туған жері – Орал қаласына жеткізілді
Батыс Қазақстан облыстық М.Мәметова атындағы мемориалдық музейдің қызметкерлері Шығыстың екі шынарының бірі – Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың соңғы демі таусылып, мәңгілікке дамылдап қалған Невель жерінен үлкен олжамен оралды. Олар қаһарман қыздың, батыр жерлестерінің жауды жосадай қырған даңқты пулеметін сол жақтан арқалап әкелді.
Бұл бастамашыл топты керемет энтузиаст, музейдің басшысы Светлана Бектенованың өзі бастап барған. Көптен бері Ұлы Отан соғысы туралы материалдар жинақтап, оны түбірлей зерттеп келе жатқан ол осы сапар Мәншүктің пулемет бөлшектерін қуана-қуана алып жеткен. Батыр туған топыраққа жеткізілген қарудың ұңғысы мен қалқаны мен басқа да ұсақ-түйек бөлшектері жақсы сақталыпты.
– Ерлікпен қаза тапқан қайсар қыздың көп заты қазір музейде тұр. Бірақ бұл жолғы жәдігердің жөні бөлек, – дейді музей мамандары.
– Біздің музейіміз үшін бұл орасан зор мәні бар үлкен жаңалық болып отыр. Шын мәнінде сенсация осындай-ақ болар. Мәншүк музейіне Мәншүктің пулеметі келді. Бұдан артық не керек. Үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген бұл оқиға жұрттың бәрін керемет серпілтті. Біз батырдың жан серігі болған қасиетті қаруын Невель қаласынан таптық. Осында арнайы кездескен «Гвоздика» патриоттық жасағы оны қолымызға берді. Мен өте ризамын, – деді Светлана Бектенова.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ