Қылмысты қатаң жазамен тыя аласың ба?
Жақында ғана Филиппин елінде президенттік сайлау өтіп, 71 жастағы Родриго Дутерте билік тізгінін ұстады. Арада тура бір апта өткенде ол елде өлім жазасын енгізу ниеті бар екенін мәлімдеді. Бұл кездейсоқ, күтпеген жағдайда айтыла салған сөз емес, сайлау науқаны кезінде оны ашық айтқан, өзінің жұртқа ұсынған бағдарламасының бір ұстанымы ретінде көрсеткен. Тек өлім жазасы ғана емес, қылмыспен күресте ешқандай аяушылық болмайтынын, полиция қызметкерлеріне қымыскерлер қарсылық көрсетсе, сондай-ақ, ұйымдасқан қылмыскерлерді ұстаған кезде көздеп оқ атуға да рұқсат беруді заңдастырмақ көрінеді. Мұндай пікірді халық қолдайтынын Дутертенің сайлауда жеңіп шыққанынан да аңғаруға болғандай еді. Бұл жаңа президенттің жай ұсыныстары ғана емес, оның бұған дейін елдің оңтүстігіндегі Давао қаласының мэрі болған кезде жүзеге де асырған ісі болды. Сонда ол қылмыскерлерді ұстап, оны сотқа беріп жатпай, атып тастай салуға нұсқау да жасаған болар, сол қалада мыңнан астам қылмыскердің «ұстау кезінде» қаза тапқаны белгілі. Сол үшін оған халық, журналистер тарапынан «жазалаушы», «ажал батальонының мэрі» деген атақ та берілген. Филиппин – Тынық мұхиттағы Тайвань мен Индонезия арасында сансыз аралдарда орналасқан үлкен ел. 80 миллионнан астам халық тұрады. Сансыз арал дегенде, 7 мың аралдың 1 мыңнан астамын халық мекендейді. Сол адамы бары, жоғы бар аралдарда қылмыс жасауға да жағдай көп тәрізді. Содан да олармен аяусыз күресуді айрықша назарда ұстау да заңды дерсің. Бірақ бүкіл әлемде жазаны жұмсарту, адам өмірін қиюға бармау идеясы қолдау тауып тұрғанда, өлім жазасын енгізуден бұл елге басқалардың ықыласы ауа қоймауы мүмкін. Керісінше, оны адам құқын шектеу, қаталдық, қайырымдылыққа қайшы деп сипаттау орын алар. Ал бұл елде өлім жазасына кесу осыдан он жыл бұрын, яғни 2006 жылы тоқтатылған болатын. Өлім жазасына кесуден әлемнің көптеген елдері, ең алдымен Еуропа елдері бас тартып отыр. Бұл қатаң жаза біршама мұсылман елдерінде сақталған. Содан да католицизмді ұстанатын Филиппин елінде бұл жазаны енгізуге талпыныс біраз жұртты таңдандырған. Қазіргі кезде бұл жазаға рұқсат беріп қана қоймай, оны кеңінен жүзеге асыратын елдер қатарында ең алдымен Иран, Пәкістан, Сауд Арабиясы, АҚШ, сондай-ақ Қытай аталады. 2015 жылдың есебі бойынша 1600 рет өлім жазасы қолданылған болса, соны жоғарыда аталған елдер бөліседі. Бірінші орында – Иран, өткен жылы онда осындай 977 жаза қолданылыпты. 2002 және 2008 жылдары мораторий жарияланса да, оған қайта оралды. Және көбейтіп те отыр. Не үшін дегенде, есірткі саудалағаны, біреуді өлтіргені, зорлағаны, қарулы тонауды жүзеге асырғаны, құдайға тіл тигізгені, сатқындық, парнографияны таратқаны үшін деп біразға созылады. Басқа бір елдерде айыппұлмен ғана құтылатын кей қылмыс үшін мұнда жаныңды беруге тура келеді. Екінші орын – Пәкістанда. Мұнда 2014 жылға дейін өлім жазасына тыйым болса, былтыр қайта бастаса да қарқынды бастады – 320 адамды дарға асты. Алғашқы болып ресейлік Ахлас Ахлах деген біреу бұрынғы президент Мушаррафқа қастандық әрекеті үшін өлімге кесілді. Сауд Арабиясындағы бір жаза да жұрттың есінде. Халықтың бірлігін бұзды, араздық тудырды деген айыппен шииттік қайраткер шейх Нимр ан-Нимрдің дарға асылуы Саудия мен Иранның арасын жапты. Жалпы, бұл елде өткен жылы 158 адамды дарға асқан. Енді осынау қатаң жазаны Филиппин елі қолға алатын түрі бар. Оған ел басшысы бас болып кіріспек. Уды у қайтарады деген бар. Ал өлімді өлім қайтаратынына көңіл сене қоймайды. Өлім көбейетін сияқты көрінеді... бұл, әрине, біздің пайымымыз. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист
•
20 Мамыр, 2016
Дүбірге толы дүние
247 рет
көрсетілді