Алматыны отарлаушылардың алғашқы тобының алдынан орыстілді әдебиетте тұрпайы түрде «каменные бабы» деп аталатын көк түріктердің тастан қашалған ескерткіштері сап құрып шығады.
Бұл туралы Верный тарихын зерттеген В.Бартольд бастаған ғалымдар жазудай-ақ жазды. Ол кездегі жас археолог, кейінгі профессор А.А.Спицын 1898 жылы Императорлық археологиялық қоғамның жазбаларында «К вопросу о каменных бабах» атты мақаласын жариялайды (т. Х, вып. 1-2, СПб., 1898). Автор бұл еңбегінде осы күнгі Алматының дәл ортасындағы – Үлкен және Кіші Алматы, Есентай өзендерінің бойынан табылған көк түріктердің тастан қашалған мүсіндерінің сипаттамаларын жасайды. Ескерткіштердің көптігі соншалық, олардың бір бөлігі экзотика ретінде Верныйдағы қоғамдық баққа, ашық аспан астына қойылады.
Тәуелсіздік жылдарында археологтер Ф.Григорьев, А.Загородный, Ю.Мотовтардың 1995-1998 жылдарда қазіргі Алматының Әл-Фараби даңғылы бойында орналасқан бұрынғы «Алатау» кеңшары мен Медеуге барар жолдағы «Просвещенец» демалыс үйінің маңында түрік қағанаты кезеңіне қатысты қалашықтардан көптеген жәдігерді тапты.
Көк түрік шеберлері тек тастан ғана емес, ағаштан қашалған, теріден иленген, жүннен тоқылған, киізден басылған, күнделікті тұрмысқа қажетті текемет, алаша, кілем, киіз үй жабдықтары, ат әбзелдері мен тұрмыстық заттар жасаған. Олардың өнер туындыларындағы зооморфтық бейнелер, ою-өрнектер мен алтын, күмістен құйылып, асыл тастармен көмкерілген зергерлік бұйымдар сақ-үйсін заманындағы қалыптасқан стильдің жалғасатынын дәлелдейді.
Алматының алтыншы қабаты ерте орта және классикалық орта ғасырларға қатысты. Орта ғасырларда қазіргі Алматы алқабында бір-біріне жақын орналасқан онға жуық бірнеше шағын қала болған. Олардың ең үлкені түркі дереккөздерінде Алмату, Алимту, кейде Алмалық деп атала бастады.
Хронологиялық тәртіпті сақтап бері жылжитын болсақ, Алматы мен Алмалықтың аты аталатын тағы бір іргелі еңбек – Ұлы моғолдар империясының негізін салушы Захир ад-дин Бабырдың әйгілі «Бабырнамесі» болып шығады.
«Бабырнаменің» 1493-1494 жылдарға арналған тарауында: «Солтүстік жақта ертеректе Отырар кітаптарында аталатын Алмалық, Алмату және Янги сияқты қалалар болды, бірақ олар моғолдар мен өзбектердің шапқыншылығынан қирап, елді мекендер мүлде қалған жоқ», деп жазады («Бабур-наме», Ташкент, 1992, с. 20).
Әрине, Ұлы моғолдар империясының негізін салған падишаһ, үлкен оқымысты Бабыр өз заманына қатысты оқиғалар туралы не жазса да біліп жазғаны анық. Ол «Бабырнамеде» Алмалықпен қатар Алмату қаласының да атын атайды. Автор жазып отырған 1493-1494 жылдарда үш қала да моңғол шапқыншылығы кезінде біржолата қирап біткен.
Бабырмен замандас деуге болатын тағы бір тұлға – үлкен мемлекет қайраткері, ғұлама тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати. Оның XVI ғасырдың алғашқы жартысында жазылған әйгілі «Тарих и Рашиди» еңбегінде де Алматау – Алмату қаласының аты аталады.
Дулати еңбегінде екі рет қатар аталатын бұл қаланың осы күнгі Алматы екендігі туралы В.Бартольд 1898 жылы жазған «Работы по истории Средней Азии» атты еңбегінде: «Әмір Темір 1390 жылы Моғолстанды талқандау және Ертіске қарай қашқан Қамараддинді қуғындау үшін тағы да әскер жібереді. Ташкенттен шыққан қол Ыстықкөлге жетіп, одан әрі Көк-тепе тауларынан өтіп, Аршату тау жолдары арқылы Алмалыққа келеді (бұл Алматы қаласы болуы мүмкін, қазіргі Верный)», деп атап көрсетеді (Бартольд, 2-том, 1-бөлім,
83-бет).
Алматы, Жетісу өңірі, Оңтүстік Қазақстанның ортағасырлық шаһарлары мен Ұлы Жібек жолы бойындағы көне қалалардың тарихын зерттеуге аса зор үлес қосқан белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Карл Молдахметұлы Байпақов болды.
Ол өзінің әр жылдарда жарияланған еңбектерінде Алматы тарихына жиі оралып, кейінгі ашылған археологиялық деректер негізінде пікірін үнемі жетілдіріп, толықтырып отырған. Ғалым 1986 жылы жарияланған «Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья» атты монографиясында Алматы тарихына қатысты: «Іле алқабында Алмалық (Алмату) орналасқан... ХVІ ғасырдың басында Алмалық (Алмату) түгелдей қирап біткен. Бұл қаланы осы күнгі Алматының орнында болған қалашықтардың бірі деп есептеуге болады», деп ортағасырлық Алматудың бүгінгі Алматы екендігін атап өтеді (37-бет).
Байпақов арада 12 жыл салып жарық көрген «Средневековые города Казахстана на Великом Шелковом пути» атты монографиясында тақырыпты тарата түсіп, оған «Прошлое Алматы» деген шағын тарау арнайды.
Ол Алматы дамуының ортағасырлық кезеңі туралы: «Алматы өңірінің келесі даму кезеңі мұнда қалалар мен елді мекендер орныға бастаған феодализм заманында орын алды. Бұл – қалалық мәдениет дами түскен VІІІ ғасырдың соңы мен Х ғасырдың аралығы», дей келіп, оны кейінгі жылдарда жүргізілген археологиялық зерттеулер мен табылған жәдігерлер негізінде қос қабатқа жіктеп: «Қаланың қос қабаттан тұратыны анықталды. Оларды жалпы топографиялық келбеті мен керамикалық материалдарына қарап, ІХ-ХІІІ ғасырға жатқызуға болады», деп тұңғыш ортағасырлық Алматының қос қабаттан тұратындығы жөнінде кесімді пікір айтты (жоғарыда аталған еңбек, 179-бет).
Академик К.Байпақов 2005 жылы жарық көрген «Древние города Казахстана» атты еңбегінде өзінің бұған дейінгі жазбаларындағы Алматы туралы пікірін жинақтай келіп: «Жазбаша деректерге, табылған монеталарға және археологиялық материалдарға сүйене отырып, қазіргі Алматы қаласы Х-ХІ ғасырларда қалыптасты деуге толық негіз бар. Осылайша, оның тарихына кемінде бір мың жыл болды», деген нақты қорытындыға келеді (Сонда, 73-бет).
Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу өңіріндегі қалалар тарихының үлкен білгірі саналатын академик Байпақовтың бұл пікірімен келіспеу қиын. X ғасырда өмір сүрген аноним автор жазған әйгілі «Худуд аль-Алам» атты энциклопедиялық еңбекте X ғасырда бір ғана Тараздың ар жақ-бер жағындағы Құлан, Меркі, Атлах, Тұзын, Балық, Бархан, Сикул, Тоң, Пеншіл және Талхир қалаларының аты аталады. Өкініштісі, біз олардың орналасқан жерін былай қойғанда, кейбірінің өз атын да ұмытып үлгердік.
Академик Байпақовтың Алматының қос қабаты туралы пікірін таратып айтар болсақ, оның алғашқы бөлігі Қазақстанда ислам діні тарауының бастау алар тұсы – VIII ғасырда мұсылман шығысындағы қала құрылысы мен архитектурасына сай үлгіде қаланып, X ғасырға дейін жалғасқан. Орта ғасырлар тұсында (XI-XIII ғасырларда) Алматы дәуірлеп, бүкіл Орталық Азия, мұсылман шығысына белгілі қала дәрежесіне жеткен. Оның сол заманның айтулы қайраткерлері – Бабыр мен Дулати қаламына ілінетіні дәл осы тұс.
Енді академик К.Байпақов жоғарыда айтып өткен монеталарға оралайық. Алматы тарихына қалам сілтегендерді өзіне магниттей тартып тұратын бұл ғажайып теңге де арнайы тоқталуды қажет етеді.
Өткен ғасырдың 70-жылдарында Алматы қаласы халқының саны миллионға жуықтаған, әлемдік деңгейде танылған ең әдемі қалалардың қатарына енді. Дәл осы кезде қаланың оңтүстік шекарасы саналып келген осы күнгі Әл-Фараби даңғылының бойы мен оның жоғары жағында құрылыс жұмыстары қарқын алады. Ортағасырлық Алматының ең салтанатты сарайлары дәл осы Әл-Фараби даңғылы өтетін белдеудің бойында – Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің аралығында орналасты. Сол себепті қала құрылысы өркендеуіне байланысты алаңдардың әр тұсынан көне Алматыға қатысты материалдық жәдігерлер молынан табыла бастайды. Осы күнге дейін Алматы тарихын зерттеушілерді таң-тамаша қалдырумен келе жатқан күміс бақырлар Достық даңғылы бойындағы осы күнгі Әскери академия (ол кезде Шекарашылар училищесі) маңынан шығады.
Ғылыми жұртшылыққа сенсацияны тұңғыш жеткізген Ленинград университеті шығыстану факультетін бітірген жас ғылым кандидаты, шығыстанушы, нумизмат В.Н.Настич болды. Ол 1979 жылы аты-жөнін айтуды құпия сақтаған алматылық әйел (әскери адамның зайыбы болуы мүмкін) училище құрылысы жүргізілген жерден ескі теңгелерден тұратын қазына табылғанын (шамамен 10-12 күміс бақыр) және оны әскери қызметкерлердің теңдей бөліп алғанын жеткізеді. Әлгі әйел олжасының құнын бағамдау үшін өзіне тиесілі 2 күміс теңгені Настичке көрсетеді.
«Иесі» сыйлау, сату, музейге өткізуден үзілді-кесілді бас тартқан соң, жас ғалым екі теңгенің де жазбалық және суреттемелік сипаттамасын жасап, соның негізінде жазылған «Новые факты из истории монетного производства и денежного обращения в Южном Казахстане» деген мақаласын 1983 жылы жариялайды.
Настичтің бұл теңгелердің Алматы қаласында шығарылуы мүмкін екендігі жөніндегі ұстанымы К.Байпақов бастаған ғалымдар тарапынан қызу қолдауға ие болып, Алматы тарихы бұлтартпас мықты жәдігермен толығады.
Арада он жыл өтіп, В.Н.Настич Мәскеуде Шығыстану институтында қызмет атқарып жүргенде алматылық нумизмат В.В.Дубинин оған әлдебір күміс теңгені көрсетеді. Ол бұл теңгені бір кездері Алматы қаласында қызмет атқарған әскери адамнан алғандығын және оның қолында дәл осындай тағы екі теңгенің болғандығын жеткізеді. Әрине, Настич бұлардың бір кездері Алматыда өзі көрген қос бақырмен егіз қозыдай ұқсас екендігін бірден байқайды.
Арада тағы да жылдар өткенде Настичке Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласынан келген жергілікті өлкетанушы Г.И.Величко жолығып, оған Алматыдан 150 шақырым жердегі Қордай асуынан күміс бақырлардан тұратын үлкен олжа табылғанын хабарлайды. Оның «иелері» қазынаны қымбат бағаға сату үшін ізін жасырып үлгеріпті. Бірақ өлкетанушы Величко оны Настич жазбаларындағы теңгенің суретімен салыстыра келіп, бірқатар белгілері мен таңбаларының ұқсастығын анықтайды.
Тағы біраз уақыт өтіп, 1990 жыл келгенде Настичке мәскеулік А.А.Койфман оңтүстік жақтан табылған (өзі Қазақстан немесе Өзбекстан деп шамалайды) екі теңгені көрсетеді. Бұл бақырлардың бұған дейін өзі сипаттап жазған күміс теңгелерге өте ұқсас екендігін байқаған Настич оларды мұқият зерттеуге кіріседі. Оның алғашқысы әбден мүжіліп, жазулары өшіп, шекілген таңбалары көмескіленіп қалса да, екіншісінің жазулары да, таңбалары да көзіне оттай басылады.
Ол жазуды оқуға кіріседі. Күміс теңгенің басқы бетінің (аверс) шет жағына бойлай дөңгелей сызық жүргізілген. Оның бойында алты інжу тастар бейнеленіп, сызық бойына куфа жазуымен «Әл-мүлку Аллаһу әл-уахиди әл-каһар», деп жазылған. Мұндағы төрт сөздің – мүлік, аллаһ, уахид және каһар төртеуі де сол кездегі алматылықтармен қатар бүгінгі қазақтардың бәріне де түсінікті сөздер. Алладан басқа сөздер мұсылман халықтарының бәрінде дерлік кісі есімдерінде кездеседі. Сөйлем тұтастай алғанда «Дүние Жалғыз, Қаһарлы Аллаға тиесілі», деп аударылады. Мұндағы «уахид» пен «каһар» – Алла Тағаланың 99 сипаттарының бірі. Теңгеде олардың дәл ортасына «бақыт байлауы» өрнегі қабаттаса түсірілген.
Алматыда соғылған күміс теңгелер
Теңгенің артқы бетінің (реверс) ортасында таңба шекіліп, дөңгелек сызықтың бойына: «Дуриба Һазиһи әл-дирһәму бибилади Алмату санәтә хфд», деп жазылған. Сөзбе-сөз аударылуы «дурибә» – шекілді, басылды; «Һазиһи» – мынау, осы; «дирһәм» – дирхәм; «бибалад»: би – сөз алдындағы демеулік, «балад» – ел, аймақ, қала; «Алмату» – араб тіліне тән сөздің асты-үстіне түсірілетін белгі-харакатсыз жазылғандықтан, бұл сөзді «Алмату» немесе «Алмати» немесе «Алматы» деп оқуға болады; «саната» – датасы, шығарылған уақыты деп аударылады.
Диаметрі 22 мм, салмағы 1,87 грамм ғана болатын осы бір кішкентай ғана күміс бақырдың Алматы тарихында алар орны баға жеткісіз болып шықты.
Мұндағы «балад» сөзі осы күнгі араб тілінде «ел» деген мағынаны берсе де, орта ғасырда үлкенді-кішілі, кейде тәуелсіз, кейде вассал, кейде қала, енді бірде тұтас өңір мен аймақ, кей жағдайда дербес қала-мемлекет деген мағынада да қолданылған. Сондықтан «балад» сөзін қала деген мағынада қабылдауға әбден болады. Ал теңгедегі Алмату, Алмати, Алматы сөзі қапысыз, өзінің бастапқы мағынасында оқылады.
Теңгенің шығарылған датасының араб әріптерімен берілуі де шығыстанушылар үшін әбден түсінікті жайт. Араб әліпбиінде әрбір әріптің цифрлық таңбалануы бар. Мәселен, алғашқы әріп «әліптің» сандық бейнесі – 1. Қалған әріптер де осындай сандық баламаға ие. Мұны арабтанушылар «әбжад» дейді. Сондықтан Настич теңгедегі дата «хфд» әріптерімен көрсетілген деп пайымдайды. Мұны ғалым мұсылман күнтізбесі мен жыл санауының ерекшелігіне сәйкес хиджра бойынша 684-685 жыл (Григориан күнтізбесі бойынша – 1286-1287 жыл) деп есептейді.
Сонда орыс отаршылдары Верный бекінісін салуға кіріскенде ондағы көне Алматыдағы теңге сарайының жұмыс істегеніне тұп-тура 568 жыл болған екен.
Жетісу өлкесінің отарлануы туралы ғылыми әдебиетте аз жазылған жоқ. Әрине, төңкеріске дейінгі еңбектер, негізінен, отарлаушы аппарат шенеуніктері авторлығымен жазылғандықтан, онда империялық астамшыл пікір үстем болып келді. Солардың ішінде ешбір ғылыми атағы болмаса да, Алматыда туып, бар ғұмырын Жетісу өлкесінде өткізген, кейін войсковой атаман (тұрақты армиядағы майормен шендес) дәрежесіне дейін өскен Н.В.Леденевтің есімін ерекше атауға болады.
Ресей империясының әскери министрі Куропаткин 1902 жылы Казак әскерінің бас басқармасына Ресей казачествосының тарихы мен жеңістеріне арналған арнайы еңбек жазуға тапсырма береді.
Жетісу казактарының басшысы, генерал-майор И.С.Волковтың пәрменімен арнайы шығармашылық топ құрылып, олар тез арада материалдар жинауға кіріседі. Солардың бәрін қорытып, жинақтаған Леденев «Исторія Семиръяченскаго казачьяго войска» атты 879 беттік көлемді еңбек жазып, оны 1909 жылы Верныйдың өзінде басып шығарады. Автордың қазақтың арғы-бергі тарихына қатысты жадағай пікірлерін есепке алмағанда, оның Жетісу өлкесінің отарлануына қатысты әскери адамның дәлдігімен жазылған оқиғалар мен келтірілген деректерін назар аударуға әбден тұрарлық деп білеміз.
Н.В.Леденев өз еңбегінде 1853 жылдың 2 шілдесінде майор Перемышльскийдің 460 адамнан құралған 110 ат пен 300-ден астам түйеге жүк артқан аттылы-жаяу және артиллериялық отряды Қапалдан шығып, осы күнгі Алматының орнына келгенін атап көрсетеді.
Олар төңіректі түгел байқастау үшін Іле өзенінен өтіп, Есік, Талғар, Қаскелең, Түрген маңын түгел сүзіп шығады. Жергілікті қазақтармен байланыс орнатып, олардан экспедиция барысында зорығып, суға кетіп өлген жылқы, түйелердің орнына пұлын беріп, мал сатып алады.
Перемышльский отряд құрамындағы инженер-поручик Александрскиймен бірге шілде-тамыз айларында қазіргі Алматының ортасында қалған Кіші және Үлкен Алматы өзендері арасын жан-жақты зерттеп, көне заман тайпаларының ежелгі қоныстары болған бұл орынның жаңа бекініске өте қолайлы екендігін анықтайды. Мұрағатта майор Перемышльскийдің 1853 жылдың 8 тамызында жазған баянаты сақталған. Онда Перемышльский корпус командиріне: «Осмотрев с инженером-поручиком Александровским первыя и вторыя Алматы... предложили Алматы местом будущего поселения, при этом через занятие этого пункта все лучшие кочевья и хлебопахотные места Дулатов будут у нас под руками», деп жазады (Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты, 3-қор, 1-тізім, 7-іс).
Баянаттың екі тұсына ерекше назар аударған жөн. Біріншісі – болашақ елді мекеннің орны ешбір өзгеріссіз «Алматы» деп берілгендігі, екіншісі – бұл иен жатқан жер емес, дулат руының ежелден егін салып, көшіп-қонған қонысы екендігі.
Бұл туралы Леденев те: «В конце июля и начале августа Перемышльский, с инженер-поручиком Александровским, осмотрел долину рек Большой и Малой Алматы. Рекогносцировка убедила начальника отряда, что эта долина, по удобсту добывания леса, большому количеству прекрасной, перерезанной арыками (оросительные каналы), земли и обилию сенокосных мест, несравненно лучше долины реки Иссык, посему Перемышльский, окончательно уже и решил избрать именно эту долину для заложения предположенного укрепления, т. е. в будущем города Верного», деп жазады («История Семиреченского казачъяго войска», Верный, 1909, с. 75).
Болашақ Алматының қазығы осы күнгі Райымбек даңғылының Жетісу көшесімен қиылысатын тұстан төменіректе Кіші Алматы өзенінің батыс жағында қағылып, алғашқы жеркепелері қазылды да, таулы өлкедегі қыстың қаһарынан қаймыққан отряд малға да, қонысқа да жайлы Іле өзенінің бойына келіп, сол жерді қыстап шығады.
Келесі, яғни 1854 жылдың көктемінде отряд Алматыға қайтып оралады. Бұл туралы Леденев: «Зима с 1853 на 1854-й и весь 1854 год прошли в Заилийском крае сравнительно спокойно, никаких более или менее значительных экспедиций не предпринималось. Заилийский отряд, состоявший и в 1854 году под начальством пристава при киргизах Большой Орды майора Перемышльского, усиленный одной ротой пехоты, занят был устройством в долине реки Алматы Заилийского укрепления, названного потом Верным», деп жазады (Сонда, 76-77 беттер).
Жетісуға жіберілген отрядтың ешбір кедергісіз, шығынсыз Алматы төңірегіне орнығуы Батыс Сібір генерал-губернаторы әрі дербес Сібір корпусының командирі Г.Х.Гасфордтың қазақ даласын отарлауды жеделдете түсу туралы мақсатын нықтай түсіп, ол 1853 жылдың 26 қарашасында сол кездегі әскери министр, князь В.А.Долгоруков арқылы Император Бірінші Николайға Ресей империясының Қазақстанның оңтүстігі мен Орталық Азияны отарлауына тірек болатын жаңа форпост – Алматы бекінісін салу жөнінде ұсыныс-хат жолдайды.
Біз бұл құжатты ұзақ іздеп, Қазақстан мұрағаттарынан таба алмадық. Жетісу өлкесі Түркістан губерниясына қарағандығын ескеріп, Өзбекстанға да сұрау салуға тура келді. Іздеген құжаттың бір парасы қағаз атаулыға мұқият қарайтын көрші елдің басты мұрағатынан табылды.
Корпус командирі – губернатор Гасфорд штабынан шыққан құжаттар
Император атына жазылған хат әскери министрге дейін ондағы департамент басшысына келетіні белгілі. Осы тәртіпке сай министрліктің инженерлік департаментінің басшысы, генерал-адъютант А.И.Фельдман 1854 жылдың 28 қаңтарында әскери министрге генерал-губернатор Гасфордтан хат келгендігі жөнінде: «Командирь отдельнаго Сибирскаго Корпуса ходатайствуетъ с Высочайшемъ соизволеніи на возведеніе внове укрепления въ Большой Киргизской ордъ, за р. Или, въ урочище Алматы, и о наименовании предполагаемого укръпленія», деп баяндай келіп, оның департамент инспекторлары тарапынан мұқият қаралғанын, кейбір кемшін тұстары болса да, ұсынысты мақұлдауға болатынын атап өтеді.
Инженер-генерал Фельдман болашақ бекініс туралы:
«1) Предпологаемае укрепленіе будетъ находиться на лъвамъ берегу ръчки названія Алматы, въ 3-х верстахь оть подножія Кунгей Алатавской горной цъепи, въ 45 верстахь оть р. Или /: считая по кратчайшему разстоянію въ 62-х верстахь отъ Копальскаго укръепленія.
2) Пункть этоть, находясь вь средоточіи плодородной Заилійской долины, будеть служить во 1-хъ къ упроченію порядка и спокойствія вь Большой ордъ; во 2-хь къ пріобретенію большаго вліянія надъла вь Хокандъ и Ташкентъ; въ 3-хъ къ сближенію съ дикокаменными киргизами и къ открытію чрезъ то торговаго пути въ Кошкарію», деп нақты деректер келтіреді (Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты, 715-қор, 1-тізім, 15-іс, 25-бет).
Баяндамада болашақ бекіністің географиялық сипаттамасы, айналасының егін салу, мал өсіруге қолайлылығы, төңірегіндегі құрылысқа қажетті ағаш атаулының молдығы жайлы толық мағлұматтар келтірілген.
Алматы туралы зерттеулерде ара-тұра болса да жаңа бекіністің «Верный» атауын императордың өзі қойған деген дерек ұшырасып қалатынын бұрын да байқағанбыз. Бірақ оларда нақты құжатқа сілтеме жасалмайтын әрі мұрағаттық қайнары анық көрсетілмейтін. Біз көптен іздеген дерегімізді осы құжаттан таптық. Хат соңына әскери министр төменгідей резолюция соғыпты. Онда: «Резолюция: «Собственною Его Величества рукою написано карандашомъ: «Согласенъ. Укрепление назвать Вернымъ. 4 февраля 1854 г. Князь Долгоруковъ», – деп жазылған.
Император өз қолымен осылай деп жазды деген әскери министр, князь Долгоруковтың бұл жазбасына шүбә келтіру қиын. «Верный» деген атаудың мәнісі де әбден түсінікті: Ресейге адал, императорға адал, империя саясатына адал деген мағына.
Император бұрыштамасы соғылған хат сол кезде түрлі себеппен қызметінде болмауына байланысты дербес Сібір корпусы штабының бастығы генерал-лейтенант А.И.Яковлевтың атына келіп түседі. Оның: «Государъ Императоръ, изъявивъ нынешнаго февраля Свое согласіе на возведеніе новаго укрепленія в большой Киргизской орде въ урочище Алматы, Высочайше повелел назвать это укрепленіе «Вернымъ», деген мазмұндағы жеделхаты 24-жаяу әскер дивизиясының бастығына, көшірмелері Шекаралық басқармаға, Наказной атаманға, Артиллериялық гарнизон бастығына және Омбы далалық провиант комиссиясына қоса жолданады (Ресей Федерациясының әскери-тарихи мұрағаты; 1449-қор, 1-тізім, 3-іс, 3-4 беттер).
Осылайша, тас қашап, қола құйып, алтынмен апталып, асыл тастармен көмкерілген ғажайып өнер туындыларын жасаған, күмістен теңге соқтырған асыл бабаларымыздың алты қабаттан тұратын ардақты аманаты – Алматы қаласы патша ағзамның көңіл ауанымен сүйкей салған келте шешімінен кейін Верный атанып, ежелгі қала орнына оның жетінші қабаты орныға бастайды. Бірақ жергілікті халық қадым замандардан бері «Алматы» деп атаған әсем атау ұзақ жылдар бойы Верныймен қабаттаса қолданылады.
Императордың өзі «Верный» деп ат қойып, айдар таққан жаңа мекен төңкеріске дейін қала мәртебесіне ие болса да, архитектуралық келбеті жағынан станица деңгейінде қалып қойды.
Әуелі Кіші Алматы өзенінің батыс жағына әскери бекініс салынған соң көп ұзамай өзеннің қарсы бетінде Кіші Алматы станицасы, ал бекіністен оңтүстікке, яғни тауға қарай Үлкен Алматы станицасы түсті. Екеуінің ортасында осы күнге дейін қала жұртшылығы «Татарка» деп атайтын Татар слободкасы орнықты.
Ортағасырлық Алматының үстіне салынған Верный қаласы Ресей империясының Қазақстанның оңтүстігін отарлау және бүгінгі төрт бірдей тәуелсіз мемлекет – Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанды жаулап алудағы басты форпост қызметін император қойған атауына сай «адал» атқарды.
Ақиқатын айтар болсақ, қулық-сұмдық, сұрқиялықпен, озбырлықпен, кейде жантүршігерлік әскери қырып-жоюмен жүзеге асқан орыс отаршылдығы туралы төңкеріске дейінгі либералдық бағыттағы орыс ғалымдары жазудай-ақ жазды. Отаршылдық жауыздығын өз көзімен көріп, ол туралы іргелі зерттеулер жазған Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамбетов, Жақып Ақбаев және Санжар Асфендияров сияқты ұлт зиялылары түгелдей репрессия тырнағына ілініп, атылып кетті.
Ресей империясының қаныпезерлікпен жүргізілген отаршыл саясатының бет-пердесін сыпырып, оған қарсы бағытталған Кенесары Қасымов бастаған қозғалыстың ұлт-азаттық сипатын ашып көрсеткен қазақ тарихшылары екінші буынының аса көрнекті өкілі Ермұхан Бекмахановтың Мәскеуден 1948 жылы шыққан «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты монографиясы буржуазиялық әсіре ұлтшылдық ретінде тас-талқан етіп сыналып, оның авторы 25 жылға сталиндік лагерьге айдалды.
Бұдан кейінгі кезеңде Қазақстанның отарлану ұғымы «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуы» дейтін жаңа концепциямен, ал «Түркістан өлкесінің отарлануы» – «Орталық Азияның игерілуі» деген жасанды терминмен алмастырылды.
Орыс отаршылдығының тігісін жатқызып, оны ақтау үшін В.Бартольд сияқты әйгілі ғалымдар тартылып, ол Ресей империясының Қазақстан мен Түркістан өлкесін отарлаудағы «өркениеттік, ағартушылық миссиясы» туралы шындықтың ауылынан мүлде алыс жатқан жалған теорияны негіздеуге тырысты.
Бүгінгі орыс тарих ғылымында Сібір мен Кавказ, Қазақстан мен Орталық Азияны отарлау ұғымы біржолата алып тасталып, оның орнына игеру (освоение), кеңейту (расширение) деген терминдер қолданыла бастады. Кейінгі жылдары оларды географиялық детерменизм негізінде жасалған фронтир тезисі («Frontier thesis») алмастырды. Америка мен батыс тарих ғылымында көп сыналған фронтир немесе «шекаралық шеп» теориясы бүгінгі орыс ғылымының ыңғайына дөп келді. Тіпті «Америкалық фронтир» мен «сібірлік шеп» – өркениет өрістерінің факторы» (Агеев А.Д.) деген сияқты «ғылыми еңбектер» жарық көріп, фронтирлеу мәселесіне қатысты түрлі халықаралық конференциялар өткізілуде.
Қазіргі ағылшын тілді ғылыми әдебиет отаршылдық, яғни колониализм (colonialism) терминін біртіндеп колониал (colonial) сөзімен алмастыра бастады. Әуелі тағдыры тәлкекке түсіп, отаршылдық қамытын киген ұлт, халық, мемлекет сияқты ұғымдарға анықтауыш ретінде пайдаланылған бұл сөз қазіргі саясаттануда дербес терминге айналды.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бірнеше ғасыр бойы Ұлыбритания, Франция, Германия сияқты алпауыт империяларға отар болған елдер тәуелсіздік алып, әлемді құрсаған отарлық жүйе күйрей түсті. Осы кезде постколониал (postcolonial) атты тағы бір термин пайда болды.
Ассоциациялық ретпен қарар болсақ, жаңа термин «постмодерн» сияқты оп-оңай қабылданады. Бірақ оның тасасында отаршылдықтың мазмұнын мықтап ұстап тұрған саяси үстемдік, экономикалық қанау, мәдени және өркениеттік экспансия сияқты негізгі ұғымдар қағаберіс қалған.
Ақиқатын айтар болсақ, саяси билігі мен қаржы-қаражат жүйесі, әскери-қорғаныс әлеуеті түгелдей Мәскеу билігіндегі «азат елдердің мызғымас одағында» болған КСРО республикалары да отар елдер қатарында еді.
Кеңес одағы құлаған соң тәуелсіздік алған мемлекеттердің жаңа тарихи кезеңі жоғарыдағыдай «сөз жасау» тәсілімен «посттәуелсіздік» (post-independente) терминімен алмастырылды.
Термин жасау тұрғысынан қарағанда «пост» префиксін пайдалану арқылы жасалған жаңа ұғымда ештеңе тұрған жоқ сияқты. Ал саяси дискурс пен философиялық коннотация тұрғысынан келер болсақ, бір-біріне мүлде қарама-қайшы «постколониалдық» пен «посттәуелсіздік» ұғымдары бір қатарда тұр. Мұның алғашқысында азаттыққа ұмтылған халықтардың азапқа, күреске толы тарихы жатса, екіншісінде үміт пен сенімге толы үлкен болашағы бейнеленген.
Әлемдегі АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Германия, Франция сияқты алпауыт мемлекеттер күні кешеге дейін орасан зор көлемдегі отар елдердің иесі болды. Бір ғана Ұлыбританияның иелігінде алып Үндістан бастаған 50-ден аса ірілі-ұсақты елдер бар еді.
Отарлау әлі толастаған жоқ, ол қазір гибридтік сипатқа ие. Бүгінгі отаршылдық қарумен емес, қаржы-қаражат күшімен, технологиялық басымдықпен, сандық-ақпарат тілімен жүзеге асырала бастады. Мұндай артықшылықтар алпауыт мемлекеттердің бұрынғы отарларына «бізсіз өмір сүре алмайсыңдар» деген өктем позициясын күшейте түсуде.
Мұның бәрін мысалға келтіріп отырған себебім: кейінгі жылдары Ресейдің үлкен лауазымды саясаткерлері арасында «Қазақстанда мемлекет болмаған, оны құрып берген Ресей», «Қазақстанда жер болмаған, оны сыйлаған біз», «Алматы деген қала болмаған, Верный қаласын салып берген орыстар», дейтін не ғылымға, не саясатқа, не адамгершілік нормаларына мүлде келмейтін қисық, қыңыр, арандатушылық пікірлер айтыла, жазыла, таратыла бастады.
Бұларға дер кезінде тосқауыл қою керек: ашумен, айғаймен емес, ақылмен, парасатпен, нақты тарихи, ғылыми деректер арқылы.
Отаршылдардың «біз салып бердік» деп дәсерсітіп жүрген Верный қарасақ көз тоятын әсем табиғаты болмаса, Ресейдің кез келген губерниясынан алдыңнан шығатын сүреңсіз, сұрықсыз бекеттердің бірі болатын. Отызыншы жылдарда Қазақстанды басқаруға келген Л.Мирзоян оны алғаш көргендегі әсерін: «Масқара, Алматы қаласы – сұрқай деревня ғана және ол солтүстік Кавказдағы кез келген станицадан әлденеше есе сұрықсыз көрінеді», деп жеткізеді (Левон Мирзоян в Казахстане. А., 2001, с. 24).
Әлемнің кез келген түкпіріндегі бұрын Англия, Франция, Испания, Португалия сияқты мемлекеттердің отары болған елдерде «бұл отарлық дәуір архитектурасы» деп мақтанышпен көрсететін әсем ғимараттар мен сәнді сарайлар аз емес, ал біздің Алматыда сондай бірде-бір еңселі ғимарат жоқ.
Алматыны астана жасаған да, оны әлем таныған әсем қалалардың біріне айналдырған да өз әкелеріміз бен алдыңғы буын ағаларымыз.
Гомердің әйгілі «Илиадасында» жырланатын Троя қаласынан бүгінде бар болғаны бір ғана төмпешік қалса да, дүние жүзінің ең әйгілі археологтері оны әлемдік өркениет тарихының үзілмес үзігі ретінде үздіксіз зерттеумен келеді. Бүгінгі күнге дейін оның алғашқысы неолит заманынан басталатын тоғыз қабаты аршылды. Әрбір мектеп оқушысы білетін Троя – оның жетінші қабаты ғана. Бірақ ғылым үшін, тарих үшін оның әр қабаты ерекше қымбат, айрықша құнды.
Біздің Алматымыздың да Верныйға дейін төменгі палеолит, неолит, қола ғасыры, сақ-үйсін кезеңі, көк түріктер заманы мен орта ғасырлар және Верный кезеңі сияқты 7 қабаты болғанын жоғарыда нақты тарихи деректермен санамалап өттік. Олардың әрқайсысы әр кезеңде ірі ғалымдар жүргізілген арехеологиялық қазба жұмыстары барысында табылған нақты жәдігерлермен дәлелденген және оның бәрін көзбен көріп, қолмен ұстауға болады.
Әлем жұртшылығына Трояның 9 қабаты қандай қымбат болса, бабалардан қалған асыл аманат – әр қазақтың жүрегіне жол тапқан ардақты Алматымыздың 7 қабаты да біз үшін сондай ыстық, сондай құнды. Есте жоқ ескі замандардан бүгінгі күнге аман жеткен асылымыздың әрбір сынығын, әрбір үзігін ұқыптылықпен жүйелеп, өз орнына қоя білуіміз керек. Бұл біздің буынға – парыз, келер ұрпаққа – аманат.
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
Ұлттық ғылым академиясының академигі