Кеше қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің WBC нұсқасы бойынша орта салмақта Әлем чемпионы атағын алғаны белгілі болды. Бұған ол мексикалық Сауль «Канело» Альварес осы салмақтағы чемпиондығы атағынан бас тартқаннан кейін қол жеткізді. Осылайша бұрынғы WBA (Super), IBO, IBF чемпиондықтары қатарына тағы бір версияны қосты.
«Дүниежүзілік «Golden Boy Promotions» бокс кеңесі Сауль «Канело» Альварестің орта салмақтағы WBC белдігінен бас тартқаны туралы ресми мәлімдеме алды. Осыған орай Геннадий Головкин WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы Әлем чемпионы атанды. WBC «Канелоға» мансабында сәттілік тілейді, болашақта Головкин-Альварес жекпе-жегін көруге үміттіміз», – делінген ұйым таратқан хабарламада.
Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль Альварес командалары 24 мамырда екі боксшының алда өтуге тиісті жекпе-жектері туралы келісімге келулері керек-тін. Онда келісім болмаған жағдайда промоутерлік сауда жүргізілуге тиіс еді. Осы тұста GGG промоутері Том Леффлер арада тағы бір промоутерлік ұрыс өтуіне немесе «Канеломен» шайқасты кейінге қалдыруға жол берілмейтінін анық байқатты. Ал соның алдын мексикалық былғары қолғап шебері жекпе-жектен бас тартса, титулдан айырылып, қазақстандық тарлан WBC-тің толыққанды чемпионы атанатыны айтылған.
Дегенмен, Головкиннің промоутері мексикалық боксшының бас тартуы өз жоспарларына өзгерту әкеле алмайтынын, шайқас өткізудің жолдары бәрібір қарастырыла беретінін жеткізді. Бұл жағдайға белгілі бокс шебері Флойд Мэйвезер сәл басқаша баға беріп отыр. Ол «Канелоға» Головкиннің емес, Головкинге «Канелоның» керек екенін айтады.
Шаршы алаңдағы шайқас жағдайының өзгеріп кетуіне байланысты қазір қазақстандық боксшының жуық арада Ланиэль Джейкобспен жекпе-жекке шығатыны белгілі болды.
Руслан ИГІЛІК