Жерорта теңізіне құлады
Кеше Египеттің EgyptAir аэрокомпаниясының Airbus А320 ұшағы Жерорта теңізінің үстінде ұшып келе жатып апатқа ұшырады. Ақпарат құралдары хабарлағандай, Парижден Каирге бет алған MS804 рейсін орындаушы әуе кемесі Египет жағалауына 80 шақырым қалғанда теңізге құлаған. Әуелгіде компаниядағылар лайнердің Грекия әуе кеңістігінде радардың бетінен жоғалып кеткенін жеткізді. Соңынан оның Мысырдың аумағына өтіп үлгергені анықталды.
Аэробусты іздеуге Египет пен Грекияның әскери авиациялары атсалысты. Авиакомпания сондай-ақ болған оқиғаға байланысты шұғыл түрде жедел штаб құрды. Оның құрамына барлық авиациялық қызметтің өкілдері кірді.
Бірқатар БАҚ-тардың мәліметтерінше, EgyptAir ұшағы жоғалмас бұрын онымен байланыс үзіліп қалған. Экипаж соған дейін пилоттар кабинасынан түтін шыға бастағанын жеткізіп үлгерген. MS804 рейсі Париждің «Шарль де Голль» аэропортынан 18 мамыр күні жергілікті уақытпен 23:09 сағатта ұшып шыққан. Оның бортында 58 жолаушы мен 10 экипаж мүшесі болған. Олардан ешкім аман қалған жоқ.
Кейіннен жоғалған ұшақтың қиранды қалдықтары гректің Карпатос аралының оңтүстік бетінен табылғаны белгілі болды.
«Егемен-ақпарат»