• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2016

Уақыт Үкіметтен жинақылықты талап етеді

300 рет
көрсетілді

Кеше Астанада «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелестік ортаға және өзін өзі реттейтін ұйымдарға беруге арналған брифинг өтті. Оған «Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясы жетекшісінің орынбасары Асқар Базарбаев, Мәжіліс депутаты Серік Құсайынов, Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. Мемлекетке тән емес және артық функ­циял­арды қысқарту арқылы жинақы Үкімет құру мәселелері талқыланған басқосуда бірінші кезекте сөз алған Асқар Базарбаев «100 нақты қадам» Ұлт Жос­парының 97-қадамын жүзеге асыру барысын­да атқары­лып жатқан шараларға кеңінен тоқталды. «Ұлт Жоспарының 97-қада­мын жүзеге асыру аясында 2015 жылғы 12 қарашада «Өзін өзі реттеу туралы» Заң, сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне өзін өзі реттеу мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заң қабылданды. Аталған заңдарды жүзеге асыру мақсатында сәйкесінше, заңға тәуелді актілер қабылданды және өзін өзі реттейтін ұйымдар бойынша тәсілдерді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», – деді А.Базарбаев. Сонымен қатар, спикер Премьер-Министрдің өкімімен өзін өзі реттейтін ұйымдар мен бәсекелестік ортаға мемлекеттік органдардың функцияларын беру мәселелері бойынша ұсыныстарды жасау үшін арнайы комиссия құрылғанын, оның құрамына Парламент депутаттары, орта­лық атқарушы органдардың басшылығы, «Атамекен» ҰКП, «Қазақстан азаматтық Альянсы» ЗТБ енгенін жеткізді. Одан әрі А.Базарбаев ко­мис­сия жанында өзін өзі реттейтін ұйым­­дар мен бәсекелестік ортаға мем­лекеттік органдардың функ­ция­ларына инвентаризация жүргізуде мемлекеттік орган­дар­дың жұмысын үй­лестіру үшін сараптамалық топ жұмыс істей­тінін, бұл ретте 2016 жылғы 29 сәуірде Ұлттық экономика министрлігінде орталық және жергілікті атқарушы орган­дар үшін функциялардың ин­вен­таризациясы бойынша бей­неконференция режімінде оқыту семинары өткенін атап өтті. Жиында белгілі болғандай, қазіргі таңда орталық және жер­гілікті атқарушы органдардың жұ­мыс топтары өзін өзі реттейтін ұйым­дар мен бәсекелестік ортаға беру мүмкіндігі бар функцияларға ин­вен­таризация жүргізіп, са­рап­та­ма­лық топтың қарауына енгізбек. Бұдан бөлек, спикер функ­цияларды бәсекелестік ортаға және өзін өзі реттейтін ұйым­дарға берудің бірқатар тәсілдері бекітілгенін мәлім етті. Оның айтуын­ша, мемлекеттік орган­дар­дың функцияларын жіктей келіп, оларды тұрақты, уақытша және тән емес функциялар деп бөле отырып инвентаризация жүргізу, «Атамекен» ҰКП және «Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗТБ бірлесіп нарықтың қаншалықты дайын екендігіне талдау жасау, Ұлттық экономика министрлігінің сайтында бәсе­келестік ортаны тарту үшін алдын ала тізбені жариялау, функциялардың базалық тізбесін анықтау және басқа да мәселелер басты назарда болады. Өз кезегінде Серік Құсайынов мемле­кеттік орган­дар­дың функ­цияларын аутсор­синг ар­қы­лы беру шешімі қабыл­дан­ған жағдайда, функция «Мем­лекеттік сатып алу туралы» Заңның шеңберінде берілетінін, ал мемлекеттік тапсырыс ар­қылы шешім қабылданған жағ­дайда «Бюджет туралы» және «Мемлекеттік әлеуметтік тап­сырыс туралы» заңдардың шең­берінде беру жоспарланып отырғанын, көрсетілетін қыз­метті алушылардың қаражаты және өзін өзі реттеу есебінен шешім қа­был­данған жағдайда, функция сала­лық заңнаманың шеңберінде ұсынылатынын жеткізді. «Атамекен» ҰКП Нормативтік-құқық­тық акілерді үйлестіру депар­таментінің сарапшысы Айжан Бижанова мемлекеттік орган қызметін бәсекелес ортаға беру ісі әбден пысықталып барып жүзеге асыры­латынына тоқталды. Жиынға қатысушылардың сөзіне қара­ғанда, жоғарыда көрсетілген шара­лар­ды іске асыру мемлекеттік функ­ция­ларды қысқартуға, азаматтардың ше­шімдер қабылдау үдерісіне қатысуына, өзін өзі реттеуді және жергілікті басқаруды реттеуді дамытуға, мемлекеттің шығы­сын төмендетуге және Үкіметті жинақы етуге мүмкіндік беретін көрінеді. Жиын барысында спикерлер аталған мәселеге байланысты шетелдік тәжірибелер тиянақты зерттеліп, зерделенгенін айтты. Олардың сөздеріне қарағанда, АҚШ-та Ақ үйдің әкімшілігі жыл сайын федералды ведом­стволардың ұсынысы бойынша аутсорсинг арқылы бәсекелестік ортаға беруге болатын функ­циялардың тізбесін қалып­тастыратын көрінеді. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»