Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің қолдауымен өткен гастрольдік спектакльге көрнекті музыка және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ мәскеулік шығармашылық зиялы қауым өкілдері келді.
– Гастроль – отандық өнерді шетелдік көпшілікке таныстырудың бірегей мүмкіндігі. Әртістер, техникалық ұжым, жалпы, қойылымның сәтті өтуіне тер төккеннің барлығы осынау кешті айрықша ету үшін тынымсыз еңбек етті. Қойылымымыз лайықты деңгейде ұсынылды деп үміттенеміз. «Музыканы көру» фестиваліне қатысқанымызға қуаныштымыз. Айтулы іс-шараның ұйымдастырушыларына олардың алдағы жобаларына тек қана сәттілік тілеймін. Классикалық музыка салтанат құрған фестиваль әрдайым тыңдаушысының жүрегіне жетіп, толассыз қошемет үні үзілмесін, ұжымдардың өнер көрсетулері жарқын, табысты болсын дегіміз келеді, – деді гастрольдік сапардан кейінгі әсерін ортаға салған «Астана Опера» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.
Мәскеулік музыкасүйер қауым назарына ұсынылған италиялық композитор Джоаккино Россинидің «Жібек саты» комедиялық операсының «Астана Опера» театрындағы премьерасы 2019 жылы өтті. Содан бері спектакль Piccolo театры жобасы аясында көрерменін қуантып келеді. Труппа осы қойылыммен еліміздегі һәм алыс-жақын шетелдердегі қалаларға жиі гастрольге шығып жүр. Әртістердің жоғары орындаушылық шеберлігі, сәнді костюмдер мен сахналық безендірудің арқасында «Жібек саты» көпшілік көңілінен шыққан үздік спектакльдер қатарында.
Оқиғаға қысқаша шолу жасасақ, бас кейіпкер Джулия өзінің ғашығы Дорвильге жасырын түрде тұрмысқа шығады. Ал Дорвиль өз жұбайының бөлмесіне терезеден лақтырылған жібек саты арқылы көтеріледі. Джулияның қамқоршысы саналатын кәрі Дормонт бұл неке туралы білмей, қызды Дорвильдің досы, әйелдердің аузынан түспейтін Бланзакқа күйеуге бермекші болады.
Осы бір шым-шытырық оқиғаны жеткізуде әртістердің сахналық шеберлігі мен қоюшы режиссер Алла Симонишвилидің қызықты шешімдері комедияның көркем атмосферасын жеткізуде табысты қызмет еткен. Ал италиялық суретші Манана Гунианың дель арте комедиясына сүйеніп жасаған ұтымды сценографиясы мен костюмдері опера кейіпкерлерінің киімдерінде арлекина, капитан Фракасса, дәрігер Чума секілді белгілі италиялық кейіпкерлерді тануға мүмкіндік берді.
Операдағы іс-әрекет тыңдармандарды XVIII ғасырға жетелейді. Мұны сахна суретшісі Манана Гунианың сценографиясы мен костюмдеріне қарап тану қиын емес. XVIII ғасыр дәуіріне сәйкес стильді ұтымды сақтаған сценограф жұмысы, шын мәнінде, кезеңдік көркемдікті келісті сөйлете білген.
– Бұл фестивальда 40-қа жуық түрлі музыкалық ұжым, оның ішінде Қырғызстаннан, Өзбекстаннан келген әріптестеріміз өнер көрсетті. Сондықтан әлбетте, өзімізің кәсіби шеберлігімізді көрсетіп, еліміздің өнерін абыроймен таныстырғымыз келді. Өнер көрсетуге дәл осы спектакльді таңдап алғанымыз кездейсоқтық емес, ол көңілді, қабылдауға жеңіл әрі Дж.Россинидің жалынды, жан сергітерлік музыкасымен баурап алады. Италиялық классиктің ертеде жазған бұл операсы оның атағының әлемге жайылуына негіз болды, – деді «Астана Опера» опера труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов.
Жалпы, театр заңдылықтарына сай жіктер болсақ, өзге жанрларға қарағанда сахнада опера-фарсты орындау оңай емес. Өйткені ол bel canto (әдемі орындау) техникасын мінсіз меңгеруді, сондай-ақ тамаша актерлік ойынды талап етеді. «Астана Опера» солистері осы барлық міндетті керемет атқарып, партияларға қайталанбас өзгешелік қосты. Кейіпкерлердің мінезі сан қырынан бедерленіп, көрермендер аудиториясының жүрегін жаулады. Олардың дауыстары әуеде қалықтап, түрлі сезімге жетеледі. Атап айтсақ, бас кейіпкерлер – Айзада Қапонова Джулияның бейнесінде шеберлігімен көзге түссе, тенор Әлихан Зейнолла Дорвильдің партиясын ерекше талғаммен орындады. Тапқыр Джерманоның бейнесін театр солисі Алтынбек Әбілда сәтті сомдады. Ал Бланзактың партиясында сахнаға шыққан Евгений Чайников өзінің ашық даусы мен байсалдылығының арқасында кейіпкерінің бейнесін жарқын әрі ұмытылмастай етіп көрсете білді. Татьяна Вицинская Лючилланың партиясын жеңіл әрі ойнақы кейіптесе, Рамзат Балакишиев Дормонтты өз бедерінде жеткізді. Айтулы музыкалық спектакль Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, маэстро Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен орындалды.
«Әлемдік үздік опера ұжымдарының қатарына жататын «Астана Опера» театрының жеткізуіндегі Россинидің өте күрделі әрі сирек орындалатын операсымен танысу – үлкен бақыт. Оның үстіне бүгінгі таңда «Астана Опера» – өте салмақты музыканттардың, опера әншілерінің басын қосқан бірегей өнер ордасы. Мәдениет халықтарды біріктіреді, өзге елдің жанын түсіну үшін оның мәдениетін сезіну қажет. Бүгінде қазақстандық мәдениет – жоғары кәсіби мәдениет екенін атап өткен жөн», деді Ресей Федерациясы Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Михаил Швыдкой.
Қазақстаннан жеткен өнер тартуына мәскеулік музыка мамандары мен сыншылары да дән риза:
– Алған әсеріміз керемет, театр лайықты музыкалық-вокалдық деңгейді көрсетті. Бастысы Россинидің мәнері сақталды. Ал мұндай пікір әрдайым барлығына бірдей айтыла бермейді, маэстро Абзал Мұхитдин бәрін ұтымды үйлестірген, – деп ұжым өнерін жоғары бағалаған музыка сыншысы Дмитрий Морозовтың пікірін әрі қарай музыка шолушысы Мария Бабалова: – «Жібек сатыдай» айрықша қойылымды алып келгендеріңізге рахмет. Бұл – батыл таңдау, шебер орындауды талап ететін туынды. Оны ұсынуға тайсалмай, бізге жақсы көңіл күй сыйладыңыздар. Көбіміз үшін Россинидің шығармашылық болмысына қайта үңілуге, оның кемеңгерлігін тануға жол ашқан тағы бір маңызды операны қостыңыздар, деп ұжым өнеріне алғысын білдірді.
«Музыканы көру» фестиваліне «Жібек сатыдай» қойылыммен қатысып, классикалық туындының табиғатына тереңнен бойлап қана қоймай, оның музыкалық бояу ерекшеліктерін шебер сараптай білген «Астана Опера» театрының өнері мәскеулік көрермендер мен театр мамандары тарапынан жоғары бағаланды. Труппаның дарын мен құштарлыққа толы ғажайып орындауы өнерсүйер қауымның жүрегінде ұмытылмас әсер қалдырды.