Ғылым • 05 Наурыз, 2024

Су тұшыту жобасы

148 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Маңғыстаудағы Ш.Есенов атын­дағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті кейінгі жыл­дары өз қызметін өңірдің өзекті ғылыми-техникалық мәселелерін шешуге бағыттап отыр. Мұнайлы өлкедегі ең басты мәселенің бірі ауызсу тапшылығы десек, жоға­ры оқу орны аясында осы бағытта ауқым­­ды ғылыми жоба қолға алынды.

Су тұшыту жобасы

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Сарапшылардың болжамынша, жиыр­ма жылдан кейін елімізде суды тұты­нушылар саны 56 пайызға өсіп, су тап­шылығы жылына 20 шаршы километр­ден асуы мүмкін. GVP UN WATER халықаралық суды басқару индексіне сәйкес Қазақстан индексі ең тиімсіз деп бағаланады. Стратегиялық бастамалар орталығының бағалауынша, су ресурсын тиімсіз басқару салдарынан ел жыл сайын 206 млн доллар жоғалтады. Дүниежүзілік банктің болжамынша, рес­публикамыздағы су ресурстарының кө­лемі 2030 жылға қарай жылына 90-нан 76 км3-ге дейін төмендейді. Бұл 8 жылдан кейін елдегі су тапшылығы жылына шамамен 12–15 км3, яғни шамамен 15 пайызды құрайды деген сөз. Бұл мәселе Мемлекет басшысының назарынан да тыс қалған жоқ. Президент өз Жолдауында 2025 жылға қарай ел халқын 100 пайызға ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

«Осы мәселелерді шешуде Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым коми­тетінің 2022–2024 жылдарға арнал­ған ғылыми және ғылыми-техника­лық жобалар бойынша гранттық қаржы­лан­­дыру негізіндегі AP14871988 «Жы­лу сорғысы негізінде күн-жылу тұщы­лан­дыру қондырғысын әзірлеу» тақыры­бын­дағы ғылыми жобаны біздің универ­ситет ғалымдары Д.Байымбетов, Хин­дустан инжиниринг және техно­ло­гиялар колледжінің (Үндістан) профессоры Mohanraj Murugesan, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары Е.Беляев, А.Төлеуханов, Е.Ер­деш және тағы басқа мамандармен бірлесіп жүргізіп жатырмыз. Ғылыми жобаның қаржыландыру сомасы 67 млн теңгені құрайды», дейді жоба жетекшісі Самал Сырлыбекқызы.

Оның айтуынша, жобаның жалпы мақсаты – шалғайдағы елді мекендер үшін тұзды суды тұшытуға арналған жы­лу сорғысы мен күн дистилляторы не­гізінде шағын күн-жылу тұшыту қон­дыр­ғысының прототипін әзірлеп, жасау­ды көздейді. Сондай-ақ жергілікті кли­маттық және әлеуметтік жағдайлар негі­з­інде күн-жылу тұшыту қондырғысын пай­­да­ланудың техникалық-экономикалық негіз­демесі және тұшыту қондырғысының өнімділігін тексеріп, сынайды.

«Ақтау қаласының климаттық жағ­дайы­на күн дистилляторының өнімі және оны арттыру жолдары TRNSYS бағ­дар­ламалық пакетінде зерттелді. Күн дис­тилляторының өнімділігі тікелей күн радиациясы, абсорбердің ауданына, судың булану кезіндегі латенттік энергия мөлшеріне және судың конденсация­лану жылдамдығына тікелей тәуелді екені белгілі. Сол себепті де су буының кон­денсациялану жылдамдығын арттыру мақсатында жылу сорғысының жүйесі қосылды», деп жас ғалым өзі жетекшілік ететін жоба туралы түсіндірді.

Күн дистилляторының Қазақстан та­­рапындағы Каспий жағалауындағы өнімділігін цифрлық түрде зерттеу үшін «Python» бағдарламасында жылу теңгеріміне негізделген компьютерлік код әзірленген. Жылу сорғысы негізіндегі регенеративті күн-жылулық тұшыту қондырғысының тиімділігін және жылу өнімділігінің математикалық есептеулері Engineering Equation Solver (EES), TRNSYS 18.0 бағдарламалық жабдықтарында, сонымен қатар меншікті жылу теңгерімі алгоритмі арқылы жүзеге асырылыпты.

«Тұшыту қондырғысының массалық шығынына күн радиациясының әсерін анықтау мақсатында 12 айға есептеулер жүргізілді. Еліміздің континенттік климаты үшін орташа тәуліктік күн энергиясы қысқы маусымда 2-ден 5 МДж/м2-ге дейін ауытқиды, ал жазда күн радиациясы 22 МДж/м2-ге дейін жетеді. Бұл – осы аудан үшін максималды мән. Тұшыту қондырғының массалық шығыны шамамен 67 литрді құрады. Модельдеу нәтижелері күн тұшыту қондырғысын жылу сорғы жүйесімен біріктіру арқылы өнімділігінің 80 пайызға артқанын растайды. Жылу сорғысы күн дистилляторына Каспий маңы аймағының жылы қысқы жағдайларын ескеріп, Маңғыстау облысында жыл бойы тазартылған су өндіруге мүмкіндік береді. Ғылыми жоба бойынша әзірленген шағын (мобильді) автономды тұшыту қондырғысы қазіргі таңда орталық коммуникацияларға қол жеткізе алмайтын шалғай елді мекен мен ауылды ауыз сумен қамтамасыз етуге септігін тигізеді деп есептейміз», дейді жас ғалым.

Бірнеше ғалымды біріктірген ғылыми топқа жетекші болып, маңызды жобаны қолға алған Самал Сырлыбекқызы – Ш.Есе­нов университетінің PhD, қауым­дастырылған профессор. Жас та бол­са ғылым жолын таңдап, ел дамуына жаңа­­лық қоссам деп жүрген ізденімпаз ғалым.

 

Маңғыстау облысы