Қаржы • 23 Сәуір, 2024

Қос биржаның қосылуы: тәуекел ме, мүмкіндік пе?

37 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл әңгіме шыққалы бері сарапшылар арасындағы әңгіме екі биржа арасындағы түйісу нүктелеріне, біріктірілгеннен кейінгі жағдайының қалай боларына бағытталған болатын. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов өткен апта соңында журналистермен кездескен кезде AIX және KASE биржаларының келесі жылға дейін қосылатынын айтты.

Қос биржаның қосылуы: тәуекел ме, мүмкіндік пе?

Фото? Copilot GPT

Тәуелсіз сарапшылардың ай­туынша, бізде эмитент пен инвес­тор үшін қызметтердің толық спектрін алатын бір нақты платформа болуы керек. Еліміз екі бир­жа ұстайтын деңгейге жетпеді дейді олар.

ҰБ төрағасының айтуынша, Мем­лекет басшысы биржаларды біріктіруді емес, биржалардың әлеуетін біріктіруді тапсырды. Бұл әртүрлі сұрақ, өйткені биржа­лар­дың бірігуі бір заңды тұлғаның құ­ры­луын білдіреді.

«Наурыз айының соңына дейін шешімді әзірлеу тапсырылды. Бұл шешімді біз, яғни Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және «Аста­на» халықаралық қаржы орталы­ғы әзірледік. Көптеген елде баға­лы қағаз нарығы – экономиканы қар­жыландырудың маңызды жолдары­ның бірі. Дегенмен бүгінде ел экономикасын тек банктер қаржыландырады. Қор нарығын дамытпай, жалпы экономиканың дамуы туралы ойлау қиын. Сондықтан биржалық инфрақұрылым мүм­кін­дігін­ше жақын болуы, ал өтімділік біркелкі болуы керек. Сонда кез келген құрал екі платформада да қолжетімді болады», деді Тимур Сүлейменов.

Қазақстан қаржыгерлері қа­уым­­дас­тығының басшысы Елена Бахмутова қос биржаны KASE ба­за­сын­да біріктіру керек деген ойға ба­сымдық береді. Оның айтуын­ша, негізгі өтімділік KASE-де шоғыр­лан­ған.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова қос биржаны бірік­ті­руд­е Қатар елінің тәжірибесіне сүйену қажет екенін айтады.

Қазақстан қор биржасының құрылғанына биыл – 31 жыл. 1993 жылдың 17 қарашасында шетел валютасының сауда-саттығын ұйым­дастыру үшін Қазақстан бан­кара­лық валюталық биржасы құры­­лып, бірнеше жылдан кейін атауы Қазақстан қор биржасы деп өзгер­тілген. KASE-ні қазіргі уақытта еліміздегі қор және валюталық нарық­­қа қызмет көрсететін, қаржы нары­ғының ажырамас инфра­құ­рылымы болып саналатын және отан­дық экономикада маңызды орын алатын биржа деп айта аламыз.

AIX 2017 жылы «Астана» ха­лықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылған. Биржа ағылшын құқығының қағидаларына негізделген нормативтік-құқықтық база шеңберінде жұмыс атқарады, осы арқылы сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді.