АСТАНА. 19 мамыр. Қарағанды облысының экс-әкімі Бауыржан Әбдішев түрмеден мерзімінен бұрын шартты түрде босатылды. Бұл туралы tengrinews.kz-ке сілтеме жасаған egemen.тілшісі хабарлады.
Қазыбек би аудандық сотының судьясы Жұмағұл Шүженов сотталушының өтінішін қанағаттандырды. Ол: «Бауыржан Әбдішев мерзімінен бұрын шартты түрде босатылсын, 1 жыл 4 ай 4 күнге пробациялық бақылау орнатылсын», – деді сот отырысында.
Айта кетейік, Бауыржан Әбдішев 2015 жылдың 11 желтоқсанында Қылмыстық кодекстің 365-бабының 3-бөлігі (Заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау), 307-баптың 3-бөлігі (Қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану) және 364-баптың 3-бөлігі (Кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу) бойынша экономикалық қылмыс жасағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Алайда, облыстық соттың апелляциялық алқасы 14 наурызда жазаны жеңілдетіп, оның мерзімін үш жылға қысқартқан. Сотталушы түзету мекемесінде 1 жыл 7 ай 25 күн болды.
Талғат Райымбек.
Дерек, фото: tengrinews.kz.