Театр • 14 Қараша, 2023

Мәскеу биігіне көтерілген «Жібек саты»

190 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлемді үздік ізденісімен тәнті етіп жүрген бекзат өнер ордасы – «Астана Опера» театрының талантты труппасы Мәскеуде өткен «Музыканы көру» VIII музыкалық театрлар фестивалінде табысты өнер көрсетіп қайтты. ХХ ғасырдағы біртуар опера әншісі Галина Вишневскаяның әйгілі опералық ән айту орталығына жиналған талғампаз көрермен астаналық театр ұжымы ұсынған Дж.Россинидің «Жібек саты» спектакліне тамсана қол соқты.

Мәскеу биігіне көтерілген «Жібек саты»

Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің қол­дауымен өткен гастрольдік спектакль­ге көрнекті музыка және қоғам қайраткер­лері, сондай-ақ мәскеулік шығармашылық зиялы қауым өкілдері келді.

– Гастроль – отандық өнерді шетел­дік көпшілікке таныстырудың бірегей мүмкіндігі. Әртістер, техникалық ұжым, жалпы, қойылымның сәтті өтуіне тер төккеннің барлығы осынау кешті айрық­ша ету үшін тынымсыз еңбек етті. Қойылымымыз лайықты деңгейде ұсынылды деп үміттенеміз. «Музыка­ны көру» фестиваліне қатысқанымызға қуа­­ныштымыз. Айтулы іс-шараның ұйым­дастырушыларына олардың алдағы жобала­рына тек қана сәттілік тілеймін. Классикалық музыка салтанат құрған фестиваль әрдайым тыңдаушысының жүрегіне жетіп, толассыз қошемет үні үзілмесін, ұжымдардың өнер көрсетулері жарқын, табысты болсын дегіміз келеді, – деді гастрольдік сапардан кейінгі әсерін ортаға салған «Астана Опера» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.

Мәскеулік музыкасүйер қауым назарына ұсынылған италиялық композитор Джоаккино Россинидің «Жібек саты» комедиялық операсының «Астана Опера» театрындағы премьерасы 2019 жылы өтті. Содан бері спектакль Piccolo театры жобасы аясында көрерменін қуантып келеді. Труппа осы қойылым­мен еліміздегі һәм алыс-жақын шетелдердегі қалаларға жиі гастрольге шығып жүр. Әртістердің жоғары орындаушылық шеберлігі, сәнді костюмдер мен сахналық безендірудің арқасында «Жібек саты» көпшілік көңілінен шыққан үздік спектакльдер қатарында.

Оқиғаға қысқаша шолу жасасақ, бас кейіпкер Джулия өзінің ғашығы Дор­вильге жасырын түрде тұрмысқа шығады. Ал Дорвиль өз жұбайының бөлмесіне терезеден лақтырылған жібек саты арқылы көтеріледі. Джулияның қамқоршысы саналатын кәрі Дормонт бұл неке туралы білмей, қызды Дорвильдің досы, әйелдердің аузынан түспейтін Бланзакқа күйеуге бермекші болады.

Осы бір шым-шытырық оқиғаны жеткізуде әртістердің сахналық шебер­лігі мен қоюшы режиссер Алла Симо­нишвилидің қызықты шешімдері коме­дияның көркем атмосферасын жеткізуде табысты қызмет еткен. Ал италиялық суретші Манана Гунианың дель арте комедиясына сүйеніп жасаған ұтымды сценографиясы мен костюмдері опера кейіпкерлерінің киімдерінде арлекина, капитан Фракасса, дәрігер Чума секілді белгілі италиялық кейіпкерлерді тануға мүмкіндік берді.

Операдағы іс-әрекет тыңдармандарды XVIII ғасырға жетелейді. Мұны сахна суретшісі Манана Гунианың сценогра­фиясы мен костюмдеріне қарап тану қиын емес. XVIII ғасыр дәуіріне сәйкес стильді ұтымды сақтаған сценограф жұмысы, шын мәнінде, кезеңдік көркемдікті келісті сөйлете білген.

– Бұл фестивальда 40-қа жуық түр­лі музыкалық ұжым, оның ішінде Қыр­ғыз­­станнан, Өзбекстаннан келген әріп­тес­теріміз өнер көрсетті. Сондықтан әл­­бет­те, өзімізің кәсіби шеберлігімізді көр­­сетіп, еліміздің өнерін абыроймен та­ныс­­тырғымыз келді. Өнер көрсетуге дәл осы спектакльді таңдап алғанымыз кез­дей­соқтық емес, ол көңілді, қабылдауға жеңіл әрі Дж.Россинидің жалынды, жан сергітерлік музыкасымен баурап алады. Ита­лиялық классиктің ертеде жазған бұл операсы оның атағының әлемге жайы­луына негіз болды, – деді «Астана Опера» опера труппасының директоры, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов.

ттт

Жалпы, театр заңдылықтарына сай жіктер болсақ, өзге жанрларға қарағанда сахнада опера-фарсты орындау оңай емес. Өйткені ол bel canto (әдемі орындау) техникасын мінсіз меңгеруді, сон­дай-ақ тамаша актерлік ойынды талап етеді. «Астана Опера» солистері осы барлық міндетті керемет атқарып, пар­тияларға қайталанбас өзгешелік қос­ты. Кейіпкерлердің мінезі сан қырынан бедерленіп, көрермендер аудитория­сы­ның жүрегін жаулады. Олардың дауыс­тары әуеде қалықтап, түрлі сезімге же­теледі. Атап айтсақ, бас кейіпкерлер – Айзада Қапонова Джулияның бейнесінде шеберлігімен көзге түссе, тенор Әлихан Зейнолла Дорвильдің партиясын ерекше талғаммен орындады. Тапқыр Джер­маноның бейнесін театр солисі Алтынбек Әбіл­да сәтті сомдады. Ал Бланзактың пар­тия­сында сахнаға шыққан Евгений Чай­ников өзінің ашық даусы мен бай­сал­дылығының арқасында кейіпкерінің бейнесін жарқын әрі ұмытылмастай етіп көрсете білді. Татьяна Вицинская Лю­чил­ланың партиясын жеңіл әрі ойнақы кейіп­тесе, Рамзат Балакишиев Дормонтты өз бедерінде жеткізді. Айтулы музыкалық спектакль Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, маэстро Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен орындалды.

«Әлемдік үздік опера ұжымдарының қатарына жататын «Астана Опера» театры­ның жеткізуіндегі Россинидің өте күрделі әрі сирек орындалатын операсымен танысу – үлкен бақыт. Оның үстіне бүгінгі таңда «Астана Опера» – өте салмақты музыканттардың, опера әншілерінің басын қосқан бірегей өнер ордасы. Мәдениет халықтарды біріктіреді, өзге елдің жанын түсіну үшін оның мәдениетін сезіну қажет. Бүгінде қазақстандық мәдениет – жоғары кәсіби мәдениет екенін атап өткен жөн», деді Ресей Федерациясы Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Михаил Швыдкой.

Қазақстаннан жеткен өнер тартуына мәскеулік музыка мамандары мен сыншылары да дән риза:

– Алған әсеріміз керемет, театр ла­йықты музыкалық-вокалдық деңгейді көр­­сетті. Бастысы Россинидің мәнері сақ­­­талды. Ал мұндай пікір әрдайым бар­­лы­ғына бірдей айтыла бермейді, маэстро Абзал Мұхитдин бәрін ұтымды үйлес­­тірген, – деп ұжым өнерін жоғары баға­лаған музыка сыншысы Дмитрий Моро­зовтың пікірін әрі қарай музыка шолушысы Мария Бабалова: – «Жібек сатыдай» айрықша қойылымды алып келгендеріңізге рахмет. Бұл – батыл таңдау, шебер орындауды талап ететін туынды. Оны ұсынуға тай­салмай, бізге жақсы кө­ңіл күй сыйладыңыздар. Көбіміз үшін Росси­нидің шығармашылық болмысына қай­та үңілуге, оның кемеңгерлігін тануға жол аш­қан тағы бір маңызды операны қос­ты­ңыздар, деп ұжым өнеріне алғысын біл­дірді.

«Музыканы көру» фестиваліне «Жі­бек сатыдай» қойылыммен қатысып, клас­сикалық туындының табиғатына тереңнен бойлап қана қоймай, оның музыкалық бояу ерекшеліктерін шебер сараптай біл­ген «Астана Опера» театрының өнері мәс­кеулік көрермендер мен театр мамандары тарапынан жоғары бағаланды. Труппаның дарын мен құштарлыққа толы ғажайып орындауы өнерсүйер қауымның жүрегінде ұмытылмас әсер қалдырды.