Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Сарапшылардың болжамынша, жиырма жылдан кейін елімізде суды тұтынушылар саны 56 пайызға өсіп, су тапшылығы жылына 20 шаршы километрден асуы мүмкін. GVP UN WATER халықаралық суды басқару индексіне сәйкес Қазақстан индексі ең тиімсіз деп бағаланады. Стратегиялық бастамалар орталығының бағалауынша, су ресурсын тиімсіз басқару салдарынан ел жыл сайын 206 млн доллар жоғалтады. Дүниежүзілік банктің болжамынша, республикамыздағы су ресурстарының көлемі 2030 жылға қарай жылына 90-нан 76 км3-ге дейін төмендейді. Бұл 8 жылдан кейін елдегі су тапшылығы жылына шамамен 12–15 км3, яғни шамамен 15 пайызды құрайды деген сөз. Бұл мәселе Мемлекет басшысының назарынан да тыс қалған жоқ. Президент өз Жолдауында 2025 жылға қарай ел халқын 100 пайызға ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын.
«Осы мәселелерді шешуде Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2022–2024 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру негізіндегі AP14871988 «Жылу сорғысы негізінде күн-жылу тұщыландыру қондырғысын әзірлеу» тақырыбындағы ғылыми жобаны біздің университет ғалымдары Д.Байымбетов, Хиндустан инжиниринг және технологиялар колледжінің (Үндістан) профессоры Mohanraj Murugesan, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары Е.Беляев, А.Төлеуханов, Е.Ердеш және тағы басқа мамандармен бірлесіп жүргізіп жатырмыз. Ғылыми жобаның қаржыландыру сомасы 67 млн теңгені құрайды», дейді жоба жетекшісі Самал Сырлыбекқызы.
Оның айтуынша, жобаның жалпы мақсаты – шалғайдағы елді мекендер үшін тұзды суды тұшытуға арналған жылу сорғысы мен күн дистилляторы негізінде шағын күн-жылу тұшыту қондырғысының прототипін әзірлеп, жасауды көздейді. Сондай-ақ жергілікті климаттық және әлеуметтік жағдайлар негізінде күн-жылу тұшыту қондырғысын пайдаланудың техникалық-экономикалық негіздемесі және тұшыту қондырғысының өнімділігін тексеріп, сынайды.
«Ақтау қаласының климаттық жағдайына күн дистилляторының өнімі және оны арттыру жолдары TRNSYS бағдарламалық пакетінде зерттелді. Күн дистилляторының өнімділігі тікелей күн радиациясы, абсорбердің ауданына, судың булану кезіндегі латенттік энергия мөлшеріне және судың конденсациялану жылдамдығына тікелей тәуелді екені белгілі. Сол себепті де су буының конденсациялану жылдамдығын арттыру мақсатында жылу сорғысының жүйесі қосылды», деп жас ғалым өзі жетекшілік ететін жоба туралы түсіндірді.
Күн дистилляторының Қазақстан тарапындағы Каспий жағалауындағы өнімділігін цифрлық түрде зерттеу үшін «Python» бағдарламасында жылу теңгеріміне негізделген компьютерлік код әзірленген. Жылу сорғысы негізіндегі регенеративті күн-жылулық тұшыту қондырғысының тиімділігін және жылу өнімділігінің математикалық есептеулері Engineering Equation Solver (EES), TRNSYS 18.0 бағдарламалық жабдықтарында, сонымен қатар меншікті жылу теңгерімі алгоритмі арқылы жүзеге асырылыпты.
«Тұшыту қондырғысының массалық шығынына күн радиациясының әсерін анықтау мақсатында 12 айға есептеулер жүргізілді. Еліміздің континенттік климаты үшін орташа тәуліктік күн энергиясы қысқы маусымда 2-ден 5 МДж/м2-ге дейін ауытқиды, ал жазда күн радиациясы 22 МДж/м2-ге дейін жетеді. Бұл – осы аудан үшін максималды мән. Тұшыту қондырғының массалық шығыны шамамен 67 литрді құрады. Модельдеу нәтижелері күн тұшыту қондырғысын жылу сорғы жүйесімен біріктіру арқылы өнімділігінің 80 пайызға артқанын растайды. Жылу сорғысы күн дистилляторына Каспий маңы аймағының жылы қысқы жағдайларын ескеріп, Маңғыстау облысында жыл бойы тазартылған су өндіруге мүмкіндік береді. Ғылыми жоба бойынша әзірленген шағын (мобильді) автономды тұшыту қондырғысы қазіргі таңда орталық коммуникацияларға қол жеткізе алмайтын шалғай елді мекен мен ауылды ауыз сумен қамтамасыз етуге септігін тигізеді деп есептейміз», дейді жас ғалым.
Бірнеше ғалымды біріктірген ғылыми топқа жетекші болып, маңызды жобаны қолға алған Самал Сырлыбекқызы – Ш.Есенов университетінің PhD, қауымдастырылған профессор. Жас та болса ғылым жолын таңдап, ел дамуына жаңалық қоссам деп жүрген ізденімпаз ғалым.
Маңғыстау облысы