Қоғам • 18 Наурыз, 2024

Ұлттық киім тек Наурыз айының айшығы ма?

197 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл – он екі ай, ал наурыз қазақтың меншікті айы секілді. Неге екенін білмеймін, ұлттық тағамы, ұлттық киімі, ұлттық салт-дәстүрі мен мәдениеті, ұлттық аспаптары мен қолөнері бар ұлттың айы да бар сынды. Өйткені наурыз айын аңсай жетіп, табалдырығынан аттай бере мерекелер көрігін қыздырып, көңілі арқа-жарқа бола жөнелетін қазақ осы айдың 14-інде Амалды қарсы алып, құшақ айқастыра көріседі, 21-інде Ұлыстың ұлы күнін тойлайды.

Ұлттық киім тек Наурыз айының айшығы ма?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Қазақтың ділі мен мәдениетіне, тұрмысына, ішіп-жеміне қатысты барлық ұлттық ерекшелігі жар­қы­рата көрініп, қай тұсқа қарасаң да қазақы құндылықтарға қаныға түсесің. Кең дала төсінде ат шаптырып, балуан күрестіріп, арқан тартысып сайысқан қазақ, сан түрлі оюы көздің жауын алған бау-басқұрмен жасанған киіз үй маңында бауырсақ ұсынып, көже пісіріп, шашу шашқан қазақ, жыр-термесін төгілтіп, ақындарын айтыстырып, мың бұрала билеп, сәбиінің тұсауын кескен қазақ... Шолпысы сылдырап, күлкісі сың­ғыр­лап, қос етек көйлекті бас­тыра киген қызыл-жасыл қамзол, бешпет, кәжекей, күмісі жарқыраған жадағайларынан шаттықтың лебі ескен аналар мен қыз-келіншектер, дөңгелек бөрік, көрікті шапандарымен маңғаздана топ жарған үлкен-кіші ерлер... Қазақтың қуанышына үн қосқандай қорада мал төлдеп, далада жер гүлдеген әдемі таби­ғи көрініс... Халқымыздың ұлт­тық сән-салтанаты, рухани байлық-мәдениеті ақтарыла көрі­нетін­дік­тен Наурызды әзіл-шы­ны аралас «ұлттық ай» деп ием­де­не­тініміз бар.

Қазақтың жоғарыда айтылған құндылықтарын, әсіресе ұлттық киімдерін жыл он екі ай киіп жүруге, тұтынуға не кедергі? Қазір түрлі шеберлер мен стилист-ди­зай­нерлердің қолымен ұлттық киім­деріміз заманауи талапқа сай жаңғыра тігілуде. Бірқатар ше­берлер алыс-жақын шетелдерге шығып, түрлі көрмелер мен байқауларға қатысып, ұлт­тық киімімізді әрі танытып, әрі дамытып, әрі сатып, тұтыну­шы­сын тауып та жүр. Тіпті Маң­ғыс­таудағы кейбір тігін­ші­лерге шетелдіктерден арнайы тапсы­рыс түсіп, бірнеше жадағай, шапан шетел асты. Осы орайда Ақтау қаласындағы №19 мектеп-гимназиясының бастамасы қуа­нар­лық. Мектепте бастауыш сынып оқу­­шы­лары арасында тек нау­рыз айын­да емес, оқу жылы бас­тал­ғалы сабаққа бірыңғай түстегі тақия мен заманауи үлгідегі кеудеше киіп келіп жүргендер бар. Киім оқушыларға ұнайды, ата-аналар қолдау көрсетіп отыр, ал ұстаздар ұлттық идеологияны насихаттаудың, бүлдір­шін­дер­ді отансүйгіштік сезімде тәр­бие­­леудің бір бағыты санап қуа­ну­да. Үш мыңнан аса оқу­шы оқитын мектепте баста­уыш сыныптардағы ұл-қыздардың киімі жоғары сыныптағы аға-апа­ларының қызығушылығын тудырып, олар да ұлттық киім киюге ықылас танытқан. Мұндай жағдайдың өткен жылдары нау­рыз айы қарсаңында еліміздің өзге өңірлерінде де бастау алғанын білеміз.

Оқушылардың бастамасы ересектер тарапынан неге қол­дау таппайды? Ұлттық киімді тек той-томалақ, наурыз айын­да ғана емес, үнемі киіп жүрудің несі әбес? Дау-дамайы көп, ашық-ша­шығы көп қазіргі қоғамда ұр­пақты адастырмай баба жо­лымен тәрбиелеймін деген­дер үшін ұлттық киім – баға жетпес байлық, тәрбиенің өзі. Ше­телдіктер қы­зыққан қазақ киі­­мі­­нің қадірін өзі­міз біліп, өзі­міз қолдап, өзіміз тұ­тына жүрейік...  

           

Маңғыстау облысы