Маусым айында Астанада әскери оркестрлердің «Әлем аспабы-2016» фестивалі өтеді. Осы байқауда алғаш рет қазақы нақыштағы әуендер шырқалады.
Фестивальға Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің әскери оркестрлері қатысады. Біздің елден байқауға Қарулы Күштердің ұлттық әскери-патриоттық орталығы әскери оркестрінің музыканттары қатысып, сазгерлеріміздің танымал музыкалық шығармалары мен қазақтың халық әндерінен құралған попурриді айтады.
Музыканттар репертуарында «Дос-Мұқасан» вокалды-аспаптық ансамблінің әуендерінен құралған попурри, халық әні «Белес-белес», Б.Желдірбаевтің «Шабыт шыңында» атты шығармалар бар. Одан басқа, әр елдің әскери оркестрі 8-10 минуттық дефиле ұсынады. Қазақстандық музыканттардың жаңа бағдарламасында оркестрдің әртістері ғана емес, құрмет қарауылы ротасы мен Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблінің бишілері де өнер көрсетеді.
Фестивальдің гала-концерті 8 маусымда «Астана Опера» театрының алдында өтеді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»