• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2016

Көңіл толқытқан кеш

368 рет
көрсетілді

Кезінде «Көңіл толқыны», «Ақ жауын» атты күйлерімен көпшілікке кеңінен танымал болған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбековтің ерекше шабыттана орындайтын кербез күйлерін халық тыңдаудан әсте жалыққан емес. Кейде салалы саусақтары сырлы пернелерден сиқырлы үн шығарып, қос ішекті аспапты өмірінің өзегіне айналдырған табиғи талант иесінің киелі өнерге деген тазалығын көріп тәнті боласың. Зер салып қарасаңыз, күйлерінің өзі қарлы шыңдар мен Көк зеңгір аспанды бағындырған қыран бүркітті көз алдыңа елестетері хақ. Секен Тұрысбековті қалың жұртшылық күйшілік қырынан өзге, сазгер ретінде де тани біледі. Ол «Шағала», «Аққу сазы», «Қоңыр қаз» секілді көптеген әндердің авторы. Таяуда Астана мемлекеттік академиялық филармониясының ұйымдастыруымен өткен күйші-сазгер С.Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» атты ән кешінде бұған тағы бір көз жеткізіп қайтқан едік. Шымылдығы «Ұлы дала» күйімен ашылған бұл концертте Секен Тұрысбековтің әндері мен күйлері орындалды. Сахна төріне шыққан ол жи­налған қауымға қарата: «Әнді екі­нің бірі ұғады, ал, күй құдіретін көп адам ден қойып, түсіне бермейді. Сондықтан, менің ән-күйім мен өнерімді сыйлап келгендеріңізге рахмет!», – деген өзінің жүрек­жарды алғысын білдірді. Кеште көрнекті ақын, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Ұлықбек Есдәу­лет өзінің досына арнаған «Саф» атты өлеңін оқыды. Сондай-ақ, С.Тұрысбековтің әндеріне сөз жаз­ған ақын Н.Айтұлы мен Ұ.Есдәу­леттің бірнеше өлеңдерін көпшілік жылы қабылдады. «Мына көрші қытай елінде «Ақ жауынды» домбырада, «Кө­ңіл толқынын» күйсандыққа салып, «Қазақтың күйі!» деп әрбір концертте ойнайды екен. Осы жаңалықты естігенде төбем көкке екі елі жетпей қалғандай күй кештім. Күй – аударманы қажет етпейтін дүние. Қара қытай күйімді қазақтың күйі деп таныса, мен үшін одан артық қандай бақыт бар? Орыстың бір ұлы суретшісі «Менің туындымды қытай мойындаса, онда әлем танығаны деп білер едім» деген екен» – деді кеш иесі. Айта кетейік, Секен Кәрім­ұлы­ның Астанада «Жазғы қар», «Күлтегін», «Мәңгілік ел», «Ақ­жүніс», «Көкбөрі», «Төле­гетай» атты күйлері дүниеге келді. Ал аталған ән кешінің тақырыбына айналған туындыны автор 1985 жылы, 24 жасында шығарған екен. Шамасы, көңілі толқығанда туған дүние болса керек-ті. Ал, «Ақ жауы­н» күн шайдай ашылып тұрғанда бір төгіп өтетін жылы жаңбыр. Сол ақ жауын мына қатыгездік белең алған заманда барлық дерлік жамандық атаулыны шайып кетсе екен деген адами ұғымнан шыққан шығарма екен. Халықаралық және республи­калық байқаулардың лауреаттары Күнсұлу Тұрлыбекова, Жазгүл Данылбаева, Перизат Тұрарова, Зульфия Баймұрзаева, Данияр Мұқан, Әйгерім Нартуеева, Тел­ман Нұртай, Рахат Бегасылов, Жақсыгелді Маясаров, Жалғас Сұлтан, Ерлан Рысқали сияқты дәстүрлі әншілердің орындауында әуезді ән шырқалып, күмбірлеп күй тартылды. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Қазақтың ұяты мен қасиеті тек күйінде ғана қалды», деген екен. Олай болса, күй өнері де қазақ халқымен бірге мәңгі жасай бермек. Раушан СҮЛЕЙМЕНОВА