• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2016

Кекілбаев керуені тоқтамайды

343 рет
көрсетілді

Амандығын Аллаға, заман жү­­гін заңғар ұлдарына сеніп тап­сырған қазаққа Әбіштей абызынан айырылу оңайға соқпағаны белгілі. Өлгенін жырмен жоқтаған, тірісі сөзге тоқтаған ел азаматта­ры кеше Ұлттық академиялық кітапхана ұжымының ұйытқы болуымен заманымыздың заңғар жазушысын еске алуға арналған әдеби кеш өткізді. Кеш аясында Жұмабек Мұқановтың жазушы Әбіш Кекіл­байұлының өміріне арналған «Жүз күндік жалғыздық» атты ес­телік кітабының тұсаукесері болды. Аталмыш туындының тұсауын Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы Орталық ке­ңесінің төрағасы Өмірзақ Оз­ғанбаев пен белгілі композитор Ілия Жақанов кесіп, орамды ойларын ортаға салды. «Бүкіл ел жиналып Әбекеңмен қоштасқан сәт қазақ үшін ауыр болды. Мен сол сәтте балдағына сүйеніп келген жандарды көрдім, мүгедектің арбасына таңылып отырса да сол қоштасуға қатысқан кісілерді көрдім, Әбіштің отбасына көңіл айтып жатқан жандардан бөлек, бір-біріне көңіл айтып жатқандарды көрдім. Сол уақытта елдің, халықтың ол кісіге деген ыстық ықыласын, мөлдір махаббатын байқап, терең тебіреністі күй кештім. Бүгін тұсауын кесіп отырған бұл кітап қазақ үшін қазына десек болады. Себебі, оның ішінде Әбіш туралы Елбасы бастап, ел азаматтары қостап, тамыр-таныс, жора-жолдастары толықтырған лебіздер легі мен ескірмес естеліктер қамтылған. Оның ғажабы да осында», – деді Өмірзақ Озғанбаев. Әбіш Кекілбаевқа арналған шарапатты шараны белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков жүргізіп, тамыры терең тарих қойнауынан Әбіш жайлы әртүрлі ой-толғамдарды ортаға салды. Сондай-ақ, қоғам қайраткерлері, ғалымдар қонақ болып пайымды пікірлерін білдірсе, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Серік Тұрғынбеков өлең оқып, өз сөзін жырмен жеткізді. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»