Әдебиет • 08 Ақпан, 2024

Заман зауалы немесе Арыстанның көз жасы

74 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Көзі тірісінде-ақ Сәкен сері атанған қазақ әдебиетінің классигі Сәкен Жүнісовтің «Аманай мен Заманай» повесі – әдеби шығарма ретінде де, кино тілінде де жолы болған табысты туындылардың бірі. Айтулы хикаяттың желісі бойынша түсірілген режиссер Болат Шәріптің «Заман-ай» фильмін қанша мәрте тамашаласаң, сонша мәрте ой шыңырауына құлдилайсың. Себебі онда сәтті сюжет қана емес, адам жанының қатпар-қыртысын қатар қозғайтын телегей теңіз тереңдік те бар. Ал адам жаны, тағдыры сөз болған шығарманың қай-қайсысы да өлмейтін өмірге ие, яғни классика!

Заман зауалы немесе Арыстанның көз жасы

Жалпы, Сәкен Жүнісов өмір шын­дығына қоса оқырман көңілін аялап, сезімге шомылдырып, еріксіз ойға батыратын, мөлдір сағынышқа бөлейтін нәзік сезім иірімдерімен жүректерде өшпес өз орнын алған санаулы сөз зер­герінің бірі. Ал қаламгердің сол ерек қа­сиеті ұлтжанды режиссер Болат Шә­ріп көзқарасымен тандем түзгенде ол шығар­маның осал болуы әсте мүмкін емес. «Заман-ай» – cондай фильм!

Бір әулет арқылы бүкіл ұлттың тағ­дыры баяндалатын фильмнің феномені кино тілі мен өмір шындығын шебер шендестіре алуында, біздіңше. Бір жағы тау, бір жағы құз жалғыз соқпақ жол­дың үстінде кездескен кейіпкерлер бей­­­несі арқылы шын мәнінде ұлттың тағ­дыры суреттелетіндей. Сондықтан да бұл туындыны қазақтың қасіретті тарихындағы ақтаңдақ беттер – өткен ғасырдың 30-шы жылдар нәубеті, саяси қуғын-сүргін жылдарындағы қанды қырғынға тәуелсіздік алған кезеңде өнер тілі арқылы қойылған үлкен бір тарихи ескерткіш деп бағаласақ артық емес. Яғни «Заман-ай» – заманның шындығын ашқан фильм.

Режиссер Болат Шәріптің айтулы туындыны түсіруге кірісуі 1990 жыл­дардың қиын кезеңімен тұспа-тұс келіп қалды да, қаржы жағынан көптеген кедергілер кездесіп, киноның түсіріліміне де, жарыққа шығуына да біраз қолбайлау болды. Мемлекет тарапынан ешқандай қолдау жоқ, жоқшылық жағадан алып тұрған кезең. Соған қарамастан, өнер десе жанын беретін азамат тырбанып жүріп, банктен несие алып, үлкен тәуекелге барды. Әу баста екі сериялы болып түсірілуі жоспарланғанымен, қаржының тапшылығынан бір бөлімге қысқартылып, бүгінгі біз тамашалап жүрген «Заман-ай» фильмі осылай өмірге келген болатын. Сол жалғыз се­рияның өзі талай сыннан өтіп, тү­сірілім аяқталған соң да таспалар бір­неше жыл қоймада жатып барып, әй­теуір режиссердің табандылығының арқасында көрерменімен қауышты. Кейбір кадрлар Украинадан табылды, енді бірі Мәскеу асты. Соның салдарынан 1991 жылы түсірілген фильм араға алты жылы салып барып қана 1997 жылы жарыққа шықты.

Ал фильмдегі негізгі кейіпкерлерге келсек, бұл жағынан да режиссерді қаржылық қыспақ титықтатты. Салдары тұтас фильмді 4-5 актермен түсіруге мәжбүр еткен. Бірақ соған қарамастан, Қазақстанның халық әртісі Зәмзәгүл Шәріпова, Гүлнәр Сейтімбетова, Ерік Жолжақсынов, Арыстан Қиқымов және Райхан Айтқожановалар бастаған ға­жайып актерлік ансамбль шын мәнінде киноның көркемдік деңгейін биіктетіп, көркін ашты. Соның ішінде, әсіресе, бас­ты рөлдегі баланың ойыны елең еткізбей қоймайды.

Есіңізде ме, фильмде әжесіне еріп тау асып, туған жерін аңсап, еліне қайтып келе жататын, қай-қайсысымыз да бала күнімізден сүйсіне тамашалаған Аманай есімді бала бар еді ғой?!. Оны ойнаған балдырғанның есімі – Арыстан Омарұлы. «Заман-ай» фильмі 30 баланың ішінен таңдалған Арыстанға үлкен сеніммен қатар, зор жауапкершілік жүктеді. «Өнер – құрбандықты қажет етеді» дей­тін режиссер, басты рөлде ойнаған от бала Арыстан Омарұлы туралы бізге едәуір мағлұмат берді: «Әртістерді таң­дағанда арнайы байқау жариялаған жоқпыз, білетін, қабілетіне сенетін әр­тістерді байқаусыз-ақ рөлге бекіттік. Солардың ішінде Қиқымов Омар деген драма театрдың дарынды актері де болды. Омардың жанында еріп, кішкентай баласы да жүретін. Ассистентім Сәулебек Асылхановқа Аманай рөліне лайықты бала іздеуге тапсырма бергем. Бірақ әлгі баланы көргеннен кейін бірауыздан таңдауымыз соған түсті. Сондай бір өткір бала екен. Мұң десең мұң, қуаныш десең қуаныш, үрей десең үрей – бәрі сәбидің оттай жанған жанарында тұрды. Тіл сайрап тұр. Баланың өнерден алыс емес екенін, театрда талай спектакльде ойнап жүргенін әкесі де айтты. Сөйтіп, Арыстан барлығымызбен тез достасып кетті. Түсірілім болсын, болмасын, мен ол баланы қимай, өзіммен бірге үнемі экспедицияға алып жүрдім. Фильмде үңгірге өтетін әжесі екеуінің сәті бар емес пе? Сол көріністі түсірер кезде, «Әй, мына бала бұл жерді ала ала ма, ала алмай ма?» – деп іштей өзім кү­діктеніп жүрдім. Баланың көзінен жас шығуы керек дегендей. Мен айтпасам да сезімтал бала өзі сезіп, менен: «Болат аға, мына жерде жылайын ба? – деп сұрады. Мен: «Шамаң келе ме, жасай аласың ба? – деп қайта-қайта сұраймын. – Алаңдамаңыз, жасаймын. Камераңызды дайындаңыз! – деді. Жалпы, мен алғашқы дайындықтан-ақ түсіргенді жақсы кө­ремін. Сондықтан мен оны бірден тү­сіруге дайындадым. Бірінші дубльде «мотор» дегеннен-ақ бәріміз таңғалдық. Әжесінің қойнына барып, құшақтасып, жылағанда қалайша тебіренбессіз. Осы бір көріністің шынайылығы соншалық, түсірілім тобының барлығы аң-таң болдық та қалдық. Шеберлік, тума талант деген осы. Арыстанда жасандылық деген атымен болмайтын, берілген рөлінің қай-қайсысына да сеніп, жүрекпен, кәдімгідей ішкі жан дүниесімен ойнайтын. Әжесін сомдаған Зәмзәгүл Шәріпова апасымен керемет жақын болып кетті. Зәмзәгүл апай да Арыстанды өзінің туған немересіндей ерекше жақын тартып, жақсы көрді» деп ағынан ақтарылды режиссер.

Бәлкім, таразыға тартылмас өнердің құдіреті осы шығар. Алмағайып кезеңдегі ауыр тағдырды суреттейтін таспа өн­діріске жіберілгенде, Арыстан ажал жас­­тығына бас қойды. Оның мөлдір жана­ры «Заман-ай» киносының түсіру ала­ңындағы таспаға ғана жазылып қал­ған, ал Зәмзәгүл Шәріпова мен бала Арыс­танның тандеміне құрылған көркем фильмді көру оның маңдайына жазылмапты. 1998 жылдың 16 мамыры күні таспа-ғұмыр кенеттен қиылды. Егер тірі болса, ақпанның 26 жұлдызында 41 жасқа толар еді...

«Заман-ай» – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында түсірілген фильм. Одан кейін де тарихты толғаған талай туынды өмірге келді. Бірақ дәл режиссер Болат Шәріп түсірген бұл фильмдей кө­ңілді дір еткізіп һәм тарихи шын­дық пен көркемөнер арасын шебер шен­дестіре алған кино сирек. Себебі «Заман-ай» – көрерменге үлкен сауал тастай білген, әлі де жарасы жазылмаған тақырыптарды тереңнен қаузаған шын мәніндегі классикалық туынды. Режиссер заманның сол кездегі шынайы келбетін көрсету үшін деректі кадрларды өте ұтымды пайдаланды. Сол арқылы тұтас бір дәуірдің тарихи шындығы боямасыз жеткізді. Фильм сонысымен де құнды. Өйткені «Заман-ай» сана түкпіріндегі сауалдарға жауап берген кино емес, «Заман-ай» – заманның өзіне сұрақ қойған өзекті шығарма.