• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2016

Жаһандық экономика қайшылықтар қыспағында

248 рет
көрсетілді

Жаңалық Израильге жақсылық әкелмекші

«Сіз, еврейлердің Мұса пайғамбарды неге жек көретінін білесіз бе? Ол еврейлерді бастап 40 жыл құм кезіп жүріп, Таяу Шығыста мұнайы жоқ жалғыз жерді тапқан екен». Ащы да болса шындыққа жақын осы бір әзілді израильдіктер ондаған жылдар бойы айтып келді. Енді осы бір ащы ақиқаттың соңғы нүктесі қойылатын сияқты. Жақында Жерорта теңізінің Израиль мемлекетіне қарасты аумағында орасан зор табиғи газ қоры табылды. Бұл болашақта Израильді энергетикалық шикізатты экспорттайтын ірі ойыншылардың біріне айналдыруы әбден мүмкін. Осы ірі кен орнының ашылуына байланысты бұл елді «энергетикалық шикізаттан жұрдай» деген қауесеттің тамырына балта шабылатын болды. Алдағы уақытта ірі табиғи газ кен орнын игеруге байланысты Израиль өңірдегі ең ірі энергетикалық елдердің біріне айналмақ. Израиль геологтары табиғи қазба байлығын іздеу науқанын алғаш мемлекет құрылған күннен-ақ бастаған болатын. Алайда, ұзақ жылдар бойы бұл жерден не газ, не мұнай кеніштерін табу мүмкін болмады. Өзі құрылған күннен бастап бұл мемлекет энергетикалық шикізатты шеттен тасымалдап келді. Соңғы жылдары Израильдің өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы қарқынды даму жолына түсті. Сонымен бірге, елдің тұтыну қабілеті де жылдан-жылға артып келеді. Осыған байланысты ел экономикасының энергетикалық шикізатқа деген сұранысы да жылдан-жылға артуда. Ұзақ жылдар бойы Израиль табиғи газды Мысыр елінен импорттап келген болатын. Израильдің жаңа энергетикалық дәуірі 1999 жылы басталған еді. Сол жылы Tethys Sea компаниясы Ашкелона қаласына жақын маңдағы жағалаудан алғашқы газ кенішін ашты. «Мэри-Б» атты бұл газ кенішінің қоры 45 миллиард текше метрді құраған болатын. 2004 жылы бұл кеніш толық қуатында жұмыс істеп, Израиль өзінің газға деген сұранысының 40 пайызын жауып келді. Қазір бұл ел жылына 6,5 миллиард текше метр газ тұтынады. Алайда, 2012 жылы бұл кен орнының қуаты сарқылып, газ өндіру көлемі күрт төмендеп кетті. Ал Израиль әлмисақтан мұнайды шеттен тасымалдайды. Елдің мұнайға деген сұранысы жылына 14,9 миллион тоннаны құрайды. Міне, энергетикалық шикізатқа деген сұраныстың осындай өсу жағдайында табиғи газдың орасан мол қоры сақталған жаңа кен орнының табылуы Израиль экономикасын алдағы тығырықтардан алып шығатын үлкен қозғаушы күш болмақ. Осы кен орнын табу жолында Израиль геологтары 40 жыл бойы тер төккен еді. Ақыры олардың еңбектері жанып, еврейлердің Мұса пайғамбарға деген көзқарастарының өзгеруіне мүмкіндік туды.

Халық жаңа заңға қарсы

Франция үкіметі еңбек туралы заңды парламенттің төменгі палатасы – Ұлттық ассамблея арқылы күштеп қабылдауды жүзеге асырмақ. Бұл еңбек туралы заңға халық қарсылығы қатты болып тұр. Парижде және басқа да ірі қалаларда көшеге шыққан ереуілшілер бұл заңның қабылдануына ашық қарсылық танытуда. Жаңа еңбек туралы заңның нормалары бойынша жұмысшыларды жұмыстан шығару жеңілдетілген. Бұрынғы еңбек шарттарының орнына енді жұмыс беру­ші мен жалданушы арасындағы жеке келісімдер күшіне енбек. Іс жүзінде бұл француздық еуросоциализмнің ең басты жетістігі – 35 сағаттық жұмыс аптасынан бас тарту болып табылады. Ақпан айының ортасынан бері жалғасып келе жатқан еңбек реформасына деген халық наразылығы барған сайын ушығып барады. Тіпті, көшеге шыққан ереуілшілер мен полицейлер арасында ірі жанжалдар да орын алды. Осы орайда еңбек туралы жаңа заң­да жұмысшыларды қанағаттандырмай отыр­ған не деген орынды сұрақ туындайды. Бұл орайдағы ең басты мәселе жаңа заң жобасы жалпыұлттық құқықтық норма­лардан тараптар арасындағы қарапайым келісімдерге басымдық беруде болып отыр. Яғни, іс жүзінде жұмыс беруші мен жалданушы жұмыс шарттары бойынша екіжақты келісім жасайды. Яғни, жалданушыны жұмысқа қабылдар кезде   жұмыс беруші өзінің ыңғайына қарай келісімде жалақыны төмендету, берілетін сыйақылардың көлемін кеміту, жұмыс уақытын өсіру сияқты шарттарды енгізіп жібереді. Іс жүзінде осы жаңа еңбек заңы бойынша келісімшарттар жасау үрдісінде мемлекеттің ешқандай рөлі болмайды.

Ақш қарызы асқынып тұр

Таяу Шығыс монархиясы АҚШ-қа ең ірі несие берушілердің ондығының қатарына кірді. АҚШ қаржы министрлігі елдің Сауд Арабиясы алдындағы мемлекеттік қарызының көлемін жария етті. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, АҚШ-тың Сауд Арабиясына қарызы туралы ақпарат соңғы 40 жыл бойы құпия болып келген екен. Сөйтіп, Қаржы министрлігінің жария еткен дерегі бойынша, АҚШ-тың Таяу Шығыстағы монархтар еліне таза қарызы 116,8 миллиард долларды құрап отыр. Бұл қаңтар айындағы рекордтық көрсеткіштен 6 пайызға төмен. Bloomberg агенттігінің дерегі бойынша, Сауд Арабиясы АҚШ-қа несие беруші ең ірі он елдің құрамына кіреді. Бұл ондықтың көш басында Қытай елі тұр. АҚШ-тың оған қарызы 1,3 триллион долларды құраса, Жапонияға беретін мемлекеттік қарызы 1,1 триллион долларды құрап отыр. Үстіміздегі жылдың сәуір айында The New York Times агенттігі егер АҚШ конгресі 2001 жылғы 11 қыркүйекте болған оқиғаға байланысты монархияға қандай да бір жауапкершілік артатыны жөнінде заң қабылдайтын болса, онда Сауд Арабиясы жалпы көлемі 750 миллиард доллар тұратын америкалық облигацияларды және басқа да активтерді сататындығы жөнінде дөңайбат көрсеткенін хабарлаған болатын.

Сұраныс өсе бастады

Соңғы күндері әлемдік рынокта мұнай бағасының біршама өскендігі байқалады. Baker Huqhes атты америкалық мұнай-сервис компаниясының мәлімдеуінше, әлемдік рыноктағы бұл өзгеріс АҚШ-тың бұрғылау қондырғыларының азаюының нәтижесінде болып отыр. Baker Huqhes компаниясының өткен жұмада жарыққа шығарған деректері бойынша, АҚШ-тағы бұрғылау қондырғыларының жалпы саны 13 мамырда 9 бірлікке немесе 2,17 пайызға қысқарып 406 бірлікті құраған. Жыл ішінде бұл көрсеткіш 482 бірлікке азайып, бұрғылау қондырғылары 54,3 пайызға қысқарған. Сонымен бірге, әлемдік рынокта мұнай бағасының көтерілуі үшін оң ахуал қалыптастыруда Goldman Sachs компаниясының мәлімдемесі де елеулі ықпал етті. Олардың дерегі бойынша, әлемдік рынок­та соңғы екі жыл бойы мұнайдың сұраныстан жо­ғары болу үрдісі аяқталған. Қазір әлемдік рынокта мұнай өнімдерінің тапшылығы сезіле бастаған. «Мұ­най рыногы сұраныстан жоғары болу үрдісінен құтылды. Рынокта мұнай тапшылығы біз күткен мерзімнен бұрын сезіле бастады», дейді Goldman Sachs компаниясының сарапшылары. Бүгінде Ни­герияда, Венесуэлада, АҚШ-та және Қытайда шикізат өндіру көлемі күрт төмендеген.

Ххі ғасырда оффшордың болуы ұят

Эквадор президенті Рафаэль Корреа халықаралық қауымдастықты қандай да бір болмасын оффшорлық кестені жоюға шақырды. «Егер адамзатта қандай да бір ар-ұят болатын болса, егер капиталистік жаһан­дануда қандай да бір этика болатын болса, онда салық «жұмағын» жабу туралы халықаралық заң қабылдау керек», деді Корреа венесуэлалық El Universal порталына берген сұхбатында. Эквадор президентінің айтуынша, оффшорлық қызметті пайдаланатын компа­ниялар өздерінің көлеңкелі қызметтерін жарыққа шығарғысы кел­мейді. «Өзімізді алдауға жол бермеуіміз керек. ХХІ ғасырда адамзат оффшорлық кестеге қалай жол беріп отырғандығына таңым бар. Оффшор неге қажет екендігі кімге де болса белгілі: бұл шыққан тегі белгісіз, жауапсыз, салық­сыз капитал, яғни активтерді жымқыру деген сөз», деп атап көрсетті Рафаэль Корреа. Эквадор президенті бұл сұхба­тын халықаралық ақпарат кеңістігінде «па­­на­малық қағаз» деген атқа ие бол­ған оффшорлық қылмыстық тізімге байланыс­ты берген. Халықаралық зерт­теуші-жур­налистер консорциумы (JCIJ) үстіміздегі жылғы 9 мамырда оффшор­лық компаниялардың дерегі туралы ақпаратты жарыққа шығарған. Осы тізім бойынша оффшорлық есепшоттар мен компаниялардың иелерін анықтауға болады. Бұл тізімде дүние жүзінің 209 мем­лекетінің субъектілері бар. Осы мәсе­лелерді айта келіп, Рафаэль Корреа өзінің әкім­шілігі шенеуніктерінің бұл тізімде жоқ екендігін және өзі ешқандай да тексеру жұмысынан қорықпайтындығын мәлімдеген. Топтаманы дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»