оның туған күніне орай түсірілді
Әнші Батырхан Шүкеновтің «Әсел» әніне жаңа клип түсірілді. «Батырхан Шүкенов атындағы қоғамдық қор» бұл бейнебаянды марқұм әншінің туған күніне орай дайындаған екен.
Әділ Шекіловтің әніне түсірілген бейнебаянда Батырхан Шүкеновтің сирек кездесетін кадрлары, оның достары, әріптестері енген. Сонымен қатар, гастрольдік сапарда жүрген сәттері, студиядағы түсірілімдер және 1993 жылы жазылған «Джулия» әнінің эпизодтары көрініс тапқан.
Аталған қордың қызметкерлері жаңа клиптегі кейіпкердің ойдан құрастырылғанын мәлімдеді. Ал алдағы уақытта Батырхан Шүкенов жайлы көркем фильм түсіру жоспарда бар. Бірақ қаржының тапшылығынан әзір бастауға мүмкіндік болмай тұрған көрінеді.
– Ол сондай мейірімді жан еді, ешкімге дауыс көтеріп сөйлеген емес. Өзінің ерекше дарынымен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Біз бұл бейнебаянда Батырханның өмірдегі келбетін барынша шынайы көрсетуге талпындық, – дейді әнші атындағы қоғамдық қордың атқарушы директоры Жеміс Исабаева.
Айта кетейік, A’Studio тобының экс-әншісі 2015 жылдың 28 сәуірінде Мәскеу қаласында жүрек талмасынан қайтыс болған еді.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»