Жуырда Жамбыл облыстық қазақ драма театры ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және өнер шаңырағының 80 жылдық мерейтойына орай шығармашылық елордада есеп берді.
Театрдың гастрольдік қойылымдары Жастар театрында көрсетілді. Қала қонақтары Жамбыл театры қойған Қазақ хандығының құрылу тарихы баяндалатын Қ.Ысқақ пен Ш.Құсайыновтың «Қазақтар» тарихи драмасын ерекше ықыласпен тамашалады.
Туған ел мен туған жерді қорғау идеясын насихаттап, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында сахналанған Ә.Файзуллаұлының «Алтын адам» аңыз-ертегісі астаналық жастар мен кішкентай бүлдіршіндердің көңілінен шықты.
Әсіресе, аталмыш театрдың әйгілі композитор Ш.Қалдаяқовтың өмір жолының көпшілікке беймәлім тұстары мен тылсым сәттері суреттелетін И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық драмасын көрермен қауым ризашылықпен жылы қабылдап, жамбылдық әртістердің өнеріне тәнті болды. Көрермен көзайымына бөленіп, көпшілік көңілінен шыққан театр ұжымына Мәдениет және спорт министрінің, сондай-ақ Астана Жастар театрының Алғыс хаттары табыс етілді.
«Егемен-ақпарат»