• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2016

Тамыры терең идея

322 рет
көрсетілді

Мәңгілік Ел – дамуымыздың темірқазығы Ел болашағының баянды болуы білім беру жүйесінің сапасы мен ғылыми жетістіктердің деңгейіне байланысты екені әлемдік тәжірибеден белгілі. Сондықтан әлемдік стандарттар мен ұлттық мүдде талаптарына сай келетін жоғары білім жүйесін құрып, дамыту Қазақстан Республикасының негізгі мемлекеттік басымдықтарының бір болып отыр. Ел алдындағы осы маңызды міндетті жүзеге асыруға елор­дамыздағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті айтарлықтай үлес қосып келеді. Университеттің бүгінгі таңда Еуроодақ, Америка, Азия және Африка, ТМД елдеріндегі 150-ден аса ЖОО-мен, ғылыми орта­лықтармен және ғылыми ұйым­дармен ынтымақтастық орнатуы, 2012 жылы «Қызмет көрсетуші үздік кәсіпорын» аталымы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сый­лығын, 2014 жылы ТМД елде­рінің өнім мен қызмет көрсету сапасы саласындағы сыйлығын алуы, мемлекеттік гранттар мен «Алтын белгi» төсбелгісі иелерінің, халықаралық және республикалық олимпиадалар мен «Болашақ» стипендиясы жеңімпаздарының саны жағынан республика жоғары оқу орындары арасында көшбасшылық орын алуы соның бір дәлелі және уни­верситет басшылығы мен про­фессорлық-оқытушылар құра­мы­ның сан жылғы қажырлы еңбе­гінің нәтижесі. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тағы бір ерек­шелігі – елімізде түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығын дамыту ісіне ғылыми еңбектер даярлап, шәкірттер тәрбиелеу арқылы үлес қосуы. Бүгінгі таңда жалпыадам­зат өркениетіндегі «түркі фено­менінің» тұғырын бекіту, тарихи тамыры бір түркітілдес елдердің өзара ынтымақтастығы мен ықпалдастығын арттыру, түркі әлемінің мәдени-рухани тұтастығын қамтамасыз ету, жалпытүркілік құндылықтарды құрмет тұтатын ұрпақ қалыптастыру – түркі әлеміне ортақ міндет болып отыр және осы бағыттағы жұмыстар жылдан жылға өріс ала түсуде. Жаһандану үдерісіне түркілік болмыс-бітімімен араласа алатын, жалпытүркілік мүддеге қызмет ететін ұрпақ тәрбиелеу – түркітану ғылымын жан-жақты дамытумен, арнайы кәсіби мамандар дайындаумен ұштасатын стратегиялық маңызы бар – келелі іс. Түркі әлемінің мәдени-рухани құндылықтарын сақтау, түркі өркениетінің жал­пыадамзаттық өркениеттегі алатын орнын бағамдау, қазіргі заманғы түркілік проблемаларды айқындау және тереңдеп зерттеу мәселелерінің нәтижелі болуы да білікті түркітанушы мамандар дайындаумен ұласып, әлемдік озық тәжірибе мен тұрақты даму қағидаттарына негізделген жалпытүркілік ғылыми-білім кеңістігін құруға жол ашады. Осы ретте кәсіби түркітанушы маман дайындау, іргелі түркологиялық ғылыми-зерттеулерді жүзеге асыру ісінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ еліміздегі көшбасшы оқу орны болып табылатындығын атап көрсете кетсек артық болмас. Қазақстанның Болон декларациясына қол қоюына, оқытудың кредиттік технологиясының енгі­­зілуіне және үш деңгейлі бі­лім жүйесіне көшуіне сәйкес Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетіндегі фи­лоло­гия факультетінің жалпы тіл бі­лімі кафедрасында 2008 жы­лы түркі тілдері, түркі жазба ескерткіштерінің тілі ма­мандықтары бойынша ма­гис­тратура, 2009 жылы түр­­кі­тану мамандығы бойынша бака­лав­риат ашылды. 2010 жы­­лы Ха­лықаралық қатынастар фа­куль­те­тінде түркітану кафедрасы құ­рылып, 2011 жылы түркітану ма­­мандығы бойынша докторантура жұмыс істей бастады. Үш дең­гейлі түркітану мамандығының мем­лекеттік жалпыға міндетті білім стандартын дайындауға университет ғалымдары белсене қатысты. Мамандықтың типтік оқу бағ­дарламалары да университеттің түркітану, жалпы тіл білімі, қазақ тіл білімі, қазақ әдебиеті кафедралары оқытушылары тарапынан дайындалды. Лингвистикалық түркітану бойынша оқулықтар кешенін дайындау мәселесі қолға алынуда. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде түркітану мамандығы бойынша республикалық оқу-әдістемелік кеңес жұмыс істейді. VІ-ІХ ғасырларда хатқа түскен Орхон мұраларында көрініс тапқан көне түркілердің Beŋgü Еl идея­сы бүгінгі Қазақ елінің ұлттық идеологиясының алтын қазығына айналып отыр, Елбасымыз «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында: «Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық Патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел!» деген еді. Түркітану кафедрасында түр­­­­кітектес халықтардың ті­лін, әдебиетін, тарихын, этнографиясын, мәдениетін, т.б. рухани, мәдени құндылықтарын диахрониялық және синхрониялық тұрғыдан зерттейтін кешенді ғылым саласы – түркітанудың теориялық-методологиялық не­гіздерін мең­герген кәсіби түр­кітанушы маман дайындаумен қатар, түркілік геосая­си феномен, түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасы, көне түркі жазба ескерткіштері, түркі руникасының даму жолы, қыпшақ жазба ес­керткіштері, түркі тілдерін салыстырмалы-тарихи аспектіде зерттеу, Қазақстандағы түркі тілдері мен мәдениеті және тағы басқа мәселелер бойынша іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Мағрипа ЕСКЕЕВА, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті түркітану кафедрасының профессоры, Гүлғайша САҒИДОЛДА, қазақ тілі білімі кафедрасының профессоры