Қазақ елінің маңдайына біткен қайраткер, ақын, жазушы, драматург, ұстаз Сәкен Сейфуллиннің ғұмырынан сыр шертетін туынды көрермен назарына 2014 жылдан бастап ұсынылып келеді. Тағдыры тар жол, тайғақ кешуге толы ұлт қайраткері елінің келешегі жарқын болуы үшін күресті. Бірақ күрделі идеологиялық майданда қызу тартысқа түсіп, өзі құрған өкіметтің құрбаны болды. Режиссер Әлімбек Оразбеков сахналаған қойылым ел құрметіне ие болған сырбаз Сәкеннің ғұмыр жолынан, ғибратты өмірінен сыр шертеді.
«Ел үшін жан қиған есіл ерлердің әрқайсысы зор құрметке лайық. Солардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері ақиық ақын, жазушы-драматург С.Сейфуллин. Қанат Жүнісов жазып, Әлімбек Оразбеков қойған спектакльде сұңқар Сәкеннің өмірімен қатар, заманы да қамтылыпты. Әсіресе Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлымен арасындағы сыйластығы, пікірталасы айқын берілген. Тұлғалар арасындағы диалогтер тарихи деректермен өрби отырып көркемдік шешімдерге ұласады. Ұлт тағдыры сынға түскен уақыттағы ұлыларымыздың қайтсек қазақты мұратқа жеткіземіз деп жанталасқан тұстары көрерменді бірден баурап әкетті. Автор С.Сейфуллинді бас кейіпкер деңгейінде жазғанмен, Ахаңның бейнесін еш аласартпаған. Бас кейіпкерден биік болмаса төмен емес. Сәкеннің Ахаңа деген құрметі тарихи оқиғаларға негізделген. Сонымен бірге ақынның қайраткерлік қыры көбірек ашылыпты», дейді мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов. Қайраткердің айтуынша, халық көбіне сахнадан Сәкеннің ақындық, жазушылық қырлары мен трагедиясын ғана көретін. Ал «Сәкен – сұңқар» драмасында ол олқылықтың орны толған.
Сәкен рөлін актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сырым Қашқабаев сомдады. Сонымен қатар спектакльде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Болат Ыбыраев, Алтынай Нөгербек, Жанқалдыбек Төленбаев, Боранбай Молдабаев, сондай-ақ Самат Байыров, Жанат Оспанов, Жәнібек Мұсаев, Шах-Мұрат Ордабаев бастаған театр актерлері өнер көрсетті.
Сонымен қатар спектакльде сахна суреті бойынша Берік Бөрбаев, музыкасын құрастырушы, композиторы – Қайрат Тоқымбетов, киім үлгісінің суретшісі ретінде Шынар Елембаева тер төкті. Ал сахна сайысын Олжас Дәлелхан қойды.