Фото? Copilot GPT
Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, бізде эмитент пен инвестор үшін қызметтердің толық спектрін алатын бір нақты платформа болуы керек. Еліміз екі биржа ұстайтын деңгейге жетпеді дейді олар.
ҰБ төрағасының айтуынша, Мемлекет басшысы биржаларды біріктіруді емес, биржалардың әлеуетін біріктіруді тапсырды. Бұл әртүрлі сұрақ, өйткені биржалардың бірігуі бір заңды тұлғаның құрылуын білдіреді.
«Наурыз айының соңына дейін шешімді әзірлеу тапсырылды. Бұл шешімді біз, яғни Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және «Астана» халықаралық қаржы орталығы әзірледік. Көптеген елде бағалы қағаз нарығы – экономиканы қаржыландырудың маңызды жолдарының бірі. Дегенмен бүгінде ел экономикасын тек банктер қаржыландырады. Қор нарығын дамытпай, жалпы экономиканың дамуы туралы ойлау қиын. Сондықтан биржалық инфрақұрылым мүмкіндігінше жақын болуы, ал өтімділік біркелкі болуы керек. Сонда кез келген құрал екі платформада да қолжетімді болады», деді Тимур Сүлейменов.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының басшысы Елена Бахмутова қос биржаны KASE базасында біріктіру керек деген ойға басымдық береді. Оның айтуынша, негізгі өтімділік KASE-де шоғырланған.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова қос биржаны біріктіруде Қатар елінің тәжірибесіне сүйену қажет екенін айтады.
Қазақстан қор биржасының құрылғанына биыл – 31 жыл. 1993 жылдың 17 қарашасында шетел валютасының сауда-саттығын ұйымдастыру үшін Қазақстан банкаралық валюталық биржасы құрылып, бірнеше жылдан кейін атауы Қазақстан қор биржасы деп өзгертілген. KASE-ні қазіргі уақытта еліміздегі қор және валюталық нарыққа қызмет көрсететін, қаржы нарығының ажырамас инфрақұрылымы болып саналатын және отандық экономикада маңызды орын алатын биржа деп айта аламыз.
AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылған. Биржа ағылшын құқығының қағидаларына негізделген нормативтік-құқықтық база шеңберінде жұмыс атқарады, осы арқылы сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді.