• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2016

Орегонда жеңіп, Кентуккиде жеңілді

258 рет
көрсетілді

Шарайна

АҚШ-та ел президенттігіне кандидаттардың праймеризі жалғасып жатқаны белгілі. Мәселен, сенатор-демократ Берни Сандерс Орегон штатындағы праймеризде өзінің бәсекелесі, бұрынғы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтоннан басым түсті. CBS News телеарнасының деректеріне қарағанда, Сандерс партияластарының 53 пайыз дауысын алса, Клинтонның көрсеткіші – 47 пайыз. Сонымен бір мезгілде, Кентуккиде Клинтон 47 пайыз дауыс жинаса, сәйкесінше, Сандерске тигені – 46 пайыз. Ал республикашылардың праймеризінде Орегон штатында миллиардер Дональд Трамп, тіпті, 67 пайыз дауыс алыпты. АҚШ президентін сайлау 8 қарашада өтетінін айта кетейік. Саудияны сотқа бермек еді... АҚШ Конгресінің сенаты 2001 жылдың 11 қыркүйегінде ұйымдастырылған лаңкестіктің құрбандары мен зардап шеккендердің отбасыларына Сауд Арабиясын сотқа беруге рұқсат ететін заңды мақұлдады. Енді заң жобасын Конгрестің өкілдер палатасы мақұлдауы тиіс. Содан кейін АҚШ президентінің қолы қажет болады. Ал құжат қараудың барлық сатысынан «аман-есен» өткен жағдайда ол шет мемлекеттерді АҚШ соттарында қараған кезде иммунитет ұсынатын 1976 жылғы қолданыстағы заңды айналып өтуге мүмкіндік береді. Бірақ президент Б.Обама қазірдің өзінде құжатқа вето қоятынын мәлімдеп үлгерген. Өйткені, АҚШ-тың Саудияға қарызы бағалы қағаздар мен активтерді қоса есептегенде 750 миллиард долларды құрайтын көрінеді. Төрт жыл бұрынғы деңгейге жетті Иранның мұнай экспорты өткен сәуір айында 2012 жылдың басындағы көрсеткіштен де асып түсіп, тәулігіне 2,3 миллион баррельді құрады. Бұл – Халықаралық энергетика агенттігінің болжамынан 15 пайызға жоғары көрсеткіш. Осы мамыр айында Иран 2,1 миллион баррель мұнай сатуды жоспарлап отыр екен. Бұл – 2015 жылмен салыстырғанда (1,3 миллион баррель) айтарлықтай үлкен көрсеткіш. Екінші жағынан, Иранда «қара алтынды» тасымалдайтын танкерлер саны жеткілікті екені де айқын аңғарылады. Жалпы, елдің экспорты барлық бағыттарда өсе түсіп отыр екен. Солардың қатарында Қытай және Еуропа елдері бар. Қысқа қайырып айтқанда: Ресей коммунистері Мемлекеттік думаға сайлау кезінде Иосиф Сталиннің образын пайдаланбақ ниетте. Осылайша, РФКП өздерінің жағына қосымша электорат тартпақ. Бұл жөнінде РФКП ОК-нің хатшысы Сергей Обухов мәлімдеді. Польшаның билеуші «Заң және әділеттілік» партиясының серкесі Ярослав Качиньски АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтонға, ол Польшада демократия нормалары сақталмайды деп мәлімдегеннен кейін, дәрігерге көрінуді ұсынды. Я.Качиньскидің пікірінше, елдегі демократия аса жоғары деңгейде. Лукойл басшысы Вагит Алекперов «Россия-24» телеарнасына сұхбатында мәлімдегеніндей, үстіміздегі жылы мұнай бағасы шамамен 45-55 доллар аралығында тербеліп тұратын болады. Ал жылдың соңына қарай, бұл табалдырық жоғарылауы ықтимал. АҚШ-тың солтүстік-шығысында метеориттің құлағаны тіркелген. Ауада отты ізді бейнекамералар түсіріп алыпты. Атап айтқанда, Мэн штатындағы Портленд полиция басқармасындағылар патрульдік қызметкер түсірген бейнежазбаны жариялап үлгерді. Метеориттің көлемі шағын ғана – автокөлік шамалас. ХОК басшысының ұстанымы қатал Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) басшысы Томас Бах Ресей құрамасы үстіміздегі жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Олимпия ойындарынан аластатылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Оның сөзіне қарағанда, егер «допингтік бағдарламаның» болғаны туралы айып расталатын болса, Ресей құрамасының Олимпиадаға жіберілмеуі әбден мүмкін. «ХОК жауапкершілікке тек жекелеген спортшыларды ғана емес, сондай-ақ, оның төңірегіндегілерді де тартатынына күмән болмауы тиіс», деп мәлімдеді Т.Бах. Сөйтіп, айып тағылған спортшылар олимпиадаларға өмір бақи қатыстырылмауынан бастап, Ресей Жеңіл атлетика федерациясына айтарлықтай айыппұл да салынуы ықтимал. Чавестің өліміне кім кінәлі? Венесуэла президенті Уго Чавес көз жұмған рак ауруы оның ағзасында табиғи жолмен пайда болмаған, жасанды түрде туындаған, деп есептейді осы елдің вице-президенті Аристобуло Истурис. Ол өзінің осындай көзқарасын ел астанасы – Каракаста өткен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жиынында білдірді. Вице-президенттің сөзіне қарағанда, бұл – боливариан революциясын аяқтан шалып, «доллар диктатурасына» қатер төндіретін баламалы қаржы тәртібін қалыптастыруды тоқтату мақсатында жасалған қадам. А.Истуристің пікірінше, Чавес әлемдік ірі қаржы орталықтары үшін №1 жауға айналып, осы себепті әдейі өлтіріліп отыр. «Бірақ, – дейді ол, – мұны біз білгенімізбен, дәлелдей алмаймыз». У.Чавес 2013 жылдың наурызында 58 жасында қайтыс болған еді. [caption id="attachment_40719" align="alignleft" width="560"] man with map over tourist attraction[/caption] Ресей туристерінің таңдауы – Прага Ресей туристері үшін ең тартымды қала Прага көрінеді. Чехияның астанасына барған туристер орташа есеппен алғанда жамбаспұлға тәулігіне 58 еуродан төлейді екен. Екінші орында – Минск, үшінші орында Париж тұр. Алғашқы ондыққа, сондай-ақ, Рига, Баку, Таллин, Рим, Барселона, Хельсинки және Лондон кіреді. Ал ресейліктер үшін елдегі қалалардың арасында Мәскеу бірінші орын алады. Одан кейінгі кезекте Санкт-Петербург пен Қазан орналасқан. Алғашқы ондыққа, сонымен қатар, Нижний Новгород, Екатеринбург, Калининград, Ярославль, Петрозаводск, Иркутск және Дондағы Ростов қалалары еніп отыр. Сондай-ақ, танымал шағын қалалар қатарында Мәскеу түбіндегі Серпухов, Ленинград облысындағы Приозерск және Владимир облысындағы көне Суздаль бар. Интернет материалдары негізінде әзірленді