• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2016

Сексеннің сеңгірінен сөйледі ақын

345 рет
көрсетілді

Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында ақын, кинодраматург, публицист, зерттеуші-ғалым, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменовтің 80 жасқа толуына орай ұйымдастырылған шығармашылық салтанатты кеш үлкен табыспен өтті. Осынау мерейтой салтанатына алыс және жақын шетелдерден көптеген көрнекті мәдениет қайраткерлері келіп, қуанышты бірге бөлісті. Режиссер Әнуар Мұстафиннің Олжас ақын туралы түсірген «Ме­нің жолым» деп аталатын деректі фильммен басталған жыр кешінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мерейтой иесіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы жолдаған құттықтау хатын оқып беріп, ақын шығармашылығы жөнінде жылы лебізін білдірді. Құрметті қонақтар қатарында қатысқан Қазақстан Жазушылар одағы бас­қармасының төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин мен Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов, сон­дай-ақ, бұлбұл әнші Бибігүл Тө­легенова сахнаға шығып, қа­зақтың әлемдік дәрежеге көте­рілген ақиық ақынын, аймаңдай азаматын мерейтойымен құттық­тап, өткен күннен естелік айтты. Күміс көмей әнші Роза Рымбаева, «Жетіген» триосы мен басқа да өнер жұлдыздарының өнерін тама­шалаған кеш қонақтары Олжас ақынның поэзиясынан сусындап, рух алып қайтты. Осы мерейтой аясында Қазақ­стан Республикасы Ұлттық кі­тапханасында да салтанатты ша­ра болып өтті. Мемлекет және қо­ғам қайраткері Мұрат Әуезов жүргізген алқалы жиында белгілі ақын, «Жұлдыз» журналының редак­торы Ұлықбек Есдәулет өлең оқып, ақын ағасының шығар­машылығына тоқталса, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Маралтай Райым­бекұлы өлең арнады. Кездесу аясында ақынның әр жылдары жазған сүбелі туындыларынан құрастырылған көлемді жинақ – «Олжас Сүлейменов» деп аталатын ғылыми-көмекші ретроспективтік библиографиялық көрсеткіштің тұсауын Қазақстан­ның халық әртісі Асанәлі Әшімов пен Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген сәулетшісі Шот-Аман Уәлихан кесіп, аталмыш жинақтың ұлт құн­дылығын асқақтату жолында аса қажетті көрнекі құрал әрі құ­жат­тық еңбек екендігін атап өтті. Шы­ғармалар жинағына ақынның қазақ және орыс тіліндегі үздік шығар­ма­ларымен қатар, тарихи хро­ноло­гиялық суреттер де енгізілген. Іргелі библиографиялық жұ­мыс Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының бірегей қорының негізінде жасалып, тұңғыш де­рек­көз Олжас Сүлей­меновтің «Ли­те­ратурная газетада» Леонид Мар­ты­новтың сәт сапары ретіндегі алғысөзімен 1959 жылы жарық көр­ген «Мой народ», «Вода», «В степи» өлеңдерінен бастау алған. Хронологиялық дереккөздер тізімі бүгінде ақынның 4000-ға жуық жекелеген шығармалары және ол туралы әдебиеттер, өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар топтастырылған бұл сүбелі жинақта Андрей Вознесенский, Роберт Рождественский, Римма Казакова секілді тұлғалардың туындылары әлем әдебиетіне енген көркемсөз алыптары мен қоғам қайраткерлерінің Олжас ақынға арнаған поэмалары мен өлеңдері, жылы лебіздері бар. Ғылыми-библиографиялық көр­­сеткіш қазақ, орыс және әлем­­нің алуан халықтарының ті­­лінде жазылған еңбектерден тұ­рады. Ағылшын, француз, неміс, араб, болгар, бенгал, якут, швед және басқа да тілде жан-жақты сипатталған еңбекті құрастырушы белгілі шығыстанушы-ғалым, профессор Сафар Абдулло бұл хронологиялық көрсеткіштің филологтар, ғылыми қызметкерлер мен зерттеушілер, кітапханашылар мен ізденуші қалың оқырман үшін баға жетпес қазына екендігін жеткізді. Тұсаукесер аясында Қазақ­стан Республикасы Ұлттық кітап­ханасы қорынан әсем безен­дірілген «Олжас әлемі» атты ака­­демиялық кітап көрмесі ұйым­дастырылып, мерейтой иесі­нің шығармашылығы мен өмі­рін қам­тыған бейнематериал көрсетілді. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ Суретті түсіргендер Юрий БЕККЕР, Айтжан МЫРЗАНОВ