Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің ұйымдастыруымен Үкіметтің 2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі мен Үкіметтің есебіне қорытынды болып табылатын Есеп комитетінің есебі таныстырылды. Тұсаукесерге палата Төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаева қатысып, шараны комитет жетекшісі Гүлжан Қарақұсова жүргізіп отырды.
Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өз сөзінде былай деді: «Республикалық бюджетке 2015 жылы 6 251,1 млрд. теңге түсті. Бұл – жоспардың 105,6%-ы. 2015 жылғы республикалық бюджеттің шығыстары 99,8%-ға немесе 7 163,2 млрд. теңге сомасында атқарылды. 2014 жылмен салыстырғанда шығыстар 93,5 млрд. теңгеге өсті. Шығыстар саласында бюджет саясатының басымдығы әлеуметтік міндеттемелерді бірінші кезекте қаржыландыруға берілді. 2015 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген зейнетақылар, әлеуметтік жәрдемақылар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне жалақы төлеу уақтылы және толық көлемінде қаржыландырылды».
Б.Сұлтанов, сондай-ақ, әлеуметтік салаға арналған шығыстар 2 819,3 млрд. теңгені құрағанын атап көрсетті. 2015 жылы республикалық бюджеттің шығыстарында олардың үлесі өсіп, 39,4% болды. Бұл ретте 2015 жылы білім беруге – 444,0 млрд. теңге, денсаулық сақтауға – 657,5 млрд. теңге, әлеуметтік көмекке – 1 612,7 млрд. теңге, мәдениетке, спортқа, туризм мен ақпараттық кеңістікке 105,0 млрд. теңге жұмсалды. Әлеуметтік шығыстармен қатар бюджет шығындарының жоғары деңгейі инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларға, ауыл шаруашылығын дамытуға тура келеді. Мәселен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа – 256,0 млрд. теңге, отын-энергетика кешеніне және жер қойнауын пайдалануға – 79,9 млрд. теңге, ауыл, су, орман, балық шаруашылығына және қоршаған ортаны қорғауға – 240,8 млрд. теңге, өнеркәсіп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіне – 13,8 млрд. теңге, көлік және коммуникацияға 525,6 млрд. теңге жұмсалды, деді Қаржы министрі.
Есеп комитетінің мүшесі Жансейіт Сәрсенқұлов өз сөзінде 2015 жылы республикалық бюджеттің атқарылуын бағалаудың негізгі қорытындыларына тоқталды. Үкімет республикалық бюджет түсімдері бойынша нақтыланған жоспарлы параметрлер мен шығыстар бойынша міндеттемелерді орындағанын атап өтті. Сонымен бірге, оның айтуынша, республикалық бюджет параметрлерінің бірнеше мәрте нақтыланғанына және түзетілгеніне қарамастан, республикалық бюджеттің игерілмеген қаражатының сомасы 7,8 млрд. теңгені, тиімсіз пайдаланылғаны 459,2 млрд. теңгені құраған.
Бұдан басқа, ол 2015 жылы Есеп комитеті 4,9 трлн. теңге мөлшеріндегі бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін қамти отырып, 27 бақылау іс-шарасын жүргізгенін хабарлады. Сомасы 1,6 трлн. теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталған, бұл 2014 жылмен салыстырғанда, 2,6 есеге көп. Қалпына келтіруге жататын 185,7 млрд. теңгенің мерзімі келген 135,4 млрд. теңгесі немесе 70 пайыздан астамы өтеліпті. «Процестік шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына 40 бақылау материалы жіберілді. Есепті кезеңде 75 заңды тұлға және 66 лауазымды адам әкімшілік жауаптылыққа, 271 лауазымды адам тәртіптік жауаптылыққа тартылды», – деп мәлімдеді Ж.Сәрсенқұлов.