• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2016

Ілекеңнің інжу-маржаны

544 рет
көрсетілді

Туған халқының ән өнерін шексіз сүйіп, осы ұлы өнерді зерделеуге бүкіл саналы өмірін арнаған музыкатанушы, суретші, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, көрнекті композитор, белгілі жазушы Ілия Жақа­новтың сексеннің сеңгіріне шыққан мерейтойы еліміз бо­йынша кеңінен атап өтілуде. Осы ретте таяуда Астанадағы Ұлт­тық академиялық кітапханада өткен «Ілия­ның романстары» атты әдеби-сазды кешін атап айтқан болар едік. Кеште Ілия Жақановтың құлақ құрышын қандырар тамаша әндерін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай орындады. Әннің ұлылығын ғана емес, шабыт келгендегі сазгер жанының тол­қынысын жеткізген Ілия Жақановтың шығармашылығы жайында тұшымды әңгіме қозғалды. Оның халық арасында өте танымал болған «Алматы кешінде», «Асылым», «Жайлаукөл кештері» сияқ­ты әндерінің өзі неге тұрады?! Ол, сон­дай-ақ, «Екі жирен», «Бірінші концерт» әңгімелері жинағының, «Аққулар қонған айдын көл», эссе-әңгімелер жинақ­та­рының, «Ықылас» романының, музыка және музыканттар туралы көптеген зерттеулердің авторы. Одан соң ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына және сазгердің жеке қорының ресми ашылуына орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шара Ұлттық мұрағатта жалғасын тапты. Онда «Сырлы сазгер – Ілия Жақанов мұрасы» атты құжат­тар көрмесі көпшілік қауымға ұсыныл­ды. Бұл көрмеде І.Жақановтың ұзақ жыл­дар бойғы зерттеушілік қызметін ашып көрсететін бірегей қолжазбалық құжаттары, сондай-ақ, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың композиторға жолдаған хаттары, ғылыми-зерттеушілік қолжазбалары, студент І.Жақановтың дипломдық жұмысы, картиналары, дипломдары, марапаттау құжаттары, фото және бейнеқұжаттары қойылды. Алдыңғы күні мерейтойлық шаралар елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде түйінделді. Қасиетті өнерді қастерлеген халық емеспіз бе, кешке жиналған игі жақсылар қарасы мол көрінді. Тағы бір қуантарлық жайт, кеш барысында Ілия Жақановтың шы­ғармашылық қоры тағы бір жаңа кітаппен толықты. Ол «Дүние шіркін...» деп аталады. Бұл кітап өмірдегі жақын досы, өнердегі рухани жан дүниесі жарасқан, қазақтың біртуар азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері, түрколог-ға­лым Мырзатай Жолдасбековтің ком­позиторлық өнеріне арналған. Шара барысында аталған еңбектің таныстырылымы болып өтті. Бойына композиторлық, жазу­шы­­лық, суретшілік секілді үш өнерді то­ғыс­­тырған І.Жақановтың шығарма­шы­лығы да сан салалы. ҚазГУ-дың фи­­ло­­­логия факультетін бітірген соң кон­серваторияға емтихан тапсыруға барады. Сонда оның әндерін тыңдаған емтихан комиссиясының мүшесі, композитор Евгений Брусиловский: «Бұл жігіт – нағыз халық композиторы. Ол даланың музыка академиясын бітірген. Өзінің осы табиғатын бүлдірмейік. Шығаратын әнін сал-серілерше емін-еркін шығарсын», деген екен. Елін ән бесігімен тербеген өнер иесінің әндері бүгінде 200-ден асады. «Түн ортасы болғанда» атты алғашқы әнін 1956 жылы жазған композитордың бүгінде «Даниярдың әні», «Жәмиланың әні», «Әселім», «Асылым», «Толағай», «Еділ мен Жайық», «Есіл бойы», «Ағады Жайық» деген әндері халыққа кеңінен тараған. Өнеріміздің асыл қазыналары, қазақ әнінде айшықты із қалдырған тарихи тұлғалар жайындағы І.Жақановтың зерттеулері де бір төбе. Атап айтқанда, Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Үкілі Ыбы­рай, Мәди, Естай, Әсет, Кенен сияқты қазақтың аса дарынды халық­тың өнер саңлақтарымен қатар Сүгір, Ақбала, Әлшекей, Қайыпназар, Қал­дыбек, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Мәкен Тұрлығұлқызы сияқты күйші-ком­позиторлар туралы сүбелі ең­бектері ел аузында. Сексеннің сеңгіріне шыққан І.Жақанов бүгінде өзінің шығармашылығын үдете түспесе, бәсеңдеткен емес. Оған дәлел – 78 жасында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін су­рет­ші мамандығы бойынша тәмамдауы дер едік. Алдағы уақытта да тума дарын иесі Ілия ағамызға мықты денсаулық, шы­ғармашылық табыстар тілейміз. Раушан Тәуірханқызы, «Егемен Қазақстан»