Театр • 05 Ақпан, 2024

Сахнада – «Сәкен-сұңқар»

45 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Қалибек Қуаныш­баев атындағы мемлекет­тік академиялық қазақ му­зы­калық драма театрын­да көрнекті мем­ле­кет қай­раткері, ақын, ж­азу­шы, драматург, ком­позитор Сәкен Сейфул­линнің туғанына 130 жыл толуына орай Қанат Жүнісовтің «Сәкен-сұңқар» спектаклінің арнайы көрсетілімі болды. Спектакльдің қоюшы ре­жиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков.

Сахнада – «Сәкен-сұңқар»

Қазақ елінің маңдайына біт­­кен қайраткер, ақын, жазушы, дра­ма­тург, ұстаз Сәкен Сей­фуллин­нің ғұмырынан сыр шер­тетін туынды көрермен на­за­­ры­на 2014 жылдан бастап ұсы­ны­лып келеді. Тағды­ры тар жол, тай­ғақ кешуге толы ұлт қайраткері елі­нің келешегі жарқын болуы  үшін күресті. Бірақ күрделі идео­ло­гия­лық майданда қызу тар­тысқа түсіп, өзі құрған өкіметтің құрба­ны болды.  Режиссер Әлімбек Оразбеков сахналаған қойылым ел құрметіне ие болған сырбаз Сәкен­нің ғұмыр жолынан, ғиб­ратты өмі­рінен сыр шертеді.

«Ел үшін жан қиған есіл ерлер­дің әрқайсысы зор құрметке лайық. Солардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері ақиық ақын, жазушы-драматург С.Сейфуллин. Қанат Жүнісов жазып, Әлімбек Оразбеков қойған спектакльде сұңқар Сәкеннің өмірімен қатар, заманы да қамтылыпты. Әсіресе Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлымен арасындағы сыйластығы, пікірталасы айқын берілген. Тұлғалар арасындағы диалогтер тарихи деректермен өрби отырып көркемдік шешім­дерге ұласады. Ұлт тағдыры сын­ға түскен уақыттағы ұлыла­ры­мыз­­дың қайтсек қазақты мұрат­қа жет­кіземіз деп жанталасқан тұс­тары көрерменді бірден баурап әкет­ті. Автор С.Сейфуллинді бас ке­йіп­кер деңгейінде жазған­мен, Ахаңның бейнесін еш аласарт­паған. Бас кейіпкерден биік бол­маса төмен емес. Сәкеннің Ахаңа деген құрметі тарихи оқиға­лар­ға негізделген. Сонымен бірге ақын­ның қайраткерлік қыры көбірек ашылыпты», дейді мемлекет және қоғам қайраткері Орал­бай Әбді­кәрімов. Қайраткердің айтуын­ша, халық көбіне сахнадан Сәкен­нің ақындық, жазушылық қырлары мен трагедиясын ғана көретін. Ал «Сәкен – сұңқар» дра­масында ол олқылықтың орны толған.

Сәкен рөлін актер, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Сы­рым Қашқабаев сомдады. Со­ны­мен қатар спектакльде Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­рат­керлері Болат Ыбыраев, Ал­ты­най Нөгербек, Жанқалдыбек Тө­лен­баев, Боранбай Молдабаев, сондай-ақ Самат Байыров, Жанат Оспанов, Жәнібек Мұсаев, Шах-Мұрат Ордабаев бастаған театр актерлері өнер көрсетті.

Сонымен қатар спектакль­де сахна суреті бойынша Берік Бөрбаев, музыкасын құрас­тыру­шы, композиторы – Қайрат Тоқым­бетов, киім үлгісінің суретшісі ретін­де Шынар Елембаева тер төкті. Ал сахна сайысын Олжас Дәлелхан қойды.