• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2016

Жұрт қолдаған шара

264 рет
көрсетілді

Кеше еліміз бойынша, нақ­­тылай айтқанда, облыс­тық, қа­лалық, аудандық кітап­­хана­лар мен Достық үй­лерінде, сон­дай-ақ, жоғары оқу орын­­да­рында бір уақыт­та мем­­ле­кет­тік тілде «Мәңгілік Ел» Пат­риоттық акциясына ар­нал­­­ған жалпықазақ­стан­дық ашық диктант жазу шарасы өтті.  Қазақстан халқы Ассамблея­сының бастамасымен синхрон­ды түрде ұйымдастырылған акция­ға 3 мыңнан астам кітап­хана­дан бөлек, ЖОО-лар мен Достық үй­лері белсене атса­лысты. Ел азаматт­ары­­ның пат­риоттық сезімд­ерін нығайта түсуді, сон­дай-ақ, қазақ тілі­нің мәртебесін көтеруді мақ­сат ет­кен, Тәуел­сіздігіміздің 25 жыл­ды­ғы­на орай қолға алынған шара­ға ұлты, кәсібі, жас ерек­шелігі әр­­түрлі 20 мың­нан астам адам қатыс­ты. Акцияның Астанадағы Ұлт­тық академиялық кітапхана­да ұйымдастырылған ашылу рәсімінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов бұл шараның қоғамымызға, әсіресе, жастарға өте қажет екеніне тоқтала келіп: «Тәуелсіздіктен асқан қасиетті ұғым жоқ. Ол біздің басты құндылығымыз. Мұны біз жұртшылыққа түсіндіре білуіміз керек. Сондықтан, осындай акцияны өткізуді қолға алдық. Мұндағы мақсатымыз – «Мәңгілік Ел» идеясын халық арасына кеңінен насихаттап, оның мән-маңызын түсіндіру», – деді. Бұдан кейін сөз алған мемлекет қайраткері, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков дик­тант жазуға келген азаматтарға сәттілік тілеп, барлығының жо­ғары баға алуларына тілектес екен­дігін білдірді. Өзіміз куә болған, яғни Аста­надағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен диктант жазу шарасына ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері, жастар, Ұлттық ұлан және Астананың барлық этномәдени бірлестіктерінің өкіл­дері қатысты. Айта кетейік, 230 сөзден тұра­тын диктант мәтінін отандық ғалымдар дайындаған. Оның мазмұны патриоттық тақырыпқа негізделген. Жалпы, диктантты фило­лог оқытушылар тексереді. Қоры­тындысы бойынша «өте жақсы» баға алғандардың есім­дері атап өтіледі. Мұны жыл сайынғы дәстүрге айнал­дыру жоспарлануда. Акция қоры­тындысы бүгін белгілі болады деп күтілуде. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»