзенінің бойында) қазба жұмыстарын жүргізіп, олар­дың ертеректе тоналып кеткеніне қа­рамастан, көшпенділердің ежелгі өр­кениетіне қатысты екендігі жөнінде өзі­нің ұсынықты пікірлерін «Описание рас­копок трех курганов, находящихся на западной стороне г. Верного, в апреле и мае 1889 г.» деген жазбаларында жариялайды («Протоколы Туркестанского кружка любителей археологии. Том IV, Ташкент, 1899, с. 105-113) .

Көне Алматы XIX ғасырдың екінші жартысында осылайша біртіндеп өзі­нің ежелгі тарихының құпияларын Еуро­па және орыс зерттеушілеріне аша бас­тайды. Бірақ оның қадым замандардан бастау алатын ғажайып тарихын әлем жұрт­шылығына таныту алдағы уақыттың ен­шісінде болатын.

выап

Верныйға 1894 жылы мәшһүр шығыс­тану­шы В.В.Бартольд келеді. Ол осы сапары­ның ғылыми қорытындысын «Отчет о поездке в Среднюю Азию с науч­ной целью. 1893-1894 гг.» деген еңбегінде жан-жақты сипаттап жазады. Ғалым Үлкен Алматы өзенінің сол жағалауынан көне қаланың сілемдерін табады. Оған жолбасшы болған верныйлық архитектор П.Гурде бір кездерде дәл осы өзеннің жағасында көне түркі заманына қатысты ескі қаланың орны мен қирандысы болғаны және одан балбал тастарды көргендігі жайлы құнды мағлұмат береді.

Академик В.Бартольд: «Ташкентте болған кезімде доктор Н.Л.Зеландтан Верный қаласының маңында әлдебір көне қаланың қираған орны табылғаны жайлы естідім. Ол Үлкен Алматы шатқалының қарсы бетінде, Верныйдың оңтүстік-батыс жағында орналасқан. П.В.Гурденің айтуы бойынша, мұнда соңғы уақытқа дейін кірпіштен салынған ғимараттардың қирандысы сақталып, барлық көшенің бағыт-бағдарын дәлме-дәл анықтауға мүмкіндік болған. Қазір бүтін кірпіш атаулы тасып әкетілген... Қатарласа орналасқан бірнеше жарқабақ мұнда бір кездері диірмен болғандығын көрсетіп тұр. Оның тастары да сақталған екен, бірақ қазір тоналған. Ескі қаланың орнына түгелдей егін егіп жіберілгендіктен оның аумағын біздер дәл анықтай алмадық... Қаланың маңынан ескі қорғандар көзге шалынады. Біздің жолбасшымыздың айтуынша, олардың бірінен жерге жартылай кіріп кеткен тас мүсіндер табылған», – деп жазады (Бартольд В.В. Сочинения. т. IV, Москва, 1966, с. 83).

Мәшһүр ғалымның жазбалары бізге несімен құнды?

Біріншіден, орыстар ежелгі Алматы­ның орнына Верныйды салуға кіріскенде ескі қаланың орны ғана емес, оның ғимараттарының ортағасырлық шеберлер құйған кірпішіне дейін бүлінбеген күйі тұрған. Ескі замандардан дін аман жет­кен бүтін кірпіштерді «жаңа бекініс салу­шылар» казармалардың қабырғасына қалап жіберген.

Екіншіден, ескі қалада ғимараттары-мен қатар диірмен сияқты өндіріс орны мен оның тастарына дейін сақталыпты. Бұл ортағасырлық Алматы тұрғындарының отырықшы тірлік етумен қатар егін егіп, ұн тартып, ауыл шаруашылығы өндірісі­мен де айналысқанын көрсетеді.

Үшіншіден, Алматы ежелден осы өңірді мекендеген көне түрік тайпаларына қоныс болған. Оны қала маңындағы көне обалар мен қорымдар айғақтайды. Ең бастысы – дәл осы қаланың маңында Алматыдан мыңдаған шақырым қашық­тықта орналасқан Орхон, Енисей бойын­дағы тас мүсіндермен бірдей балбал тастардың табылғандығы. Бұл Еуразия сияқты алып құрлықтың бойында «Түрік қағанаты» атты біртұтас мемлекет құрған біздің даңқты бабаларымыздың тілі ғана емес, мәдениеті мен өмір-салты да ортақ болғандығын айқын дәлелдейді.

Бартольд жазбасын түйіндесек, Алма­ты шаһарының орнында ежелгі түрік тайпаларының көне қорғаны болған. Орта ғасырларда мұсылман шығысына әйгілі болған жаңа шаһар салынған. Орыстар Верный бекінісін салуға кіріскенде ортағасырлық Алматы қаласының орнын былай қойғанда оның еңселі ғи­мараттарының қирандылары мен кір­піштеріне дейін сақталып, қаладағы диір­мендер мен оның тастары да сол күн­дерге қаз-қалпында жеткен. Тіпті кө­шелерінің орналасуы мен бағыт-бағдарын нақты аңғаруға мүмкіндік болған. Бірақ «өркениет әкелуші» отаршылдар олардың бәрін аяусыз тонап, Верный бекінісін салу барысында пайдаланып кеткен.

Верныйды салу барысында ондағы ежелгі қоныстардан ғажайып жәдігерлер шықты.

Бартольд сапарынан он жыл бұрын – 1884 жылы Верный іргесінде егін салып жүрген Степан Егорин дейтін казак біздің заманымызға дейінгі алғашқы мыңжылдыққа қатысты сақ дәуірінде қоладан құйылған, салмағының өзі 11 пұт тартатын, кейін Еуразия құрлығынан табылған ең үлкен құрбандық тақтасы деп бағаланған жәдігерді табады. Бүгінде әлемдегі ең атақты мұражайлардың бірі – Эрмитаждың «Орталық Азия көне­ліктері» атты экспозициясында тұрған бұл өнер туындысы әлі күнге дейін көру­шілерді таң-тамаша қалдырумен келеді.

Көркемдік құндылығы мен көлемі жағынан теңдессіз саналатын бұл құр­бандық тақтасының ұзындығы мен ені  – 111х124 см, биіктігі 33 см. Тақтаның шетін жағалай 25 қанатты жануар сағат тілі бойы­мен тізбектеле орналасқан. Тақтаның төрт жағындағы тұтқаға қарасаң, оның түрлі құрбандық рәсімдерін өткізу үшін алып жүруге қолайлы етіп жасалғаны көрініп тұр.

вяапя

Жетісудың Үлкен құрбандық тақтасы (қазір Эрмитажда)

Кейін «Жетісудың Үлкен құрбандық тақтасы» деген атау берілген бұл жәдігер 1886 жылы Эрмитажға әкелінгенде ондағы ғалымдар мұны Будда дініне қа­тысты мұра деп бағалап, оны сақ, үйсін мәдениетіне жолатпайды. Кейін архео­логиялық зерттеулер нәтижесінде, Жетісу өңірінен дәл осындай мақсаттағы қанатты жан-жануарлар бейнеленген үлкенді-кішілі құрбандық тақтайшалары мен шырағдандар табыла бастайды. Солармен салыстыра қарастырған Эрмитаждың ғылыми қызметкері А.С.Стрелков 1934 жылы мұның сақ-скиф мәдениетіне қатысы бар деген қорытындыға келеді. XX ғасырдың ортасы мен екінші жартысында ашылған археологиялық жаңалықтар оның бұл пікірін толықтай дәлелдейді.

Ғажайып құрбандық тақтасында ежелгі тайпалардың адам мен табиғат, уақыт пен кеңістік, қимыл мен қозғалыс, макро және микро космос туралы түсі­ніктері көрініс тапқан. Үстіне от тұтатып, май құйып, дүниеден өткендер үшін күлше пісіруге арналған бұл тақта – мыңдаған жылдарға ұласқан дәстүр жалғастығының ескерткіші. Отқа, суға, көк аспанға табынған арыдағы сақ, үйсіндер мен беріде көк тәңірге сиынған ежелгі түріктер мен олардың ұрпақтары – бүгінгі қазақтар әлі күнге дейін отқа май құйып, адыраспан тұтатады.

Ортағасырлық Алматының ауқымды қала болғандығы соншалық, оның аман қалған құрылыс материалдарын тонап біткен соң, «өркениет таратушылар» қала төңірегіндегі жапсарлас мекендерді ескі заман «қалдықтарынан» тазартып, оның үстіне егін егіп жібереді. Ежелгі Алматы осындай тұрпайы талан-таражға ұшыраса да, оның келер ұрпаққа сақтаған құпиясы әлі мол болатын...

Жиырмасыншы ғасыр басындағы аласапыран заманда Алматыға қатысты археологиялық, ғылыми-зерттеулер сая­бырсығанымен, қала құрылысының қар­қынды жүргізіліп, көне тарихқа қатысты жаңа жәдігерлер табыла түсті.

Алматының арғы-бергі тарихына қа­тысты ғылыми деректерді жинақтап, жүйелеу ісі әйгілі шығыстанушы, түрко­лог ғалым, профессор А.Бернштамға бұйыр­ды. Ол жергілікті ғалымдармен бір­лесе отырып, 1939 жылы Алматы мен оның төңірегін жан-жақты зерттеп, нә­тижесін әуелі Ғылым академиясының хабар­шысында «Памятники старины Алма-Атинской области (по материалам экспедиции 1939 года)» деген жазбаларында жариялап, кейін 1948 жылы «Прош­лое района Алматы» атты іргелі тарихи-археологиялық очеркін жеке кітап етіп басып шығарады.

Профессор А.Н.Бернштам Алматы мен оның төңірегіндегі ежелгі қоныстар мен елді мекендер тарихын одан әрі тереңдете түсіп, оны сақ дәуіріне дейін апарды. Оның сол заман үшін өте батыл болжам ретінде қабылданған ғылыми ұстанымдары кейін археоло­гиялық зерттеулер негізінде толық дәлелденді. Дәл осы тұста әйгілі түрколог-академиктер С.Малов пен А.Самойловичтердің талантты шәкірті Александр Натанович туралы аз-кем мағлұмат бере кетсек, артық бола қоймас.

Бернштам бар ғұмырын түркі халық­тары­ның арғы-бергі тарихы мен аса бай мәдениетін зерттеуге арнады. Ол 1933-1953 жылдар арасында Жетісу өл­кесі, Қазақстанның оңтүстік өңірі мен Қыр­ғызстанда жүргізілген аса ірі архео­ло­гиялық экспедицияларға басшылық жасап, ғылыми айналымға бұрын бей­мәлім болып келген, өз құндылығын әлі күнге дейін жоймаған көптеген жаңа­лық енгізді. Шу, Талас, Іле ал­қаптарын зерттеп, көне Тараз, Ақыр­тас, Құлан қалаларының құпиясын ашты. Ай­ша бибі мен Бабажы қатын кесенелерінің кешенді сипаттамасын жасады. Соғыс қарсаңында – 1939 жылы Қазақстанның оңтүстігіндегі ортағасырлық қалалардың жан-жақты ғылыми тізбесі мен орналасуы туралы археологиялық карта жасады.

фап

Профессор А.Н.Бернштамның біз үшін ерекше құнды еңбегі – «Прошлое района Алма-Ата» атты жанрын өзі «та­рихи-археологиялық очерк» деп анық­та­ған еңбегі. «Әдемі көшелері бір-бірімен ұш­таса түсіп, гүлге оранған әсем қала, ке­ңестік Қазақстанның ару астанасы – Алма­ты орналасқан жерді адамдар өте ерте з­а­мандардан-ақ мекен еткен» деп бас­­талатын еңбек бұл Алматы мен ежелгі тұр­­ғындарына деген зор құрметпен жа­зылған.

Бернштам әрі қарай бұл өлкеде біздің за­манымызға дейінгі III және II мың­жы­лдықта өмір сүрген адамдардың жер өң­деп, егін егіп, кәсіп жасағанының мы­салы ретінде 1939 жылғы өзі басқарған экспе­дицияның Алматы қаласы Қам­қор көшесі 42-үйдің маңында қазба жұ­мыстары барысында табылған тас кетпенді мысалға келтіреді.

Бернштам экспедиция барысында Алматымен шектеліп қана қоймай, оның іргесіндегі Ақсай, Қаскелең, Тал­ғар, Шамалған, Ұзынағаш, Есік, Түр­ген­ді түгел зерттеп, ежелгі сақ, үйсін тайпаларының мол қазынасына кезігеді. Соның нәтижесінде, «Бүгінгі Алматы орналасқан аумақта сақ тайпалары тұрған. Кейінгі кезде табылған жәді­гер­лер анық көрсеткендей олар мәдени дамудың жоғары деңгейіне жетіп, түрлі кәсіптермен айналысқан. Сақтар – қазақ тайпаларының арғы аталары» деп оған дейін бірде-бір қазақ, орыс және кеңес тарихшысы айтпаған ежелгі сақ­тар­дың бүгінгі қазақтардың арғы атасы екендігі жөнінде кесімді пікірін айтады. Бернштам осы тұжырымын жазғанда орыс тарих ғылымында сақтар туралы көп айтылмайтын. Айтыла қалған жағдайда олар ежелгі грек және еуропалық мәнерде скифтер деп аталатын.

Батыста Ахеменидтер империясы­мен, оң­түстікте Үндістанмен шекте­сіп, Алтай таулары мен Қара теңіз ара­лығын­дағы Еуразияның алып дала­сын қоныс етіп, соңына ғажайып мұра қал­дырған арғы бабаларымыз – сақ­тардың өзінің де, олардың адамзат тарихы мен өркениетіне қосқан үлесінің де қадіріне біз әлі күнге дейін жете алмай жүрміз. Сол себепті түркітілдес халықтар тарихына мұрнын шүйіре қарайтын еуроцентристік ғалымдар тобы оларды әлі күнге дейін «парсытілдес халық» деген ғылыми негізі тайғанақ, жадағай теория шеңберінен шыға алмай келеді.

Парсылардың көне кітабы «Авеста» (б.з.д. X ғасыр) мен «Бехистун жазуынан» (б.з.д. VI ғасырда тасқа қашалған) бас­тап, кейінгі заман жазбаларында сақтар олардың қас жауы, өзге жұрт, жат тілдің тайпалары ретінде көрсетіледі.

ывар

Егер қазіргі Қазақстан картасына көз жіберер болсақ, шығыста – сақтардың аримаспылар, орталықта – арғыппейлер мен исседондар, батыста – савроматтар, Маңғыстау мен Сыр бойында – дай тайпалары, ал оңтүстік пен Жетісу өлке­сін тиграхауда сақтары мекендеді. Сақтар біздің заманымызға дейін өмір сүрген Геродот, Ксенофонт, Птоломей сияқты көне грек тарихшыларының еңбегінде скиф­тер деп аталғанымен, тарихшылар ата­сы саналған Геродот: «Парысылар скиф­тердің бәрін сақтар деп атаған» – деген анық­тамасын қолмен қойғандай жа­зып кетті (Геродот. История. Л., 1972, с. 333).

Тұңғыш рет Бернштамның кеңестік тарих ғылымында сақтарды «Қазақ тайпаларының арғы аталары» деген батыл болжамы кейінгі кезеңдерде ашыл­ған ғылыми жаңалықтармен ұдайы дәлел­деніп келеді. Профессор Бернштам Алма­тының осы күнгі Таулы қырат (Горный Гигант) тұсынан ежелгі үйсін тай­паларының қоныстарын тауып, «Бұл тұрақ болашақта Алматы қаласы түскен аумақ­та отырықшылықтың болғандығын ешбір талассыз дәлелдейтін алғашқы құ­жат болып табылады» деп Алматы қаласы тарихының нақты қай кезден бастау алатынын көрсетіп берді.

Автор бұдан соң үйсін мәдениетінің ерекшеліктеріне тоқталып: «Үйсіндер алтын­нан түрлі зергерлік бұйымдар жа­сау­да үлкен шеберлікке қол жеткізді» деп өзі бас­қарған экспедиция шеңберінде 1939 жылы Қарғалыдан табылған асыл тас­тармен көмкерілген алтын диа­де­ма­ның ғылыми сипаттамасын жасады. Бұл жәдігер қазір Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейде сақтаулы.

Тәуелсіздік жылдарында қазақ ғалым­дары қытай мұрағаттары мен ежелгі қы­тай жылнамаларына қол жеткізілген соң ежелгі Үйсін мемлекеті туралы жаңа мағлұматтар ғылыми айналымға шықты. Алатау мен Алакөл аралығындағы Же­тісу жерін мекендеген үйсіндер біз­дің дәуірімізге дейінгі 107 жылы Қытай­мен дипломатиялық байланыс орна­тып, император үйсін Күнбиіне қа­рын­да­сы Синьзюньді ұзатуға дейін бар­ған. Дипломатияда бұл тең дәрежедегі Мем­лекет басшысына ғана көрсетілетін құрмет саналады.

Бернштам еңбегінде көне «дулу» тай­­пасының қазақтар құрамындағы «дулат» тайпасының арғы атасы екендігі, олардың біздің заманымыздың алғашқы мыңжылдығында Шу мен Талас қана емес, Іле Алатауының етегін мекендегенін атап өте келіп: «Бұл шұрайлы жерлер қазақтар ішіндегі дулат тайпасының арғы аталары – көшпелі түріктердің дулу тайпалық конфедерациясына тиесілі болды» деген қорытынды жасайды. Алатауды мекендеген ежелгі түрік тай­паларының тарихы мен мәдениетіне деген үлкен ілтипатпен жазылған зерттеу Алматы шаһары мен оның тарихын зерттеудегі үлкен белес болды және кейін­гі зерттеушілерге әлі күнге дейін ба­ғыт-бағдар сілтеумен келеді.

вапр

Ежелгі ғұндар мен көк түріктер тари­хына қатысты осы күнге дейін ғылыми құндылығын жоймаған, Жетісу өлкесі, Оңтүстік Қазақстан, Орталық Азияға қатысты тамаша ғылыми еңбектердің сериясын жасаған ғалым өмірінің соңына қарай өркениет пен мәдениеттен мешеу қалған, кешегі бұратана, жабайы делініп келген халықтың көне тарихын кеңестік идеология қалыптастырған концепциядан көтеріңкі бағалағаны үшін көп қуғын-сүргінге ұшырады. Шығармаларын қайыра басуға тиым салынды.

Осы тұста қазақ қана емес, жалпы түрік халықтарына жасалған мына бір қиянат туралы айта кетпеске болмас. Патшалық Ресей төңкеріске дейін Түркиядан басқа бүгінгі бес тәуелсіз мемлекет болып отырған қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, әзербайжан ұлттарын түгелдей жаулап алды. Империяның ішінде қалған татар, баш­құрт, ноғай, т.б. ірі санды түрік халық­тарына да отаршылдық қамытын кигі­зіп, бәріне түзем, бұратана, жабайы деген ай­дар­ тақты. Сол себепті олар артта қалған халықтар деп саналды. Ре­сей отаршылдық саясатының мақсаты да жабайы халықтарды өркениетке, мә­дениетке тарту деп насихатталды. Мұн­дай империяшыл, өркөкірек саясатқа сәйкес дамымаған халықтың кешегі мәдениеті де болмауға тиіс еді.

Ғылыми шындықты аттап өте ал­маған кейбір орыс ғалымдары түрік халықтарының көне мәдениеті орыс халқының жеке князьдіктерге бірігуінен тым-тым арыда екендігін мойындауға, жазуына тура келді. Сондықтан олардың басым көпшілігі өз еңбектерін әуелі француз, неміс, ағылшын тілдерінде жариялауға мәжбүр болды. Мәселен, В.Рад­ловтың қазақ, қырғыз, татар халық­тары туралы еңбектері неміс тілін­де жазылып, әуелі Германияда жария­лан­ды. Тіпті әлемдік өркениеттің жау­һары са­налатын Орхон-Енисей ескерт­кіш­терінің құпиясын да дат ғалымы Томсен ашты.

ывп

Түрік халықтарының мәдениеттен мешеулігі туралы тезис кеңес заманында да үстемдік етіп келді. Мұндай қайыс ноқта Сталин өлкен соң сәл босаңсығаны­мен, коммунистік идеология деңгейінде үнемі қолдауға ие болып отырды.

Атақ-даңқы Бартольд пен Бернштам­дай болмаса да, Алматы тарихын зерттеуге өзіндік үлес қосқан тағы бір автордың есімін ерекше атап өткен ләзім. Ол В.Бартольдтың өзі жоғарыда біз келтірген еңбегінде сілтеме жасайтын өлкетанушы, археолог В.Д. Городецкий.

Алматы тарихын зерттеушілер үнемі айналып соғып отыратын 1927 жылы Ташкентте В.В.Бартольд құрметіне арналып шығарылған жинақта басылған В.Городецкийдің «Остатки древнего поселения к югу от г.Алматы (бывш. Вер­ный)» атты еңбегінде осы күнгі Кіші Алма­ты мен Есентай (Весновка) өзендері ара­лығындағы ортағасырлық қаланың орны зерт­теле келіп: «1922 жылы бірнеше рет Алматының оңтүстігіне қарай Веснов­ка өзенінің маңында болғанымда өзеннен тасылып, ескі қаланың іргетасына қаланған төртбұрышты қалыптағы тас­тарды көрдім» деп жазылған (В.В. Бар­тольд «Туркестанские друзья, ученики и почитатели», Ташкент, 1927, с.145). Ол 1924 жылы екі өзен аралығын картаға түсіріп (ол Бартольд жинағында жарық көрген), көне қаланың орнын ғана емес, оған қатысты көптеген жәдігерлерді тауып, оны Жетісу губерниялық музейіне өткізеді.

Верный бекінісін «салушылар» ортағасырлық Алматыдан табылған көне жәдігерлерді өрескел жабайылықпен пайдаланған. В.Городецкий Крюков дейтін көпес май шайқайтын зауытын Үлкен Алматы өзені бойындағы көне заман­дардан жеткен ескі диірменнің орнына салып, оның үстіңгі тасын ұста­ханасында пайдаланған. Ал дәл осы диір­меннің астыңғы тасы Талғардан табылған. Оны «Большевик» коммунасының жұмысшылары төртке бөліп, тері өңдеу зауытына пайдаланыпты. «Мәдениет таратушылардың» тірлігі мен қам-қарекетінің сиқы, ешбір әсірелеусіз, тура осындай надан кеуделікпен жүзеге асты.

Городецкий мақаласы мен ол жүргіз­ген зерттеулердің тағы бір құнды тұсы оның Алматы дәл бүгінгідей қанат жаймай тұрып, ескі қалашықтың орны да, оның қирандылары да сақталған кезде жазылғандығында.

Отандық тарих ғылымы өркен жайып, ұлттық кадрлар қалыптасқан жағдайда Алматы мен оның төңірегінің тарихын зерттеу К.Ақышев, М.Қадырбаев, К.Бай­пақов, З.Самашев сияқты талантты ғалым­дар тарапынан кең көлемде, тарих және археология ғылымының сан са­ласында жүйелі түрде жүргізілді. Про­фессор Кемел Ақышевтың 1969 жылы Алматыдан 50 шақырым жердегі Есік қорғанынан біздің заманымызға дейінгі V ғасырда өмір сүрген сақ ханзадасын табуы көне шаһардың сан қатпарлы та­рихын әлемдік деңгейге көтеріп, оны ғылыми тұрғыдан танудың жаңа бағытын қалыптастырды.

Бізді ерекше қызықтыратыны – Алтын адам табылған қорымнан шыққан кү­міс тостаған. Оның сыртқы жағына руна тәріздес жазумен екі жолға 26 таңба шекілген. Ғалымдар бұл жазуды түрліше оқып, әркім өзінше жорамал жасаумен келеді. Біздің пайымдауымыз бойынша шындыққа ең жақыны – көрнекті түрколог, көне түркі жазуының әлемдік деңгейде мойындалған айтулы маманы, профессор Алтай Аманжолов ұстанымы. Ол күміс тостағандағы таңбаларды көне түркі жазуларымен салыстыра келіп, мәтінді «Аға, саңа очуқ! Без чөк! Букун ігре (р?) азұқ» деп оқып, оны «Аға, саған бұл ошақ! Бөтен (жат елдің адамы) тізеңді бүк! Халықта азық-түлік мол болғай!» деп аударды (Аманжолов А., Түркі фи­ло­логиясы және жазу тарихы, А., 1996, 43-бет).

 

явап 

Алтын адаммен бірге табылған күміс тостағандағы жазу

––––––––––––––––––––––––––––––

Алтын адамның табылуы әлемдік археология тарихында ғана емес, түркі жазуындағы ғажайып жаңалық болды. Ол көне түркі жазуының тарихын мың жылға дейін шегеріп, қазақ жерін мекендеген ежелгі тайпалардың осыдан 2500 жыл бұрын өз жазу-сызуы болғандығын айқын дәлелдеп берді. Осылайша, «Ежелгі Алтай, Оңтүстік Сібір мен Жетісу, Тараз өңірін мекендеген прототүрік тайпаларының көне жазуы біздің дәуірімізге дейінгі алғашқы мыңжылдықта қалыптасты» деген ғылыми концепция орнықты.

Профессор Алтай Аманжолов 1961, 1977 жылдары Тараз, Талас өңірінде тасқа қашалған тағы 3 ескерткішті тауып, оны зерттеу мен оқу барысында өз пікірін одан толықтыра әрі нақтылай түсті. Ғалым кейін археолог Ф.Арысланов 1969 жылы Ертіс бойынан тапқан қола айнадағы жазудың құпиясын ашып, кейін Семей, Ертіс өңіріне 1983 жылы жасаған ғылыми экспедиция барысында өзі тапқан күміс білезік пен тас мөрдегі жазуды оқу арқылы көне түркі жазба ескерткіштерінің таралу ареалын кеңейтіп, бастапқы тұжырымын біржолата бекіте түсті.

Профессор А.Аманжолов кейін жа­саған экспедициялары негізінде Іле өзені бойынан өзі ашқан көне түркі жазба ескерткіштерінің жәдігерлері бойынша бітік жазуының Орхоннан тартып, Алтай, Ертіс, Жетісу, Алматы, Іле мен Талас бойына дейінгі аралықтарда еркін қолданыста болғандығын және бұл өлкені мекендеген тайпалардың ортақ тілде сөйлегендерін нақты ғылыми тұжырымдармен дәлелдеп берді.

Осы тұста мына бір шетіндеу мәселеге де тоқтала кетсек, артық бола қоймас. Түрік халықтарының ежелгі мәдениетін тұқырту науқаны барысында Есік қорға­нынан табылған күміс тостағандағы жазу­ды ежелгі бактрия немесе солтүстік үнді тайпаларының (кхароштхи) жазуы болуы мүмкін дейтін де гипотезалар әлі күнге дейін қылаң беріп қалады.

А.Аманжолов өмірінің соңына қарай осы жолдар авторының демеуімен 2003 жылы жарық көрген «История и теория древнетюркского письма» атты іргелі монографиясында: «Кү­міс тостағандағы жазуды оқудағы 1971 жылы ұсынылған нұсқа оған ке­ліспеген идеялық қарсы­ластар мен­ дилетанттардың назар аударуға тұрарлық маңызды аргументтерінің болмауы және бұл нұсқаны терістейтін ғылыми еңбектердің жарияланбауы себепті әлі күнге дейін мызғымастан сол орнында тұр» деп бұл жазуларды парсы, соғды, үнді жазба ескерткіштерімен байланыстырып жүргендердің пікіріне балтамен шапқандай тойтарыс береді. (А., 2003 жыл, 221-бет).

Мұның бәрін термелеп отыруымыздың тағы бір себебі – ежелгі Алматы арғы бабаларымыздың киелі қонысы ғана емес, осыдан 2500 ғасыр бұрын төл жазу-сызуы болған жалпы адамзат өркениетінің алтын бесігі екендігіне назар аудару. Алдағы уақытта бабаларымыздың алтынмен апталып, күміспен күптелген, асыл тастармен әшекейленген асыл бұйымдары әлі талай табыла жатар, бірақ көне жазудың орны бөлек. Сондықтан профессор А.Аманжолов ғылыми тұрғыдан дәлелдеген жазу үлгісінің қазақ қана емес, тұтас түрік дүниесі, жалпы адамзат өркениетіндегі алар орны, қосар үлесі айрықша болып қалатыны анық.

Тәуелсіздік тұсында профессор З.Самашев бастаған ғалымдар Алматы тарихын одан әрі тереңдетіп, палеолит заманына дейін апарды. Олар осы күнгі Алматыдағы алғашқы адамзат қоныстары төменгі палеолит заманында, яғни осыдан 100 мың жыл шамасында болғандығын нақты археологиялық қазбалар негізінде дәлелдеп, Фабричный поселкасы маңында жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде төменгі палеолит дәуіріне жататын тастан жасалған құралдарды тапты.

Қазба жұмыстары барысында шыққан қалдықтарды саралай келіп, ғалымдар: «Бүгінгі күнге дейін жинақталған деректерге сәйкес ежелгі адамдар қазіргі Алматының аумағында алғаш рет осыдан 100-50 мың жыл бұрын төменгі палеолиттің мустьер дәуірінде – тас ғасырда пайда болды» деген қорытындыға келеді (Самашев З., Григорьев Ф., Жумабекова Г. Древности Алматы, А., 2005, с.18).

Профессор Самашев бастаған топ осы күнгі Көктөбе мен Жарбұлақ өзенінің бойынан неолит дәуіріне (б.з.д. V-III мыңжылдықтар) қатысты қарапайым еңбек құралдарын да тапты. Бұл туралы авторлар: «Бұл кезде Іле Алатауының баурайы ежелгі адамдар қонысы болғандығын археологтер ашқан көптеген неолиттік тұрақтар дәлелдейді» деп жазады (Самашев З., Григорьев Ф., Жумабекова Г., Древности Алматы, 2005, с. 18).

Егер төменгі палеолит заманындағы жәдігерлерді ежелгі Алматының алғаш­қы қабаты дейтін болсақ, б.з.д. V-III мың­жылдықтарға жататын жаңа тас ғасыры – неолит заманынан табылған микролиттер (аңшылық, балық аулау, терімшілік пен тері өңдеу мақсатында қолданылатын шағын құралдар), нуклеустер (тастан жасалған қырғыш, кескіш құралдар) мен керамикалық заттар қалдықтарын ежелгі Алматының екінші қабаты деуге толық негіз бар.

Кейінгі жылдарда ашылған архео­логиялық зерттеулер нәтижесінде Алматының үшінші қабаты саналатын – қола дәуірден табылған заттар Алматы мен оның маңында бір-бірімен жап­сарлас тізбекті елді мекендер мен ежелгі қоныстар болғандығын дәлелдеді. Ю.Мотов, Т.Жұмабекова бастаған археологтер 1991 жылы Төменгі Каменка маңынан б.з.д. IV және IX ғасырларға қатысты 20-дан астам көне молалардан сол заманның материалдық мәдениетін айғақтайтын мол жәдігерлер тапты.

Археологтер К.Ақышев пен Ғ.Қу­шаев­тар 1960 жылдары Медеу жақ­тағы Бұтақты және Ақсай шатқалынан тапқан жәдігерлер б.з.д. II және I мың­жылдықта Алматы мен оның маңында ежелгі тайпалардың тұрақты қоныстары болғандығын дәлелдеді. Бұл тайпалар аталған дәуірде біртіндеп көшпеліліктен жартылай көшпелілікке, маусымдық көшіп-қонуға қолайлы қалашықтарға орныға бастаған.

явап

Алматының төртінші қабаты – сақ-үйсін мәдениетіне қатысты кезең. Мұның дәлелі – қаланың дәл іргесіндегі әйгілі сақ патшаларының қорғандары. Кезінде біз оларды «дала пирамидалары» деп атағанбыз. Профессор К.Ақышев Іле жағасында орналасқан әйгілі «Бесшатыр» қорымында 31 сақ қорғаны, ал Есік қорымында 40-тан астам осындай қорған болғанын анықтады.

Ежелгі сақтар мен үйсіндер тек алтыннан ғана бұйымдар жасаған жоқ, олардың қоладан құйған заттары мен оның құю техникасы, көркемдік құндылығы бүгінгі заман адамдарын да таң-тамаша қалдырумен келеді. Кезінде Алматының дәл іргесінде Каменское плато елді мекенінен, Үлкен және Кіші Алматы өзендері бойынан табылған б.з.д. VII-IІ ғасырларға қатысты қола және мыс қазандар мен табақтар, садақ тартқан аңшылар мен малдас құрып отырған адамдар бейнеленген шырағдан мен құрбандық тақталары, қоладан құйылған қанатты ат пен барыс, жолбарыс пен арыстан мүсіндері, ат әбзелдері, мифтік сипаттағы түрлі зооморфтық бейнелер – сақ-үйсін мәдениетінен жеткен баға жетпес мұрамыз.

Мұның бәрі – біздің заманымызға дейінгі X ғасыр шамасынан бастап, Алматы мен оның төңірегін ежелгі сақ, үйсін тайпаларының біз әлі күнге дейін кешенді түрде зерттей алмай жүрген ғажайып мәдениет қалыптастырғанының айқын дәлелі. Алматының әр тұсынан жүргізілген құрылыс жұмыстары барысында қазірге дейін табылып жатқан ежелгі қоныстарының орны бұл болжамды толығымен растай түседі.

Алматының бесінші қабаты Түрік қағанаты (VІ-VІІІ ғасырлар) кезінде пайда болды. Әйгілі Бумын қаған 552 жылы хан тағына отырғанда інісі Естемиді қағанаттың батыс бөлігіне ябғу, яғни мемлекеттегі екінші адам етіп қояды. Ол 554-56 жылғы көк түріктердің қалың қолын бастап, Алтай асып, Жетісу, Тараз, Түркістан өлкесін түгелдей қағанатқа қаратып, тілі мен мәдениеті тамырлас ежелгі үйсін, дулат тайпаларын империяға қосады.

Византиямен дипломатиялық, сауда байланысын орнатқан Естеми әуелі Самарқанд пен Бұхараны бағындырды. Бұдан кейін 567 жылы Аралдан асып, Еділді бойлап, Солтүстік Кавказды түгел жаулап, Иран шебі саналатын темір қақпа – Дербентке дейін жетеді.

Даңқты қолбасшылығымен қатар ақылман саясаткер болған Естеми Иранмен ұзақ жылдарға созылған дау-шарды бітіммен аяқтап, қызын қазақ тарихында әділетті патша – Наушаруан атанған, Фирдаусидің әйгілі «Шахнамесінде» жырланатын шахиншах Құсырауға (Хосров І) ұзатады. Дәл осы некеден Иранның келесі патшасы Ормыз туады.

Естеми Византия императоры Екінші Юстиннің жіберген елшісі Земархты Сырдың бойындағы он екі қанат ақ ордасы – киіз үйде қабылдаған. Бұл – византия, иран және түрік хроникасына түскен әйгілі оқиға. Міне, осы Естеми қаған билік құрған тұста Жетісу өлкесі, осы күнгі Алматы маңы түгелдей Түрік қағанатының билігіне көшеді.

(Жалғасы) 

 

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,

Ұлттық ғылым академиясының академигі