қара ормандай қалың бауырларымызбен толықса, солардың бір шоғыры Қызылжар өңіріне қоныстанған
Олармен бірге Жолдас Гүлметұлының отбасы да біржола тұрақтап, бала-шаға нәпақасын маңдай термен айырып жүр. Ал тағдырдың тәлкегімен төрткіл дүниеге тарыдай шашылған қандастарымыз Қазақ елі Тәуелсіздік алғаннан кейін атажұртқа көптеп келе бастады.
«Атамекен неткен ыстық құшағың! Жайқала өскен орман-тоғайыңды, құс жыртылып айрылатын айдын көліңді, аң жүгірген қырат-беліңді сағындым. Өзге елдің алмасы жұдырықтай болса да туған жердің бармақтай ғана бал татыған жидегіне айырбастамаймын», деген ой Жолдасты көптен бері мазалап жүретін. Барша қазақтың әнұраны іспеттес «Атамекен» әнін іштей мың қайтара қайталаудан жалықпайтын. «Қайда жүрсең атамекен, Көкейіңде жатады екен» деген қайырмасына келгенде жанарына жас тығылып, кеудесін ащы өксік қысатын.
Түрікменстанда туып, Өзбекстанда өскен Жөкең бұл жақта да елге сыйлы-тұғын. Еңбек десе, жанып тұратын. Алайда, ел десе, елең ете түсетін көл дариядай көңіл құрғыр әлденеге елегізіп, тыншу бермейтін. Зайыбы Зылиқа екеуі үш ұл тәрбиелеп өсіріп, енді осы құлындары болашағын ата-баба қонысымен байланыстырса деген игі ақжолтай арман орындалса, шіркін, деген ішкі тілекте жүретін. Дүниежүзінде өз қандастарын еліне шақырып, қаражат бөлген, әлеуметтік жағдай жасаған Израиль мен Германия ғана деп еститін. Олардың қатарына Қазақстанның да қосылғанын естіп, төбесі көкке жеткендей қуанған.
Кейбіреулер секілді шақыру күтіп кергімеген. Жастайынан «Ел-елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен жақсы» деген ұлағатты көкейіне тоқып өскен ұлтжанды азамат жүгін буып, бала-шағасын ерткен күйі Мағжан Жұмабаев атындағы ауданға атбасын тіреген. Есімі алты алашқа мәшһүр ақиық ақынның аруағы қолдады ма, шүмектеп төгілген тер ел байлығына ырыс, табыс болып қосылған. Халқынан алуды емес, беруді мұрат еткен үй иесі жазы қоңырқай, шөбі шүйгін өлкенің төрт түлік өсіруге өте қолайлы екенін жазбай таныған. Келе салысымен ауыртпалығын өзгелерге артпай, алдымен өз күшіне сенген. Қосалқы шаруашылықпен айналысты. Ұлдарын қолдарынан жетелеп жүріп, еңбекке баулыды. Ащы тердің кермек дәмін, ас атасы-нанның қадірін ұғынсын дегені.
Ұлдары Мақсат пен Жамбыл «Булаев су» коммуналдық кәсіпорнына жұмысқа орналасты. Алғашқы кездері айлық еңбекақы жетім қойдың жеміне ғана жететін болса да, орындарынан қозғалмады. «Барға – қанағат, жоққа – салауат», «сүйегім атажұртта жатса екен» деп өмір бойы армандаумен өткен аталар аманатының орындалғанына шүкіршілік десті. Ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан еңбекқорлық, қанағатшылдық оның немерелеріне де дарыған.
– Елбасымыздың тікелей қолдауымен «Нұрлы Көш» бағдарламасының «Мәңгілік Ел жастары–индустрияға!» мемлекеттік жобасына жалғасқанын отбасымыз болып қолдаймыз. Немерелерімнің алды «Серпін» әлеуметтік бағдарламасы аясында колледждерге түсіп, тегін оқумен қамтылып отыр. Немерелерімнің бәрі – ер балалар. Шетінен өнерлі, спортшы, саламатты өмір салтын ұстанған, – деп Жөкең мәртебесі көтеріле сөйлейді.
Туған елге табан тіреп, көшіп келушілерге елімізде есік әркез ашық екенін шаңырағы шаттыққа толы осы отбасы арқылы жазбай тануға болады. Талғат, Қуаныш, Нұртас атты немерелері спорттың әр түрінен аудан, облыс жеңімпаздары саналады. Үстел теннисінен және шахматтан алдарына жан салмайды. Қуаныш былтыр кикбоксингтен өткен облыстық турнирде топ жарды. Мұхтар есімді немересі кикбоксингтен Шымкент қаласында ұйымдастырылған республика біріншілігінде 48 кило салмақ дәрежесінде сынға түсіп, қоладан алқа тақты. 12 жастағы Еламан да ағаларының жолын қуып, атақты спортшы болуды армандайды.
– Мен Үкіметке ауыртпалық түсірмей, 2004 жылы өз бетіммен туған жер төсіне табан тіреген едім. Енді балаларым мен немерелерімнің Қазақстанның толыққанды азаматы атанып, түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмысқа орналасқанына, білімдерін көтергендеріне, уақыт озған сайын Отанға оралту жұмысының жүйелене түскеніне бек қуаныштымын. Келемін деушілерге жұмыс та, баспана да, оқу да табылады. Ең бастысы – қайда жүрсек те, ат қазығын байлар атамекенге ештеңе жетпейтінін ұғына білейік! – деді Жолдас ақсақал қоштасар кезде ерекше тебіреніспен.
Мекебай ОҢАЙ
Солтүстік Қазақстан облысы,
Мағжан Жұмабаев ауданы